Accessibility links

Techno Trading жұмысшылары аштық жариялайтынын ескертті


Techno Trading LTD компаниясының наразы жұмысшылары аштық жариялайтындары туралы арыздарын Мұнайлы аудандық әкімдігіне әкелді. Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, 13 сәуір 2016 жыл.
Techno Trading LTD компаниясының наразы жұмысшылары аштық жариялайтындары туралы арыздарын Мұнайлы аудандық әкімдігіне әкелді. Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, 13 сәуір 2016 жыл.

Techno Trading LTD компаниясының тоғыз жұмысшысы Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық әкімдігі мен облыс әкімдігіне аштық жариялайтындарын мәлімдеп арыз тапсырды.

Бұл туралы 13 сәуірде Азаттыққа хабарлаған компанияның кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Қуан Сапарбаевтың айтуынша, жұмысшылар мекемеге Әділ Ниязов директорлық еткеннен бері кәсіпорынның экономикалық жағдайы құлдырып, жұмысшыларға қысымның көбейгеніне наразылық білдіріп отыр.

Жұмысшылардың бірі Дәулет Құрманқұловтың жазған арызында «компания директоры Әділ Ниязовтың жұмысшыларға қатысты шешіміне, тоқсандық сыйақының себепсіз берілмеуіне, жетекші мамандардың заңсыз жұмыстан босатылуына, мекеменің қысқартылған жұмыс уақытына көшуіне қарсылық білдіріп аштық жариялайтыны» баяндалған.

Жұмысшылар арыздарында аштықты 18 сәуір күні Мұнайлы ауданындағы Techno Trading LTD кеңсесі алдында жариялайтындарын көрсеткен.

Жұмысшылар бұған дейін сәуірдің 6-сы күні «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімі меңгерушісі Мұхамбет Жайлыбаевпен кездесіп, жұмыстағы әділетсіздік мен қудалауды тоқтатпаса аштық акциясын жариялайтынын ескерткен еді.

Techno Trading LTD компаниясының Маңғыстаудағы филиалы «МаңғыстауМұнайГаздың» Қаламқас пен Жетібай кеніштеріндегі мұнай жабдықтарын жөндеумен айналысады. Компанияға қарасты алты цехта 700-дей жұмысшы еңбек етеді.

XS
SM
MD
LG