Accessibility links

Ақтөбеде белсенді Әлима Әбдірованы ұстағаны туралы хабарланды


Азаматтық белсенді, жуналист Әлима Әбдірова.
Азаматтық белсенді, жуналист Әлима Әбдірова.

Ақтөбеде азаматтық белсенді Әлима Әбдірованы бүгін таңертең полиция ұстап, Заводской ікші істер бөліміне апарған. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбеден құқыққорғаушы Ольга Климонова хабарлады.

– Ол таңертең облыс әкімдігі алдындағы алаңға барғанда онда тұрған кейбір адамдардың 27 сәуірде митингке қатысқан құқық органдары қызметкерлері екенін таныған. Әбдірова оларды фотоаппаратпен суретке түсіріп алмақ болған, бірақ сол кезде оның жанына жүгіріп жеткен қызметкерлер қандай негізбен суретке түсірмексің деп сұрақтың астына алған. Сол сәтте медициналық жедел жәрдем көлігінен полиция киіміндегі адамдар шығып, олар да Әлиманы ұстауға әрекет жасаған, - деді Климонова. Ол бүгін белсенді екі рет ұсталғанын айтады.

Климонованың сөзінше, Әлима Әбдірова алаңда өзін ұстамақ болғандардан сытылып шыққанымен, арада екі сағаттай уақыт өткенде үйіне жетпей қайта ұсталған. Құқыққорғаушы оған хабарласқан белсенді полиция көлігінде өзіне күш көрсетілгені туралы айтқанын жеткізді.

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті Азаттыққа Әбдірованың ұсталғанын жедел растайтындай ақпарат бере алмады. Департамент кезекшісі өзіне ешқандай мәлімет түспегенін айтып, «мүмкін бөлімшелердің бірі әлі қарастырып» жатқан шығар деп топшылады. Бірақ ІІД кезекшісі Әлима Әбдіроваға «күш көрсетілген болуы мүмкін» деген ақпаратты үзілді-кесілді жоққа шығарды.

– Қазір адамға қол көтеретін уақыт емес, - деді ол Азаттыққа.

Ақтөбеде танымал белсенді және құқыққорғаушы Әлима Әбдірова 27 сәуірде Ақтөбедегі Тұңғыш президент саябағында өткен жер мәселесіне қатысты қарсылық жиынында сөйлегендердің бірі. Кейін ол Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында 29 сәуірде өзінің пәтеріне аға прокурор Нұғыманов пен бір полиция қызметкері келіп, оған облыс прокурорына бірге баруды ұсынған. Әлима Әбдірова оған барудан бас тартып, келгендерді мобиль телефонына түсіре бастаған кезде олар кетіп қалған. Бірақ, белсендінің өз айтуынша, сонан кейін оған әлдебіреу телефон шалып, егер шақырту бойынша прокуратураға келмесе және видеоны желіде жариялайтын болса «проблемалар тууы мүмкін» деп ескерткен.

XS
SM
MD
LG