Accessibility links

«Қайраттың» алтынсыз, бірақ «табысты» маусымы


Қазақстан чемпионатының күміс жүлдесін алған "Қайрат" командасы мараппаттау рәсімінде. Алматы. 19 қараша 2015 жыл (Сурет Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды).
Қазақстан чемпионатының күміс жүлдесін алған "Қайрат" командасы мараппаттау рәсімінде. Алматы. 19 қараша 2015 жыл (Сурет Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды).

«Қайрат» футбол клубы ел чемпионатын ұта алмаса да, команда басшылары мен жанкүйерлері биылғы маусымның жақсы өткенін айтады.

Алматылық команданың жанкүйерлерінің бірі Арман Маратов – биылғы маусымда «Қайраттың» Алматы стадионында өткен барлық матчын көрген адамдардың бірі. Ол команданың ойыны жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын айтады.

– Соңғы екі жылда «Қайраттың» ойыны өзгерді. Бұрын тек бесінші-алтыншы орында жүретін еді. Бізге керегі – әдемі футбол, жеңіс, жеңіске бергісіз тартымды ойын. Ал «Қайрат» соңғы уақытта жанкүйерлерді стадионға жинайтын ойын көрсете бастады. Билет құны 500-2000 теңге арасында болса да, фанаттар әр матчты асыға күтті, – дейді ол.

«КЕЛЕР ЖЫЛЫ АЛТЫН АЛАРМЫЗ»

«Қайрат» футбол командасы биыл Қазақстан премьер-лигасында «Астана» командасынан бір ұпай кем алып, күміс медаль иеленген. Бұл – ел іші чемпионатында осыған тек алтын мен қола алған «Қайраттың» бұл деңгейдегі сайыстағы алғашқы күміс медалі.

«Қайрат» Еуропа лигасының іріктеуінде сербиялық «Црвена Звезда», армениялық «Алашкерт», шотландиялық «Абердин» командаларын жеңіп, соңғы сәтте франциялық «Бордо» клубынан ұтылып, топтық кезеңге шыға алмай қалған.

«Қайраттың» бас бапкері Владимир Вайсс (ортада) команданы күміс медальмен мараппаттау рәсімінде. Алматы, 19 қараша 2015 жыл. (Сурет команданың баспасөз қызметінен алынды.)
«Қайраттың» бас бапкері Владимир Вайсс (ортада) команданы күміс медальмен мараппаттау рәсімінде. Алматы, 19 қараша 2015 жыл. (Сурет команданың баспасөз қызметінен алынды.)

Команданың бас бапкері Владимир Вайсс екі арманы болғанын («бірі – ел чемпионатында ұту, екіншісі – Алматыдағы Орталық стадионның лық толғанын көру») айтады.

– Екі арманымның бірі орындалды. Стадионның толғанын көрдім («Қайрат»-«Бордо» матчына 27000 жанкүйер жиналған – ред.). Ал чемпионатта алтын ала алмадық. Бірақ биыл команда өте сауатты ойын көрсетті. Соңғы сәтте сәл шеберлік жетіспеді. «Қайрат» келер жылы чемпион болатынына сенемін, – дейді ол.

«Қайраттың» капитаны Бауыржан Исламхан да командасының жеңеріне сенеді.

– Былтыр – қола, биыл – күміс, ал келер жылы алтын алармыз. Команда ойынында жүйе пайда болды, – дейді футболшы.

«БАРЛЫҚ МАТЧҚА 140 МЫҢ ЖАНКҮЙЕР КЕЛДІ»

«Қайрат» клубы бақылаушылар кеңесінің басшысы Қайрат Боранбаев команда ел чемпионы атана алмаса да, клуб үшін биылғы маусымның сәтті болғанын айтады.

– Биыл команда жанкүйерлері өте белсенді болды. Барлық матчқа 140 мың жанкүйер келген. Бұл – клубтық рекорд. Демек, әр матчта орта есеппен 9 мың жанкүйер болған, – дейді ол.

«Қайраттың» капитаны Бауыржан Исламхан (ортада) команданы марапаттау шарасында сөйлеп тұр. Алматы, 19 қараша 2015 жыл. (Сурет команданың баспасөз қызметінен алынды).
«Қайраттың» капитаны Бауыржан Исламхан (ортада) команданы марапаттау шарасында сөйлеп тұр. Алматы, 19 қараша 2015 жыл. (Сурет команданың баспасөз қызметінен алынды).

Қайрат Боранбаев биыл қазанда «Қайраттың» Алматыда негізгі және дубль командаға арналған арнайы базасы ашылғанын жылдың маңызды жетістігінің бірі ретінде айтады.

– «Қайратқа» қысқа уақыттың ішінде футболға қажетті жағдайдың барлығын жасадық. Аз ғана ақшаға үлкен инфраструктура мен база салуға болатынын, футболды дамытуға болатынын көрсеттік. «Қайратта» нақты даму бағдарламасы бар, жаңа маусымға дайындаламыз, – дейді ол.

«Қайраттың» әр матчқа билет сататын санаулы қазақстандық командалардың бірі екенін айтқан басшылар оның жылдық бюджеті мен қаржыландыру көздері туралы сауалдарды жауапсыз қалдырды.

Жыл басында «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының атқарушы директоры Дархан Қалетаев Қазақстандағы жетекші үш клуб – «Астана», «Ақтөбе» және «Қайраттың» жалпы жылдық бюджеттері шамамен 90-100 миллион доллар болатынын айтқан.

«Қайрат» қарашаның 21-і күні Астанада Қазақстан кубогының финалында «Астана» командасымен кездеседі.

XS
SM
MD
LG