Accessibility links

Ермегияевтың жүргізушісі Надирбаев қамалды


Саят Надирбаев (Сурет отбасылық мұрағаттан алынды).

Саят Надирбаев (Сурет отбасылық мұрағаттан алынды).

"Aстана ЕХРО-2017" ұлттық компаниясындағы қаржысын жымқыру ісі бойынша тағы бір адам қамауға алынды. Талғат Ермегияевтың жүргізушісі болған Саят Надирбаевты коррупцияға қарсы іс-қимыл бюросының Алматы қалалық департаменті 28 наруызда қамауға алған. Бұл туралы Азаттыққа Надирбаевтың қорғаушысы Айман Омарова хабарлады.

Адвокаттың айтуынша, Надирбаевты 28 наурызда кешкі сағат 6 шамасында ұстаған. Ал Надирбаевтың әйелі Аида Надирбаеваға кешкі сағат 9 шамасында күйеуінің ұсталғаны туралы хабарлаған.

Адвокат Айман Омарова коррупцияға қарсы іс-қимыл бюросы өзінің қорғауындағы Надирбаевпен кездесуге мүмкіндік бермегенін мәлімдеді. Ал Саят Надирбаевтың әйелі Аида Надирбаева күйеуімен кездесе алмай жүргенін айтты.

Коррупцияға қарсы ұлттық іс-қимыл бюросы Надирбаевтың қамауға алынғанын растап, ол қазір Алматы ішкі істер департаментінің изоляторында отырғанын хабарлады. Ұлттық бюроның мәліметіне қарағанда, Надирбаев EXPO қаржысын жымқыру ісі бойынша 2015 жылдың тамызынан бері іздеуде жүрген.

"Надирбаев Ермегияевтің сенімді өкілі болған. Ол EXPO-2017 көрмесін өткізуге бөлінген, жымқырылған қаржыны алып, оны Ермегияевқа апарып беру тапсырмасын орындаған" делінген бюро таратқан ақпаратта.

Надирбаев қазір Алматы қалалық ішкі істер департаментінің уақытша қамау изоляторында отыр.

Ермегияев «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясындағы қаржы жымқыру ісі аясында ұсталған. 2015 жылы маусымда компания басшысы қызметінен босатылған соң бірнеше күннен кейін қылмысқа күдікті ретінде ұсталып, сот шешімімен үйқамаққа алынған Талғат Ермегияевке тергеушілер «4 миллиард 200 миллион теңге көлеміндегі қаржыны заңсыз иеленді» деген айып таққан.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG