Accessibility links

Сібірде орман өрттерінің аумағы ұлғайып жатыр


Хакасиядағы өрт орнында жүрген өрт сөндіруші. Ресей, сәуір 2015 жыл.
Хакасиядағы өрт орнында жүрген өрт сөндіруші. Ресей, сәуір 2015 жыл.

Сібірде мамыр айындағы мерекелерден кейін орман өртінің саны ондаған есеге артты.

12 мамыр күнгі мәлімет бойынша, Забайкалье өлкесінде жалпы аумағы 2,5 мың гектарды құрайтын 26 өрт тіркелген. Соңғы үш күнде өрт саны 36 есеге көбейген.

Бурятияда орман өртінің аумағы 11 есеге, яғни 60 гектардан 689 гектарға ұлғайған. Өлкенің 15 ауданында өрт ошақтары тіркелген. Сәуір айының ортасынан бері төтенше жағдай жарияланған Бурятияда орман өртінен екі адам қаза тауып, тоғыз адамды күйік шалған. Өрттің шығуына көбінесе тұрғындардың өрт қауіпсіздігін сақтамауы себеп болады. Өртті сөндіруге авиация, арнайы техника мен өрт сөндіруші парашютистер тартылған.

Сібір федералдық округінің орман шаруашылығы департаментінің хабарлауынша, бүгін таңертеңгі дерек бойынша Сібірде аумағы алты жарым мың гектар жерде 89 өрт болып жатыр.

Сәуір айында Сібірде орман өртінен 34 адам қаза тауып, жеті жарым мыңнан астам адам зардап шеккен.

XS
SM
MD
LG