Accessibility links

Чехиядағы Палестина елшісі жарылыстан өлді


Прага қаласы. Көрнекі сурет

Прага қаласы. Көрнекі сурет

Чехия астанасы Прага қаласында 1 қаңтар күні жарылыстан зардап шеккен Палестина дипломаты қайтыс болды. Жергілікті полиция болған оқиғаны "кездейсоқ болған бақытсыздық" деп сипаттады.

56 жастағы Палестинаның Чехиядағы дипломатиялық миссиясының басшысы Джамал әл-Джамал 20 жылдан астам уақыт құлыптаулы тұрған сейфті ашпақ болған. Чех полициясы сейфке арнатылған арнайы қауіпсіздік құрылғысы іске қосылып кеткен деп болжайды.

"Сейф елшіліктің көне ғимаратының бір бөлмесінде қараусыз тұрған. 20-25 жыл оған ешкім тимеген" деп мәлімдеді Палестинаның сыртқы істер министрі Рияд Малики AP агенттігіне. Палестиналық ресми өкілдер марқұм елшінің сейфті елшіліктің ескі ғимаратынан жаңа ғимаратына ауыстырмақ болғанын айтады.

Әл-Джамалдың 52 жастағы зайыбы деп сипатталған әйел де жарылыстан соң ауруханаға түскен.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Праганың Сухдол шағынауданындағы үйде болған жарылыстан басқа ешкім зардап шекпеген.

Палестина билігі оқыс оқиғаны тексеріп жатқан Чехия полициясына көмектесу үшін арнайы делегация жіберетінін хабарлады.

БҰҰ мен Израиль палестиналықтардың өкілі ретінде мойындайтын Палестинаны азат ету ұйымы (PLO) Еуропаның бірқатар қаласында дипломат ұстайды. Прагада олардың миссиясы орналасқан. Қаза тапқан Палестина елшісі былтырғы қазан айында қызметке кіріскен болатын.
XS
SM
MD
LG