Accessibility links

Матаев ісінде айыптау бабы өзгергені хабарланды


Сейітқазы Матаев, Қазақстан журналистер одағының үйқамақта отырған төрағасы.
Сейітқазы Матаев, Қазақстан журналистер одағының үйқамақта отырған төрағасы.

Қазақстан журналистер одағының төрағасы, аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген Сейітқазы Матаевтың ісінде айыптау бабы басқа бапқа өзгертілді. "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымының Матаевты қорғау комитетіне сілтеме жасап хабарлауынша, іс "қызмет өкілетін пайдаланып, өзіне артылған сенімді теріс мақсатта пайдаланумен байланысты" бапқа өзгерген.

Матаевтың адвокаты Андрей Петров Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескенінде Матаев ісінде болуы мүмкін өзгеріске қатысты ақпаратқа түсініктеме бере алмайтынын айтты. Ұлттық коррупцияға қарсы қызметінің баспасөз қызметі Азаттыққа Матаев ісіндегі өзгеріс туралы ақпарат тексерілетінін айтты.

"Әділ сөз" сайтында бүгін шыққан ақпаратта қылмыстық істегі баптың өзгергені туралы қаулыны 23 мамырда Алматы қалалық коррупцияға қарсы қызметтің жедел тергеу тобы шығарғаны айтылады.

Биыл 22 ақпанда «мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Сейітқазы Матаев 24 ақпаннан бері үйқамақта отыр. 28 наурызда оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынған. Әкелі-балалы Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, «келген зиян» туралы айыптау толықанды аудиторлық тексеру жүргізілместен тағылғанын айтады. Мамырдың басында Алматының Медеу аудандық соты Матаевты үйқамақта ұстау мерзімін 22 маусымға дейін ұзартқан.

ҚазТАГ агенттігінің ақпараты бойынша, арасында ВВС, «Неміс толқыны», «РБК», «Россия-24», France Press және өзгелері бар шетелдік бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Сейітқазы Матаевтың ісі бойынша өтетін сотқа қатысуға ниет білдірген.

XS
SM
MD
LG