Accessibility links

Мәскеуде Қырғызстан мен Армения азаматтарының өліміне күдікті ұсталды


Мәскеу метро бекеттерінің біріның маңы. (Көрнекі сурет.)
Мәскеу метро бекеттерінің біріның маңы. (Көрнекі сурет.)

Мәскеуде 30 жастағы Иван Скоркиннің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр деп хабарлайды Ресей тергеу комитетінің бас тергеу басқармасы. Скоркин Мәскеуде осы аптада Қырғызстан мен Армения азаматтарын өлтірген деген күдікке ілінген.

Тергеу болжамы бойынша, 12 тамыз күні таңертең «қатты мас күйінде Мәскеудегі «Рязанский проспект» метро бекеті жанында жеке басын жақтырмау себебінен 1947 жылғы және 1980 жылғы екі ер адамға өткір затпен бірнеше мәрте кескілеп-түйреп жарақат түсірген». Жапа шеккендердің бірі сол жерде қаза болған, екіншісі жедел жәрдем көлігі ішінде жан тапсырған. 1981 жылы туған тағы бір ер адам ауруханаға түскен. Ол Скоркинді тоқтатпақ болып ұмтылғанда оң қолынан бірнеше жерден өткір заттан жарақат алған. Оның өміріне еш қауіп жоқ деп хабарланды.

«Қазіргі уақытта аталған қылмыстарға күдікті ұсталды, оған бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу шарасын қолдану мәселесі қаралып жатыр. Дәлел-айғақтарды жинастыру және бекітуге бағытталған кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалған. Қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр» делінген хабарламада.

Бұған дейін Мәскеуде Қырғызстан мен Армения азаматтарын ұлттық ерекшелігіне бола жеккөрушілік негізінде бір топ жас өлтірген деген хабар тараған еді. Бірақ тергеушілер бұл қылмыстың басқа себебін қарастырып жатыр.

XS
SM
MD
LG