Accessibility links

Қадыров өз үстінен шағым айтқан адамды "үйін өзі өртеген" деп айыптады


Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров.

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров.

Ресей президенті Владимир Путинге шағым айтып видео-үндеу жасаған Шешенстан тұрғыны Рамазан Жалалдинов өз үйін өзі өртеген деп мәлімдеді Шешенстан башысы Рамзан Қадыров.

«Мен барынша тыңғылықты тексеру жүргізуді тапсырдым. Жедел алынған ақпаратқа сәйкес, Жалалдинов өз отбасын алып шығып, баспанасын біреулер өртеген етіп көрсеткен» деп жазды Қадыров Instagram желісіндегі парақшасында.

Қадыров бұған дейін Жалалдиновтың «содырларға жәрдем көрсеткені» үшін тергелгенін, ал қазір оның үстінен жергілікті «шенеуніктерге жала жапқаны» туралы қылмыстық іс қозғалғанын айтқан.

Рамазан Жалалдиновтың үйі өртенгені туралы оның әйелі хабарлаған. Оның сөзінше, мамырдың 13-іне қараған түні үйге келген бет-жүзін жасырған адамдар әйел мен балаларын көлікке отырғызып, «көпір астында» қалдырып, үйге от қойған. Ауылдың басқа тұрғындарын «бұл жайлы айтатын болсаңдар сендердің үйлеріңді де өртейміз деп қорқытты» дейді әйел.

Азаптауға қарсы комитет төрағасы Игорь Каляпин «Открытая Россия» ұйымына берген сұхбатында Жалалдиновтың үйін өртеуді «мемлекеттік терроризм» деп атаған.

Рамазан Жалалдинов жартылай құлаған үйлер мен тозығы жеткен көше көрінісінде тұрып президент Путинге арнап жасаған видео-үндеуінде екінші шешен соғысы аяқталғалы бері өзі тұратын ауылға федералдық бюджеттен бөлінген қаржы келмегенін, тұрғындарды Мәскеуден бөлінген кез-келген субсидияның үштен бірін жергілікті шенеуніктерге беруге мәжбүрлейтінін айтқан.

Видео-үндеу жарияланған соң көп ұзамай Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Жалалдиновтың сөзі бастан-аяқ өтірік деп мәлімдеген. 1 мамырда 56 жастағы Рамазан Жалалдинов Ресей бас прокуроры Юрий Чайкаға шағымданды. Шешенстанда өзін қуғынға салады деп қауіптенген ол пана іздеп Дағыстанға барған.

XS
SM
MD
LG