Accessibility links

Брюссельде оңшылдар полициямен қақтығысқан


Бельгия полициясы елге мигранттардың келуіне қарсы оңшыл радикалдар шеруіне шыққандарды бақылап тұр. Брюссель, 27 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)
Бельгия полициясы елге мигранттардың келуіне қарсы оңшыл радикалдар шеруіне шыққандарды бақылап тұр. Брюссель, 27 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Брюссельдің Моленбек ауданында сенбі күні шеруге шыққан оңшыл радикалдар полициямен қақтығысты. Аудандық әкімшілік кеңсесі жанына жиналған бірнеше жүз адам қала орталығына беттемек болғанда полиция олардың жолын бөгеген. Шерушілер полицияға тас пен қоқыс лақтырған. Полиция оқиға барысында ондаған адамды ұстаған.

Биліктің шеру өткізуге тыйым салғанына қарамастан, сол күні Брюссельдің орталығында да нәсілшілдікке қарсы наразылық акциясы өткен. Reuters агенттігінің хабарлауынша, полиция ол шараға қатысқан бірнеше адамды ұстаған.

22 наурызда Брюссельдегі Завентем әуежайы мен метрода жасалған террорлық жарылыстардан 32 адам мерт болғаннан кейін билік адам көп жиналатын шараларды шектеуге тырысады.

Наурызда Моленбекте ұсталған Салах Абдесламға былтыр 13 қарашада Франция астанасында болған терактілерді ұйымдастыруға қатысқан деген айып тағылған. 2015 тамызда Thalys жүрдек пойызында теракт жасамақ болған маррокалық пен 2014 жылы мамырда Брюссельдегі еврей музейіне қарулы шабуыл жасаған француз азаматы да осы Моленбек ауданында тұрған.

XS
SM
MD
LG