Accessibility links

Ауғанстанда «Талибан» күштері Құндыз уәлаятына басып кірді


Ауғанстан үкіметінің әскері. Құндыз уәлаяты, 18 тамыз 2016 жыл.

Ауғанстан үкіметінің әскері. Құндыз уәлаяты, 18 тамыз 2016 жыл.

Ауғанстанда «Талибан» қозғалысының содырлары елдің солтүстік-шығысындағы стратегиялық маңызы бар Құндық уәлаятына басып кірген. Үкімет әскері аймақ орталығы – Құндыз қаласына шегінуге мәжбүр болған. Бұл қаланы былтыр «Талибан» басып алып, шамалы уақыт бақылау орнатқан еді.

Ханабад ауданының басшысы Хаятулла Амиридің айтуынша, «Талибан» содырлары бір мезгілде бірнеше жақтан шабуылдаған.

«Біз бірер сағат қарсыласып бақтық, бірақ бізге көмек болмады. Талибандықтар ауданды басып алды» деді ол.

Ауғанстандық шенеуніктердің мәліметі бойынша, қазір Құндыз уәлаятының бірнеше ауданында шайқастар жүріп жатыр. «Талибан» өкілі Забигулла Муджахид үкімет әскері шегінген ауданнан олар тастап кеткен қару-жарақ пен әскери техниканы қолға түсіргені туралы мәлімдеген.

Құндыз уәлаяты кеңесінің төрағасы Мұхаммад Юсуф Аюби шайқас болған аймақтан жүздеген тұрғынның қашуға мәжбүр болғанын айтты. «Егер орталық үкімет Құндызға назар аудармаса, талибандықтар былтырғыдай Құндыз қаласын басып алады» деп ескерткен ол.

Бұдан бес күн бұрын «Талибан» күштері көршілес Бағлан уәлаятында тұтас бір ауданды басып алып, ол жерде де үкімет күштері тастап кеткен әскери техника мен қару-жарақты қолға түсірген.

Қазіргі кезде елдегі 34 уәлаяттың кемінде 15-інде үкімет күштері «Талибан» содырларына қарсы шайқасып жатыр деп хабарлайды Ауғанстан қорғаныс министрлігі.

XS
SM
MD
LG