Accessibility links

Джон Керри: Ресейге санкциялар салынуы мүмкін


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Ресейді "ойдан шығарылған себептер арқылы Украинаға басқыншылық жасап отыр" деп айыптады. Ол Ресейдің бұл әрекетін "үлкен қателік" деп атады.

2 наурызда телеарнадан сөйлеген Керри АҚШ пен бірқатар елдердің Ресейге санкциялар салып, оның салдары бұл елді экономикалық тұрғыдан оқшаулап тастайтынын ескертті.

Керридің айтуынша, Ресейдің ұстанып отырған саясаты 21-ғасырға емес, 19-ғасырға тән және Ресей Украинаға қатысты саясатынан бас тартпаса "Үлкен сегіздік" елдері маусымда өтуі керек Сочи саммитіне жиналмауы мүмкін.

Джон Керри Ресейде ірі инвестициялық және сауда мүдделері барын айтып, "Үлкен сегіздік" елдері Украинада болып жатқан оқиғаларға қатысты бір көзқарасты ұстанатынын ескертті. Өзі сөйлескен елдердің сыртқы істер министрлеріне сілтеме жасаған Керри олардың Ресейді оқшаулауға дайындалып жатқанын айтты. "Біз Ресеймен барлығы ойдағыдай болып жатқандай кейіп танытып, ынтымақтаса алмаймыз" деді Керри.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Ресейге жаңа визалық санкциялар, активтерді бұғаулау, сауда және инвестициялық шектеулер салу жайы қарастырылып жатқанын да айтты.

"Рубль мұның салдары қандай боларын қазірдің өзінде сезіп, құнын түсіре бастады" деді Керри.

"Владимир Путин бұдан ештеңе ұтпайды. Ол Қырымда біраз уақыт әскерін ұстап тұратын шығар. Бірақ ол халықаралық аренадағы беделін, Ресей мен ресейліктердің беделін жоғалтып, олимпиадада 60 миллиард АҚШ долларын жұмсап жиған абыройын төгіп алды. Сочиде "Үлкен сегіздік" елдерінің саммиті болмайды. Егер бұл жағдай жалғаса берсе, Ресей "Үлкен сегіздіктен" шығып қалады" деді Джон Керри.

1 наурыз күні Ресейдің федерации кеңесі бірауыздан Ресей қарулы күштерін Украина территориясында пайдалану туралы Путин ұсынысын қолдады. Ресей президенті Владимир Путин федерация кеңесінен "жағдай тұрақтанғанша Украина территориясында әскер пайдалануға" рұқсат сұраған еді. Ресей парламентінің жоғарғы палатасы - федерация кеңесі спикері Валентина Матвиенконың айтуынша, қаулы қабылданған мезеттен бастап күшіне енген.
XS
SM
MD
LG