Accessibility links

БҰҰ Иракқа қолдау көрсетуге шақырды


Ирак әскерилері тастап кеткен әскери көліктер мен киімдері. Мосул, Ирак, 11 маусым 2014 жыл.

Ирак әскерилері тастап кеткен әскери көліктер мен киімдері. Мосул, Ирак, 11 маусым 2014 жыл.

БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун халықаралық қауымдастықты исламшыл содырлар шабуылына ұшыраған Иракқа қолдау көрсетуге шақырды.

11 маусым күні "Әл-Қаидамен" байланысы бар "Ирак және Левант ислам мемлекеті" ұйымының содырлары Тикрит қаласын басып алған еді. Бұдан бір күн бұрын олар Ирактың екінші ірі қаласы Мосулды алып, 80 түрік азаматын тұтқындаған.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бүгін, 12 маусымда Ирактағы жағдайды талқылайды.

АҚШ президенті әкімшілігі "Ирактағы жағдай соңғы тәулікте күрт шиеленісіп кетті" деп мәлімдеді. АҚШ мемлекеттік департаменті өкілі Джен Псаки "АҚШ-тың бүлікшілермен күресіп жатқан Иракқа көмектесуі мүмкін екенін" хабарлады. Бірақ ол қандай көмек болатынын ашып айтпады.

АҚШ билігінің жоғары шенді өкілі "Вашингтонның Иракқа пилотсыз ұшақ жіберу жайын қарастырып жатқанын" айтты.

Ирак премьер-министрі "Мосулды содырлардан күшпен қайтарып алуға" уәде берді. Ол бұған қоса, "қаланы басып алуға көмектескен командирлер жазалануы тиіс" деді.

Кейбір ақпараттарға қарағанда, содырлар қаланы басып алған кезде үкімет жасақтары арнайы киімдерін тастап, қаладан кетіп жатқан тұрғындарға қосылып кеткен.

Соңғы дерек бойынша, қазірге дейін қаладан 500 мыңға жуық тұрғын қашып шыққан. Мосул мен оның маңындағы елді мекендерде 2 миллионға жуық адам тұрады.

Ирак парламенті бүгін премьердің елде төтенше жағдай жариялау туралы ұсынысын талқылайды.

Ирак сыртқы істер министрі Хошияр Зебаридің айтуынша, "Бағдад Мосулдан содырларды ығыстырып шығару үшін жартылай автономиялық Күрдістан аймағы армиясының көмегіне жүгінбек". Бірақ ол операцияның қалай іске асатынын егжей-тегжейлі айтпады.

"Ирак және Левант ислам мемлекеті" ұйымы қаңтар айында елдің батысындағы Анбар провинциясының Рамади және Фаллуджа қалаларының бір бөлігін басып алған еді.

"Ирак және Левант ислам мемлекеті" ұйымы Сирияның солтүстік-шығысындағы Әл-Ракка провинциясында да шабуылдар жасап тұрады. Ұйым Ирак пен Сирия шекарасының екі жағындағы аймақтарды қосып, ислам мемлекетін құрғысы келеді.
XS
SM
MD
LG