Қазақстан ұлттық кәсіпкерлер палатасы үкметке Еуразия экономикалық одағы аясында сауданы уақытша шектеуді сұрады.
Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі таратқан үндеуде "Теңгенің Ресей рубліне қатысты нығаюы Қазақстан экономикасының өндірістік саласына кері әсер етеді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осыған байланысты ішкі нарықты уақытша сауда шектеулерін қою арқылы ЕАЭО келісімдері рұқсат ететіндей шеңберде қорғау қажет деп есептейді" делінген.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнесті қолдау шарасына ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін кәсіпорындарға субсидия бөлуді ұсынады. Палата бұған қоса кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беруді және бұрын шетел валютасымен берілген займдарды теңгелей қайта қаржыландыруды ұсынады.
Бірер күн бұрын үкімет пен Ұлттық банк алдағы жылға арналған экономикалық саясаттың басты бағыттарын айқындаған мәлімдеме таратқан. Үкімет экономиканы долларсыздандыруды экономикалық саясаттың басты бағыты ретінде атаған.