Accessibility links

Түркияның оңтүстік-шығысында жарылыстан 11 полицей мерт болды


Түркияның Жизре қаласындағы әскерилер мен күрд жасақтары арасындағы қақтығыста қираған ғимараттар. Наурыз 2016 жыл (Көрнекі сурет).
Түркияның Жизре қаласындағы әскерилер мен күрд жасақтары арасындағы қақтығыста қираған ғимараттар. Наурыз 2016 жыл (Көрнекі сурет).

Түркияның оңтүстік-шығысындағы Жизре қаласында полиция бөлімшесінде көлікке жасырылған бомба жарылып, кем дегенде 11 полиция қызметкері қаза тапты. Жарылыстан 78 адам жараланған.

Жарылғыш тиелген көлік 26 тамыз күні таңертең полиция бөліміне 50 метр жерде жарылып, ғимараттың көп бөлігін зақымдаған. Осы жарылыстан екі күн бұрын Түркия əскері Сирияның солтүстігіндегі Жераблус қаласында əскери операция жүргізген болатын. Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым түрік əскері осы аймақтан ислам содырларын ғана емес, күрд жасақтарын да ығыстырып шықпағын мəлімдеген.

Жарылыс жауапкершілігін әзірге ешкім мойнына алған жоқ. Бірақ мемлекеттік Anadolu агенттігі жарылысты Күрд жұмысшы партиясы жасады деп хабарлады.

Жизре - Түркияның Сириямен және Иракпен шекарасына жақын орналасқан, негізінен күрдтер тұратын аймақ. Былтыр бұл қалада түрік полициясы мен Анкара Түркиядағы терактілерді ұйымдастырды деп айыптаған Күрд жұмысшы партиясының жасақтарымен қақтығыс болған. Күрд белсенділері сол қақтығыста қайтыс болғандардың көпшілігі бейбіт тұрғындар екенін мəлімдеген.

XS
SM
MD
LG