Accessibility links

Астана мүдделі тараптарды Сирия келіссөзін қолдауға шақырды


Қайрат Абдрахманов, Қазақстан сыртқы істер министрі.

Астана Сирия мәселесі бойынша келіссөздің мамыр айына жоспарланған раундына дайындықты жалғастырып жатыр деп хабарлады бүгін Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов. "Біз Сирия дағдарысын бейбіт реттеуге мүдделі барлық тараптарды Астана процесін және ең алдымен БҰҰ бастамасымен өтіп жатқан Женева процесін қолдауға шақырамыз" деді Абдрахманов бүгін Астанада үкімет отырысында журналистерге берген жауабында.

Биыл жыл басынан бері Сириядағы дағдарысты реттеу келіссөзінің үш кездесуі өткен. Келіссөзге Ресей, Иран және Түркия және Сирия оппозициясының делегациялары қатысқан. Сирия оппозициясы өткен айдың басында өткен Астана келіссөзінің үшінші кезеңіне байкот жариялаған.

7 сәуірде АҚШ Сириядағы әуе базасын зымыранмен атқылаған соң ресми Астана "Сириядағы шиеленістің күшейгеніне кәдімгідей алаңдаушылық" білдіріп, БҰҰ-ның басшылығымен Сириядағы ықтимал химиялық қару қолданылған шабуылды тексеруге шақырған.

7 сәуір күні таң ата АҚШ Сирияның Хомс провинциясындағы Шайрат әуе базасына Жерорта теңізіндегі кемелерінен 59 қанатты зымыран атқан. АҚШ билігінің ұйғарымынша, 3 сәуір күні Хан-Шейхун қаласында болған ықтимал химиялық қару қолданылған шабуыл осы әуе базасынан жасалған.

"Қазақстан Астана процесіне Сириядағы әскери қимылдарды тоқтату режимінің нығаюына мүдделі барлық тараптардың қатысқанын қалайды. Бақылаушы ретінде қатысып жатқандарды ғана емес, оған қатысушылар тобын бұдан ары да кеңейтуге болады. Дегенмен, соңғы сөз - кепіл елдерде" деді Қайрат Абдрахманов.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG