Accessibility links

Астана Пхеньянның ядролық қару сынағын айыптады


Қазақстан сыртқы істер министрлігі.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Солтүстік Кореяның ядролық сынақ өткізуін «қатаң айыптайтыны» туралы ресми мәлімдеме жасады.

«Қазақстан Солтүстік Кореяның жауапсыз әрекеттері ядролық қарусыздандыру процесіне кері әсер тигізеді және аймақтық, жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіреді, ядросыз болашақты қамтамасыз ету үшін әлемдегі елдердің басым көпшілігі салған күш-жігерге нұқсан келтіреді деп санайды» делінген мәлімдемеде.

Қазақстан «ядролық қарудың бүкіл нәубетін сезінген және өз еркімен ядролық арсеналдарға ие болудан бас тартқан ел ретінде әлемде ядролық сынақтардың толық тыйым салуды құптайтынын» мәлімдеген. Сонымен қатар Астана Пхеньянды ядролық амбициясынан бас тартуға және жедел түрде Қытай, Ресей, АҚШ, Оңтүстік Корея мен Жапонияның қатысуымен алты жақты форматтағы ядролық мәселе бойынша келіссөздерді қайта жалғастыруға шақырған.

Сенбі күні Оңтүстік Корея, Жапония және АҚШ-тың бастамасы бойынша БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Солтүстік Кореяның ядролық сынақ жасауына байланысты шұғыл кеңесін өткізген. БҰҰ хатшысы Пан Ги Мун Пхеньян билігінің іс-әрекетін «БҰҰ қарарын өрескел бұзу» деп атаған.

Жұмаға қараған түні Солтүстік Кореяның ядролық қару сынағын бесінші рет өткізгені мәлім болған еді. Пхеньян баллистикалық зымырандарын ядролық оқтұмсықтармен жарақтандыруға қауқарлы екенін және өз ядролық бағдарламасын дамытуды жалғастыра беретінін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG