Accessibility links

Батыс елдері: Дамаск келіссөздерді тығырыққа тіреді


Сирия сыртқы істер министрі Валид әл-Муаллем.
Сирия сыртқы істер министрі Валид әл-Муаллем.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри, Ұлыбритания сыртқы істер министрі Уильям Гааг пен Франция сыртқы істер министрі Лоран Фабиус Женевадағы Сирия бейбіт келіссөздерінің тығырыққа тірелуін осы елдің президенті Башар Асадтан көрді.
АҚШ мемлекеттік департаменті таратқан мәлімдемесінде Сирия билігінің кедергі жасауы онсыз да күрделі өтіп жатқан келіссөздерді одан ары тығырыққа тіреді деп айыптайды.

Бұған дейін Лоран Фабиус Асад билігі "кез-келген прогресстің жолын кесті" деп мәлімдеген еді. Ұлыбритания сыртқы істер министрі Уильям Гааг келіссөздердің тығырыққа тірелуіне "Дамаск толық жауапты" деген.

Ал Сирия сыртқы істер министрі Валид әл-Муаллем Женевадағы келіссөздердің екінші кезеңінде "келеңсіз ахуал туындатты" деп Вашингтонның өзін айыптайды. БҰҰ мен Араб Лигасының Сирия келіссөздерінде араағайындық етіп жүрген өкілі Лахдар Брахими Сирия тұрғындарынан келіссөздердің болмай қалғанына байланысты кешірім сұрады.

Сирия жөніндегі бейбіт келіссөздердің екінші кезеңі 14 ақпанда өтеді деп жоспарланған еді. Бірақ келіссөздерге қатысып жатқан қарсы екі тарап - Сирия үкіметі мен оппозиция өкілдері оның тығырыққа тірелгенін хабарлаған. Оппозиция өкілдері "Сирия президенті Башар Асад орнынан кетсін" деген талап қойып отыр. Ал үкімет өкілдері келіссөздер "терроризм" мәселесін шешуі керек дейді.

Келіссөздердің үшінші кезеңі өткізілетін мерзім әлі белгіленген жоқ. Мұның өзі бейбіт келіссөздердің болашағына қатысты алаңдаушылық тудыра бастады.
XS
SM
MD
LG