Accessibility links

Украинада жікшілдер әскери тікұшақты атып түсірді


Славянск маңындағы украин әскерилері. Донецк облысы, 10 маусым 2014 жыл.

Славянск маңындағы украин әскерилері. Донецк облысы, 10 маусым 2014 жыл.

Донецк облысындағы Славянск қаласы маңында Украинаның антитеррористік операцияларына қатысып жүрген МИ-8 тікұшағы атып түсірілді деп хабарлады 24 маусым күні кешке операция барысын хабарлау тобының жетекшісі Владислав Селезнев Facebbok-тегі парақшасында.

Оның жазуынша, Карачун тауы маңында ұшып бара жатқан тікұшаққа жылжымалы зениттік кешеннен атылған зымыран тиген. Тікұшақ бортында 9 адам болған.

"Алдын-ала ақпараттар бойынша, олардың барлығы қаза тапқан" деп жазады Селезнев.

Оның сөзінше, МИ-8 украиналық блокпостқа жүк жеткізіп қайтып бара жатқан. Бортта Украинаның шығысындағы шиеленісті реттеу бейбіт келісімінің бұзылмауын қадағалайтын құрылғыны орнатқан мамандар болған. "Зымыран атқан сепаратистер жақын маңдағы Былбасовка селосына жасырынды" дейді Селезнев.

Украина ұлттық гвардиясына сілтеме жасаған "Украинская правда" басылымы да ресейшіл сепаратистердің Карачун тауы жанында МИ-8 тікұшағының атып түсірілгенін хабарлады.

23 маусымда сепаратистер Украина президенті Петр Порошенко жариялаған 27 маусымға дейін атысты тоқтату режимін сақтауға келісетіндерін мәлімдеген еді. Бірақ соңғы тәулікте бірнеше рет атыс болғаны туралы хабарланып жатыр. Ресми Киев Донецк облысында сепаратистер шекара пунктін бірнеше рет атқылады дейді. Ұрыста екі адам жараланған.

Өзін өзі жариялаған "Луганск халық республикасы" өкілдері Приволье селосында украин әскерилерінің артиллериядан атқылағанын айтады.

XS
SM
MD
LG