Accessibility links

Бундесвер құрамындағы 20 исламшыл әшкереленген


Германия қорғаныс министрі Урсула фон дер Ляйен Ирбилде пешмерга жасағы және Бундесвер әскерилерімен бірге. Ирак, 2016 жылғы қыркүйек айы.
Германия қорғаныс министрі Урсула фон дер Ляйен Ирбилде пешмерга жасағы және Бундесвер әскерилерімен бірге. Ирак, 2016 жылғы қыркүйек айы.

Германияның әскери қарсы барлауы Бундесвер қатарында қызмет атқаратын 20 исламшылды анықтап, тағы 60 әскери қызметкер күдікке іліккен. Германия қарулы күштерінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта исламшыл топтар өз мүшелерін әрқилы қару-жарақ түрлерін меңгеріп, машықтануы үшін Бундесвер қатарында қызмет атқаруға мақсатты түрде жібереді делінген.

Неміс баспасөзінің хабарлауынша, Германияда исламшылдарды әскери қызметке қабылдамауға мүмкіндік беретін заң дайындалып жатыр. Осыған байланысты Германия қорғаныс министрі Урсула фон дер Ляйен 2017 жылғы шілде айынан бастап әр кандидатты әскери қызметке қабылдамас бұрын міндетті түрде тексеруден өткізу тәртібін енгізуді ұсынады. Бұған дейін DPA агенттігі заң 2017 жылғы шілденің 1-інен бастап күшіне енеді деп хабарлаған. Заң өзгерісі шамамен 20 мыңдай Бундесвер әскери қызметкерін қамтиды. Осы кезге дейін әскер қатарына жаңадан алынған азамат сенімді адам екені жайлы полиция берген анықтаманы тапсырып, Германия конституциясын ұстап ант берумен шектелетін.

2007 жылдан бері қарай Бундесвер қатарынан 24 исламшыл анықталған. Олардың 19-ы қызметтен босатылған, қалғандары өздерінің кім екені әшкере болғанға дейін әскери қызметін толық атқарып үлгерген.

Бундесвердің кемінде 30 бұрынғы әскери қызметкері қарулы экстремистік топтарға қосылып, соғысу ниетімен Сирия мен Иракқа аттанған деп хабарлайды DPA агенттігі.

XS
SM
MD
LG