Accessibility links

Маңғыстауда нөсер салдарынан көшелерді су алды


Жаңаөзен қаласындағы нөсер cалдары. Маңғыстау облысы. 17 сәуір 2016 жыл.
Жаңаөзен қаласындағы нөсер cалдары. Маңғыстау облысы. 17 сәуір 2016 жыл.

Маңғыстау облысында жексенбіге қараған түні толассыз жауған нөсер салдарынан Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында, Атамекен және өзге де елді мекендерде көшелерді су алған. Жергілікті тұрғындардың Азаттыққа хабарлауынша, Маңғыстау ауданы Шетпе ауылында жаңбыр салдарынан көшелер суға толып, ауылдың шетінен орталыққа қарай өтетін ішкі жолдар жабылған.

Жаңаөзен тұрғындары қаланың 5-ші және Рахат-3 шағын аудандарында жаңбыр суы салдарынан көліктер жүре алмай жатқанын хабарлады. Қала орталығындағы денешынықтыру кешені ғимаратының ішін су басқан.

Жаңөзендегі бірқатар көшелерді су басқаны туралы ақпаратты растаған қалалық әкімдік кезекшісі Дүйсен Маликов төтенше жағдайға байланысты арнайы штаб құрылып, жұмысқа кіріскенін айтты.

Нөсер салдарынан электр қуатынан ажыраған «Өзенинвест» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қарасты кәріз суын соратын станцияда қондырғылар істен шығып, жұмыс тоқтап қалған. Қазір онда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр деп хабарланды.

Маңғыстау облыстық әкімдігі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, Жаңаөзенде нөсер салдарын жою жұмыстарына 65 техника мен 90 адам жұмылдырылған.

XS
SM
MD
LG