Accessibility links

Hamburger Morgenpost газетіндегі өртке күдіктілер ұсталды


Францияның Charlie Hebdo журналына жасалған шабуылдан соң шыққан германиялық Der Spiegel басылымының мұқабасы. (Көрнекі сурет)
Францияның Charlie Hebdo журналына жасалған шабуылдан соң шыққан германиялық Der Spiegel басылымының мұқабасы. (Көрнекі сурет)

Бүгін Германия полициясы француздың Charlie Hebdo сатиралық журналында жарияланған карикатураларды көшіріп басқан неміс газетінің редакциясына от қоймақшы болған деген күдікпен екі ер адамды ұстаған.

Билік орындары екі күдіктінің Hamburger Morgenpost басылымы редакциясының ғимаратындағы өрт қаупіне қарсы дабыл құралы іске қосылған соң кеңсе жанынан ұсталғанын хабарлады. Күдіктілерге қатысты өзге ақпарат айтылмайды.

Hamburger Morgenpost басылымының редакциясы бірнеше мұрағат құжаттарының бүлінгені туралы хабарлады. Өрттен ешкім зардап шекпеген.

Биліктің хабарлауынша, өрт жедел сөндірілген. Редакция ғимаратынан бірнеше тас пен жанғыш қоспасы бар бөтелкелер табылған. Бұл оқиғадан соң билік орындары Charlie Hebdo журналындағы саяси карикатураларды көшіріп басқан басқа неміс басылымдарының редакцияларын күзетуге полиция қызметкерлерін жіберген. Германиялық басылымдар Париждегі Charlie Hebdo сатиралық журналы редакциясына террорлық шабуыл жасалған күннің ертеңінде француз басылымында шыққан карикатураларды көшіріп басқан еді.

Қаңтардың 7-сі күні Charlie Hebdo редакциясына қарулы шабуыл жасап, 12 адамды өлтірген терроршылар Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын шығарған басылымнан кек алғандары жайлы айғайлаған болатын.

XS
SM
MD
LG