Accessibility links

ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы: Сайлау науқаны баяу өтіп жатыр


Қазақстандағы кезектен тыс парламент сайлауын бақылау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы басшысы Борис Фрлец.
Қазақстандағы кезектен тыс парламент сайлауын бақылау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы басшысы Борис Фрлец.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар және адам құқығын бақылау бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) Қазақстандағы кезектен тыс парламент сайлауын бақылау жөніндегі миссиясын сайлау науқанының баяу өтіп жатқаны таңдандырып отыр. Бұл туралы миссия басшысы Борис Фрлец «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне сұхбатында айтқан.

«Сайлауалды науқанның бұлайша баяу өтіп жатқаны бізді таңдандырды. Мұның бәрі саяси партиялардың қаржысына тәуелді. Кейбір партияларда өз науқанын қарқындырақ жүргізуге қаржылай мүмкіндік жоқ, сондықтан кейбірі әлеуметтік желілерді пайдалануға жүгінеді» деген ол.

Фрлецтің сөзінше, жалпы алғанда Қазақстанда сайлау науқаны «тыныш, қалыпты жағдайда өтіп жатыр», партияларға өз кандидаттарына үгіт жүргізуге «бірдей мүмкіндік берілген».

– Біз барлық партиялардың мүмкіндігі бар деп санаймыз. Оларда сайлауға түсуге мүмкіндік бар, ешкім ол құқықтарынан айырған жоқ. Олар сайлауалды науқанын өткізе алады. Бірақ бұл мүмкіндікті барша партиялар бірдей пайдаланып отырған жоқ, - дейді Фрлец.

Миссия басшысы соңғы бірнеше жыл көлемінде Қазақстанда сайлау туралы заңға түзетулер енгізгенін, алайда бұған дейін ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның «азаматтардың сайлау құқығы және жиын өткізу мен ой-пікірін білдіру еркіндігіне қатысты білдірген сын-ескертпелері ескерусіз қалғанын» айтқан.

Борис Фрлец Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» жоспары мен «5 институционалдық реформа» бастамасының позитивті мәні барын атап өткен. «Сонымен бірге, біз Орталық сайлау комиссиясы сайлау заңына өзгертулер әзірлеп жатқанын естідік, өкініштісі, ол енді тек осы сайлаудан кейін ғана қаралмақ» деген Фрлец аталған заңға енгізілетін өзгерістер адам құқығына қатысты ЕҚЫҰ мен халықаралық стандарттарға сай болады деген үміт білдірген.

ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Қазақстандағы кезектен тыс парламент сайлауының сайлауалды науқаны жайлы аралық есебін жұма күні жариялаған. Онда Қазақстан Конституциясында жиын өткізу еркіндігі жариялағанымен, елде жабық орындардан басқа жерлерде көпшілік жиындар жергілікті биліктің рұқсатымен өткізілетіні айтылған. Осыған байланысты ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы 28 ақпанда Астанада билік оппозициялық ЖСДП белсенділеріне «көлік қозғалысы мен қоғамдық тәртіпке кедергі келтіруі мүмкін» деген уәжбен көшеде акция өткізуге рұқсат бермегенін атап көрсеткен.

Сайлау науқанын жергілікті БАҚ-та жариялау еркіндігіне қатысты миссия өзі әңгімелескендерге сілтеме жасап, елдегі көптеген жеке меншік БАҚ-ға мемлекеттік тапсырыс орналастыру арқылы мемлекеттің оларға ықпал ету қаупі барын ескерткен.

Борис Фрлецтің айтуынша, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы, ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясы және Еуропа Кеңесі парламенттік ассамблеясынан барлығы 350-дей адам Қазақстанда 20 наурызда өтетін сайлауды бақылауға қатысады.

XS
SM
MD
LG