Accessibility links

Украина "Еуромайдан" құрбандарын еске алып жатыр


Киевте бір жыл бұрынғы халық толқуында қаза тапқандардың портреті алдында шырақ жағып тұрған әйел. Киев, 19 ақпан 2015 жыл.

Киевте бір жыл бұрынғы халық толқуында қаза тапқандардың портреті алдында шырақ жағып тұрған әйел. Киев, 19 ақпан 2015 жыл.

Украинада 20 ақпанда бұдан бір жыл бұрын Киевтің орталығында наразылық шеруін күшпен тарату кезінде қаза болғандарды еске алып жатыр.

2014 жылы ақпанда "Еуромайдан" қозғалысы жақтастары мен сол кездегі билікке бағынышты арнайы қызмет арасында болған қақтығыстан жүзден астам адам мерт болған. Былтыр адам шығыны ең көп болған 20 ақпанда Институт көшесінде милиция арнайы жасағы мергендерінің оғынан 40-тан астам адам қаза тапқан.

Украина президенті Петр Порошенко бұл қайғылы оқиғаларда қаза тапқандарды еске алу және оларға құрмет көрсету ретінде 20 ақпанды "Жүз қаһарман күні" деп жариялаған.

Бүгін қаза тапқандардың туыстарына мемлекеттік марапат - Украина батырының алтын жұлдызы тапсырылып, ел бойынша бір минут үнсіздік жарияланады. Кешке қарай Киевтегі Тәуелсіздік алаңында митинг алдында президент Петр Порошенко сөйлемек.

Украина қауіпсіздік қызметінің басшысы Валентин Наливайченко 2014 жылы ақпанда шерушілерге оқ атқан мергендерді Ресей президентінің көмекшісі Владислав Сурков басқарған деп мәлімдеген. Оның сөзінше, бұл туралы тергеуде Украина қауіпсіздік қызметі "Альфа" арнайы жасағының қызметкерлері айтқан.

Наливайченко бұған қоса 2013 жылдың желтоқсанынан 2014 жылдың ақпанына дейін Киевке жаппай шеруге шығушыларды тарату үшін Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) қызметкерлерінің үш тобы келгенін айтты.

2014 жылы ақпанда "Еуромайдан" шерушілерінің өліміне қатысты істе ондаған адам күдікке ілінген. Олардың арасында Украинаның экс-президенті Виктор Янукович, Украина қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Александр Якименко, бұрынғы ішкі істер министрі Виталий Захарченко бар. Януковис шерушілердің өліміне өзінің саяси бәсекелестерін айыпты санайды

2013 жылы қарашада Киевте жаппай халық толқулары басталған. Толқуға сол кездегі премьер-министр Николай Азаров үкіметінің Еуропа Одағымен ассоциация туралы келісімге қол қоюдан бас тартуы себеп болды. Жаппай қарсылық шерулері елде биліктің ауысуымен аяқталған.

XS
SM
MD
LG