Accessibility links

Тәжаяқов сотында жарыссөздер өтіп жатыр


Солдан оңға: Азамат Тәжаяқов, Диас Қадырбаев және Джохар Царнаев. (Диас Қадырбаевтың "ВКонтакте" желісіндегі парақшасынан алынған сурет).

Солдан оңға: Азамат Тәжаяқов, Диас Қадырбаев және Джохар Царнаев. (Диас Қадырбаевтың "ВКонтакте" желісіндегі парақшасынан алынған сурет).

Бостон марафоны кезіндегі терактілерді тексеруге кедергі келтірді деп айыпталған қазақстандық студент Азамат Тәжаяқовтың ісі бойынша Бостонда өтіп жатқан сотта 16 шілде күні тараптардың қорытынды жарыссөздері басталды. The Boston Globe басылымы жазуынша, сәрсенбі күні жарыссөздер үш сағатқа жуық уақытқа созылған.

Сотта айыптаушы тараптың өкілі Джон Капин АҚШ федералдық тергеу бюросы (ФБР) терактіге күдіктілерге іздеу жариялап, фотосуреттерін жариялағаннан кейін Тәжаяқовтың Дартмут университетінде өзімен бірге оқитын Джохар Царнаевтың Бостон жарылысына қатысы барына айғақ боларлық заттарды жатақханадағы бөлмеден алып шығуды ұйғарғанын айтқан.

Тәжаяқовтың адвокаттары болса, Тәжаяқовқа айып Джохар Царнаевтың танысы болғаны үшін ғана тағылып отыр деген пікір білдірген. Олар сот алқабилерін «айғақтарды жойған» деген айыпқа зер салып, жарылыс жасау жоспарынан Тәжаяқовтың бейхабар болғанын ескеруге шақырған.

Бұған дейін дүйсенбі күнгі сотта Дартмут университетінде орнатылған бақылау камераларындағы жазбалардан үзінділер көрсетілген еді. Онда жарылыс болған күннің ертесінде Азамат Тәжаяқов пен терактіні ұйымдастыруда басты күдікті ретінде танылған Джохар Царнаевтың университеттің жаттығу залына бірге кіріп, бірге шыққандары бейнеленген.

Царнаевтың өз жақын достарын алдауға «керемет икемділігі» болғанын және жарылыс ұйымдастыру жоспары жайлы оларға тіс жармағанын айтқан Тәжаяқовтың адвокаты Мэтью Майерс алқабилерді колледж оқушылары әлі балалар екендігін, олардың «басқаша ойлайтындығын» ескеруге шақырған.

Сәрсенбі күні сот тыңдауында жүзден аса адам қатысты, олардың арасында жарылыс кезінде жараланғандардың туыстары да болды.

АҚШ тергеушілері Азамат Тәжаяқов пен тағы бір қазақстандық студент Диас Қадырбаев айғақ заттарды жойып, терактілерді тексеруге кедергі келтірген деп айыптап отыр. Тергеу мәліметінше, жарылыстан соң үш күннен кейін Джохар Царнаевтың Массачусетс университетінде танысқан достары Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев оның пиротехника салынған рюкзагы мен ноутбугінен құтылған.

Диас Қадырбаевқа байланысты қыркүйекте басталатын сот процесі бөлек өтеді. Ол екеуі айыпты мойындамайды.

Айыптаушылардың пікірінше, 20 жастағы Джохар мен оның 26 жастағы ағасы Тамерлан Царнаевтар қолдан жасалған екі жарылғышты Бостон марафоны аяқталар маңға құрып қойған. Жарылыстан кейін үш күннен соң олар қаладан қашпақ болып, полициямен атыста Тамерлан оққа ұшқан. Джохар қазір қамауда отыр. Прокурорлар оған өлім жазасын сұрамақ.

2013 жылы 16 сәуірде Бостон марафонының мәресінде үш адамның өмірін қиып, 260 жанды жарақаттаған жарылыстар болған еді.

XS
SM
MD
LG