Accessibility links

Ұшақ апатында қаза тапқандар жерленді


Су-27 ұшағы. (Көрнекі сурет)
Су-27 ұшағы. (Көрнекі сурет)

Бүгін Талдықорған қаласында әскери ұшқыштар – подполоковник Ерлан Науанов пен подполковник Денис Горбуновты соңғы сапарға шығарып салды. Бұл туралы жергілікті баспасөз құралдары хабарлады.

Қалалық мәдениет сарайында өткен қоштасу рәсімінде Қазақстан қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан қарулы күштері бас штабының бастығы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов, әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, авиация генерал-майоры Нұрлан Орманбетов және Алматы облысының әкімі Амандық Баталов марқұмдардың туған-туыстарына көңіл айтып сөз сөйлеген.

Бұдан соң жиналған жұрт апатта қаза тапқан қос ұшқышты бір минут үнсіздікпен еске алып, марқұмдардың құрметіне әскери қарудан салют атылды. Олардың сүйектері салынған табытты Талдықорғанның орталық көшесімен алып өтті.

Марқұм Ерлан Науанов Талдықорғанға жерленді. Денис Горбуновтың сүйегін оның туған жері - Қостанайға арнайы рейспен алып кетті.

Қыркүйектің 23-іне қараған түні Алматы облысында оқу-жаттығу кезінде Су-27 әскери ұшағы апатқа ұшырап, оның экипажындағы екі адам қаза тапқан еді.

XS
SM
MD
LG