Accessibility links

Киев: Еуромайданда мертіккендер жәрдем алады


Киевте 2014 жылы ақпанда үкімет күштерімен қақтығыста қаза тапқан азаматтардың құрметіне орнатылған жазу.
Киевте 2014 жылы ақпанда үкімет күштерімен қақтығыста қаза тапқан азаматтардың құрметіне орнатылған жазу.

Украинада Еуромайдан оқиғасына қатысып, денесіне жарақат түскен азаматтардың барлығына төлем тағайындалады. Бұл туралы 21 қарашада, Еуромайданның екі жылдығына арналған кездесуде Украина премьер-министрі Арсений Яценюк мәлімдеді.

Сенбі күні Украинада Еркіндік және ар-намыс күнін атап өтті. Киевте Тәуелсіздік алаңында (Майдан Незалежности) 2014 жылы ақпанда билік күштерімен қақтығыстарда қаза тапқандардың суреттері ілінген мемориал орнатылды. Ескерткіште «Біз барлығын көріп тұрмыз. Небесная сотня» деген жазу бар. («Небесная сотня» - Киевтегі толқу кезінде қаза тауып, қаһарман атағын алған жүз шақты демонстрант - ред.)

Осы күні өткен жиында жұртшылық құрбан болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Украина президенті Петр Порошенко халыққа үндеу жасады.

Украинада Еркіндік және ар-намыс күні 2005 жылы сол кездегі президент Виктор Ющенконың жарлығымен тағайындалған, бірақ одан кейін ел президенті болған Виктор Янукович бұл мерекені алып тастаған. Ал 2014 жылы қарашада, Еуромайдан оқиғаларының басталуына жыл толғанда, президент Порошенко бұл атаулы мереке күнін қайта қалпына келтірген.

2013 жылы 21 қарашада сол кездегі президент Виктор Янукович пен үкімет жетекшісі Николай Азаровтың Украинаның Еуропа Одағымен ассоциациясы туралы келісімге қол қоюдан бас тартуына наразы жүздеген адам Киевтің орталық алаңына шыққан еді. Қарашаның 30-ына қараған түні негізінен студент жастардан тұратын демонстранттарды үкіметтің қауіпсіздік күштері ұрып-соғып таратуы тұрғындардың наразылығын туғызып, жүздеген мың адам жаппай көшеге шыққан болатын.

XS
SM
MD
LG