Accessibility links

MH-17 рейсі апатына күдіктілер тізімі 2017 жылға дейін бекітілетіні хабарланды


Донбаста құлаған Boeing 777 апатын тексеру барысында жолаушылар ұшағы қалдықтарынан құрастырылған қаңқа.
Донбаста құлаған Boeing 777 апатын тексеру барысында жолаушылар ұшағы қалдықтарынан құрастырылған қаңқа.

Украинаның Донецк аймағында құлаған малайзиялық жолаушылар ұшағы апатына қатысы бар деген күдікке ілінгендер тізімі 2017 жылдың басынан кешіктірілмей бекітілетін болады деп мәлімдеді Австралия сыртқы істер министрі Джулия Бишоп.

Ұшақ апаты туралы іс бойынша 1988 жылы Локербидегі терактіге қатысты жүргізілген сот тәрізді халықаралық трибунал құрылуы мүмкін. Локербиде ұшақтағы болған террорлық жарылыстан 270 адам қаза тапқан еді. 2015 жылы шілдеде Ресей Донбаста құлаған «Боинг» ұшағы апатын тергейтін трибунал құру туралы БҰҰ қарарына вето қойған болатын.

Австралия апатты тексеретін халықаралық комиссия құрамына кіреді. Онымен бірге ұшақ апатын тексерумен Бельгия, Малайзия және Украина сарапшылары айналысып жатыр. Топқа Нидерланд өкілі жетекшілік етеді.

Қыркүйектің 28-і күні жарияланған халықаралық тергеу тобының есебінде 2014 жылы шілденің 17-і күні Украинаның шығысында құлаған Malaysian Airlines әуе компаниясының Boeing 777 жолаушылар ұшағын Ресейден Украинаға әкелінген «Бук» қондырғысымен атқан деген қорытынды жасалған. Бұл қылмысқа 100-ге жуық адам күдікті саналады.

XS
SM
MD
LG