Accessibility links

Надежда Савченко: Украинаға кезектен тыс парламент сайлауы қажет


Украина парламенті депутаты Надежда Савченко. Киев, 9 маусым 2016 жыл.

Украина парламенті депутаты Надежда Савченко. Киев, 9 маусым 2016 жыл.

Украина Жоғарғы Радасы депутаты Надежда Савченко елде мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізу қажет деп мәлімдеді. Ол Украинаның саяси өмірі жаңаруды қажет етеді деп біледі.

«Украина халқы қазіргіден жақсы үкіметке лайық» деген ол жұма күні Associated Press агенттігіне сұхбатында. Савченконың пікірінше, қазіргі үкімет 2014 жылы ақпанда билік өзгергеннен кейін жұрт үміт еткендей дәрежеде емес.

Бұған дейін, 7 маусымда Савченко Украинаның шығысындағы екі жыл бойы жалғасып отырған қарулы жанжалды тоқтату үшін сепаратистер жетекшілерімен келіссөздерге дайын екенін мәлімдеген.

Надежда Савченко қазіргідей Ресей, Украина, Франция және Германияның қатысуымен өтіп келе жатқан «нәтижесіз» келіссөздерден гөрі сепаратистер жетекшілерімен тікелей келіссөздер өткізу тиімді болады деп санайды.

Ресей соты Украинаның Луганск қаласы түбінде 2014 жылы мерт болған ресейлік екі журналистің қазасына айыптап, 22 жылға түрмеге кескен Надежда Савченконы биыл 25 мамырда Киев Шығыс Украинада ұсталып, «сепаратистер жағында соғысты» деген айыппен сотталған екі ресейлікке айырбастаған. Ресейде түрмеде отырғанда Жоғарғы Рада депутаты болып сайланған Савченко Украинаға оралғаннан кейін парламенттегі міндетіне кіріскен.

XS
SM
MD
LG