Accessibility links

Сенат халықаралық банктен қарыз алу келісімін бекітті


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Қазақстан парламенті сенатының депутаттары бүгін Халықаралық қайта құру және даму банкінен (ХҚҚДБ) бір миллиард доллар мөлшерінде қарыз алу туралы келісімді ратификациялады. Келісімге сәйкес, бұл қарызға алынған қаражат «макроэкономикалық басқару саласындағы даму саясатын», сонымен бірге биылғы бюджеттің тапшылығын қаржыландыруға бағытталады.

Қаржы министрі Болат Сұлтановтың ақпараты бойынша, халықаралық банк қарызды Қазақстанға 20 жыл мерзімге, 1,5 пайыздық сыйақы мөлшерімен берген. Келісім шартында 2,5 жылдық жеңілдік кезеңі қарастырылған.

Былтыр жыл соңында Қазақстан 2016 жылғы бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін Азия даму банкінен (АДБ) бір миллиард доллар көлемінде қарыз алу туралы келісімді бекіткен. 2015 жылы тамызда АДБ Қазақстанға «әлемде мұнай бағасының күрт арзандауы және көрші елдер экономикасының құлдырауының кері әсерін азайту үшін» қарыз беруді мақұлдаған.

Қазақстанда биыл наурыз айында республикалық бюджетке енгізілген түзетулерге сәйкес, биылғы жылғы бюджет тапшылығының көлемі 902,7 миллиард теңге (ағымдағы валюта айырбасы бағамы бойынша 2,7 миллиард доллар) деңгейінде болады деген болжам жасалған.

XS
SM
MD
LG