Accessibility links

Ресейдің Приморский өлкесінде депортацияланатын мигранттар аштық ұстаған


Ресейдегі мигранттар (Көрнекі сурет).

Ресейдегі мигранттар (Көрнекі сурет).

Ресейдің теңіз жағасындағы Артем қаласында еңбек мигранттары өздерін бірнеше айдан бері депортацияламай жатқанына наразылық танытып, төрт күн аштық жариялады деп хабарлады "Интерфакс" агенттігі.

Жергілікті қоғамдық бақылау комиссиясының ақпаратына қарағанда, қаладағы депортацияланатындарды уақытша ұстау орталығында жүзден астам адам өздерін депортациялауды күтіп жатыр. Олардың арасында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Украина және Қытай азаматтары бар.

Приморский өлкесі қоғамдық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Александр Смышляев агенттікке айтуынша, комиссияға орталықтан жүз шақты адам қол қойған ұжымдық шағым түскен. Ол аштық акциясына 20 шақты адам қатысқанын, орталыққа комиссия өкілдері барған соң аштық тоқтағанын хабарлаған.

Смышляевтің сөзінше, шетелдіктер депортацияны ұзақ күткендеріне шағымданған. "Наурыздан бері депортацияны күтіп жатқандар бар. Шетелдіктердің сөзінше, соңғы үш айда ешкім елдеріне қайтарылмаған" деген Смышляев. Ол орталықта адам толы екенін, оған келіп жатқан мигранттар орталықтағы жағдайға шағымданғанын айтқан. Орталықта матрас, төсек орын, дәрі-дәрмек тапшы. Смышляев 65 адамға арналған орталықта 107 адам жатқанын, оның төртеуі әйел екенін айтады.

XS
SM
MD
LG