Accessibility links

"Аңыз адам" журналының үкімі өзгертілді


"Аңыз адам" журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай (сол жақта) мен шағымданушылар өкілі Николай Жогов сот залында отыр. Алматы, 11 қыркүйек 2014 жыл.

"Аңыз адам" журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай (сол жақта) мен шағымданушылар өкілі Николай Жогов сот залында отыр. Алматы, 11 қыркүйек 2014 жыл.

Алматы қалалық соты нацистер көсемі Адольф Гитлер жайлы материал жариялаған соң дауға қалған "Жұлдыздар отбасы - Аңыз Адам" журналының бір топ ардагерге өтемақы төлеу туралы сот шешіміне қарсы берген апелляциялық шағымын қарады.

Сот басылым төлеуі тиіс өтемақы көлемін азайтты.

Маусым айының басында өздерін "Ұлы Отан соғысы ардагеріміз" деп сипаттаған 13 адам "Жұлдыздар отбасы - Аңыз адам" журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбайдың үстінен сотқа шағым түсірген еді. Арызданушылар журнал Адольф Гитлерді "жақсы жағынан сипаттап, фашизмді насихаттады" деп санайды. ​Арыз иелері Жарылқап Қалыбайдың соғыс ардагерлері алдында жария түрде кешірім сұрауын және шағымданушы 13 адамның адамның әрқайсысына 5 миллион теңгеден - жиыны 65 миллион теңге төлеуін талап еткен еді.

30 маусым күні Алматының Алмалы аудандық соты ол шағым бойынша журнал редакторы Жарылқап Қалыбайды 13 адамның әрқайсысына 1 миллион теңгеден - жиыны 13 миллион теңге төлеуге және екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінен жария түрде кешірім сұрауға міндеттеген.

12 қыркүйектегі сотта басылым шағымын қараған судья Алмалы аудандық сотының шешімін өзгертіп, Жарылқап Қалыбайды шағымданушы 13 адамның әрқайсысына 100 мың теңгеден - жиыны 1 миллион 300 мың теңге төлеуге міндеттеді. Апелляциялық сот үкімнің Қалыбайды екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінен жария түрде кешірім сұрауға міндеттеген тұсын өзгеріссіз қалдырды.

Жарылқап Қалыбай апелляциялық шешіммен келіспейтінін, тағы да шағымданатанын айтты.

"Аңыз адам" журналының апелляциялық шағымын қарау 11 қыркүйекте басталған. Соттың алғашқы күні процеске шағымданушылар атынан өзін Николай Жогов деп таныстырған адам қатысты. Ол сотта журналды оқымағанын, бірақ көршілері түрліше аударып бергенін айтты. Соттың шешімі жарияланған 12 қыркүйек күнгі отырысына шағымданушы жақтан ешкім қатысқан жоқ.

"Жұлдыздар отбасы - Аңыз адам" журналы сәуір айындағы санында нацистер көсемі Адольф Гитлер туралы мақалалар жариялаған соң дауға қалған еді.

XS
SM
MD
LG