Accessibility links

Наразы белсенділер «Нұр Отанға» барды


"Нұр Отан" партиясының билборды. Алматы, 11 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
"Нұр Отан" партиясының билборды. Алматы, 11 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Қыркүйектің 5-і күні бір топ азаматтық белсенді «Нұр Отан» партиясының Алматы қаласындағы бөлімшесінің офисіне барды. Онға жуық белсендіні «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық бөлімшесінің орынбасары Жұлдыз Омарбекова қабылдады.

Шағын кабинетте жарыса сөйлеген адамдар бірнеше мәселені қатар айтып жатты. Өздерін «Әділдік үшін» қоғамдық ұйымының мүшелеріміз деп таныстырған бір топ белсенді «сот әділетсіздігінен зардап шектік, құқық қорғау органдары шағымымызды қарамай бір-біріне сілтеумен келеді» дейді. Ұйым өкілі Илшат Кенжиннің сөзінше, «Әділдік үшін» ұйымы мүшелерінің әрқайсысының көп жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселелері бар.

– Өткен жолы он бес адам хат жазып, қол қойдық. Шағымымыз әртүрлі болғанымен ұйымның мүшелерінің бәрі – соттардың түрлі әділетсіз шешімдеріне наразы адамдар, – дейді ол.

«Әділдік үшін» ұйымының тағы бір мүшесі Руфина Алимзянованың айтуынша, «Нұр Отанға» келгендегі мақсаттарының бірі – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауына жетіп, шағымдарын президентттің өзіне айту.

– Нұрсұлтан Назарбаевтың атына талай рет шағым жаздық, бірақ онымыз президент әкімшілігінен әрі өтпейді. Президент не болып жатқанынан хабарсыз. Ол халықтан өте алыс. Енді «Нұр Отан» арқылы хабарлассақ, бізді қабылдайтын шығар, – дейді Руфина Алимзянова.

«Нұр Отан» партиясының Алматы қаласы бойынша бөлімшесі төрағасының орынбасары Жұлдыз Омарбекова партияға шағымданған әр адамның мәселесін шешуге талпынатынын, бірақ ол үшін жалпы емес нақты талап-тілектер болуы тиіс деп санайтынын айтады.

– Бұл жолы келген бір топ адамның шағымы - әртүрлі мәселе. Кейбірі ипетокалық кредитін төлей алмай пәтерінен айырылғандар болса, кейбірі сот шешіміне наразы. Бірақ бәрін біріктіріп тұрған – азаматтық белсенділік. Бұл кісілерге қыркүйектің 14-іне дейін барық шағымдарын жүйелеп әкелуді тапсырдық, – дейді ол.

Жұлдыз Омарбекова осыған дейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу-хат жазып, оған қанмен қол қойған азаматтық белсенділерге «әр адамды жеке тыңдау үшін бөлек шақырғанын, бірақ олардың өздері құлақ аспағанын» айтты.

«Әділдік үшін» қоғамдық ұйымының мүшелері өткен аптада Алматы қаласындағы «Нұр Отан» партиясының кеңсесіне келіп, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу-хат жолдаған. Оған өз қолдарын тіліп, қанмен қол қойған. Хатты әділет органдарының шешіміне наразы екендіктерін білдірген.

Хатқа қанмен қол қою
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:26 0:00

Азаматтық белсенділер бірнеше жылдан бері шағымдары құқық қорғау органдарының арасында жүргенін айтып, биыл мамыр айында Алматы қаласы прокуратурасының алдында наразылық акциясын өткізген. Акция кезінде Қазақстан президентіне арыз-шағымдары жетпейтінін мәлімдеп, құқық қорғау органдары жазған «сырғытпа жауаптарды» жыртып, прокуратураға өткізген еді.

XS
SM
MD
LG