Accessibility links

Құқық қорғау ұйымы биліктен емге зәру Жәкішевті "азаптамауды" талап етті


"Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев.
"Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев.

Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау қазақстандық бюросы 11 қыркүйекте таратқан мәлімдемесінде 10 жыл түрмеде отырып, денсаулығы нашарлаған, қазір таблеткамен күн көріп отырған "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевке жақында шыққан сот шешімін сынаған.

10 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облыстық соты Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын босап шығу туралы апелляциялық шағымын қанағаттандырмаған еді.

"Сотталушы сот үкімімен тағайындалған шығынды өтемеді деп оны мерзімінен бұрын босатудан бас тартуы қорлау болып естілді. Бұған қоса, миллиардтаған "шығынды" колония жағдайында өтеу үшін сотталушының физикалық мүмкіндігінің жоқтығы есепке алынбады" делінген мәлімдемеде.

Қазақстан сотының "адам өлтіру немесе зорлау" сияқты ауыр қылмыс жасаған кейбір сотталушыларды мерзімінен ерте босатып, "жұмсақтық" танытуын сынаған мәлімдеме авторлары "Жәкішевті босатпауы оның ісінде саяси астар бар екенін, сәйкесінше оның босатылуы сотқа тәуелді емес екенін дәлелдей түседі" деп жазған.

Мәлімдеме авторларының жазуынша, түрмедегі онсыз да шағын медициналық көмек Жәкішевті емдемек түгілі "ауру азабын" басуға шамасыз. Сот үкімі бойынша адамды бас бостандығынан айырған мемлекет оның өмірі мен денсаулығын сақтау міндетін мойнына алады. "Алайда Жәкішевке байланысты бұл норма сақталмай келеді" деп жазды құқық қорғаушылар.

"Мұндай жағдайда ауруы асқынған Мұхтар Жәкішевтің қажетті дәрежеде медициналық көмек алуы мүмкін емес. Сәйкесінше, оның жағдайы нашарлай береді және мұның соңы өлімге де соқтыруы мүмкін. Егер ол өлсе, медициналық көмек көрсетілмей, азапталған тұтқын болып есептеледі. БҰҰ Бас ассамблеясының резолюциясына (1988) сәйкес, медцициналық көмек көрсетпеу азаптаумен пара-пар" делінген мәлімдемеде.

Олар Қазақстан билігінен Жәкішевті босатып, қажетті дәрежеде ем алуына жағдай жасауға шақырған.

11 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облыстық соты Жәкішев өтінішінің қанағаттандырылмауының себебін түсіндірді. 2014 жылы 15 шілдеде Қапшағай қалалық соты шығарған сот үкіміне сүйенген ШҚО соты Жәкішевтен 99 миллиард теңгеден астам қаражат өндіріліп алуы қажет екенін, әлі күнге дейін бұл шығынның өтелмегенін жазған.

"Қазіргі кезге дейін бұл қаражат төленбеді. Сотталушы шығынды толтыруға күш салмады. Сонымен бірге сотталушының жүріс-тұрысында да тұрақты түрде оң өзгерістер байқалмады. Бұған қоса, Жәкішевтің жазаны өтеу тәртібін бұзғаны үшін алған айыппұлдары бар" делінген Шығыс Қазақстан облыстық соты таратқан хабарламада.

Биыл 24 шілдеде Семей қалалық №2 соты Жәкішевтің шартты түрде босату туралы екінші өтінішін қараған. Бұл сотқа Жәкішев түрмеде отырып, видеоконференция арқылы қатысқан. Семейдегі сотқа Қазақстанның түпкір-түпкірінен ондаған адам барды. Бірақ Семей соты мемлекет алдында өтелмеген 99,6 миллард теңгені себеп қылып, Жәкішевті қамауда қалдырған.

Оқи отырыңыз: Мұхтар Жәкішевтің саяси тұтқын атану тарихы

Осыдан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында биліктен Жәкішевті босатуды талап еткен наразылық акциялары көбейді. Бірақ билік бұл наразылық кезінде айтылған талаптарға жөнді құлақ асқан жоқ.

Мұхтар Жәкішев "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айыппен 2009 жылы 14 жылға сотталған. Түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішев өзіне тағылған айыптармен келіспейді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Жәкішевті "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Құқық қорғаушылар "Жәкішев елден қашқан Мұхтар Әблязовпен (бұрынғы банкир, Қазақстан билігін сынаушы) араласқаны үшін қысымға ұшырады" деп санайды. Қазақстан билігі елде "саяси тұтқындар жоқ" деп есептейді.

Халықаралық ұйымдар да бірнеше рет Қазақстан билігінен Жәкішевке бостандық беруді сұраған. 2015 жылы Жәкішевтің шағымын қараған Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі Комитеті оның құқығы бұзылғанын растап, Қазақстан билігін тұтқынды босатуға шақырған. 2018 жылы наурыз айында Хельсинки комитеті және "Орталық Азиядағы адам құқығы" қауымдастығы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазып, "науқас саяси тұтқын" Мұхтар Жәкішевке "адамшылық танытып" түрмеден босатуын сұраған. Бірақ бұл өтініштердің ешбіріне Қазақстан билігі реакция білдірген емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG