Accessibility links

Аштық шарасы өтіп жатқан үйден көшіре бастады


Аштық жариялаған әйелдер сүрілетін үйдің шатырына шығып алды. Астана, 15 тамыз 2014 жыл.
Аштық жариялаған әйелдер сүрілетін үйдің шатырына шығып алды. Астана, 15 тамыз 2014 жыл.

Астанада бірнеше әйел аштық жариялап жатқан бұрынғы саяжай жеріндегі Алтын Червалиеваның үйін бүгін сүруге келгендердің арасында сот орындаушылары, жедел медициналық жәрдем қызметі, полиция мен төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері бар. Ол жерге арнайы техника да барған.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, оқиға орнындағы жағдай шиеленісіп тұр. Бірнеше әйел үйдің алдына көлік шиналарынан құрылған баррикадаға бензин құйып, үйдің шатырына шығып алған.

Сот орындаушылары тұрғындарға жері "мемлекет қажетіне" деп танылған үйдің сүрілетіні туралы қаулыны оқып берген.

Қазір қала аумағына кіргізілген бұрынғы саяжайға үй салған бес әйел аштық акциясын 6 тамыз күні бастаған. Олар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестіруді және қала әкімдігінен үйлерді сүру туралы сотқа берген шағымын қайтарып алуды талап етеді. Бірақ қала әкімдігі олардың талабын "заңсыз" деп, орындалмайтынын айтады.

14 тамыз күні наразылық шарасына қатысушылардың бірі - аяғы ауыр Сандуғаш Серікбаева аштық акциясын тоқтатқан.

XS
SM
MD
LG