Accessibility links

"Солтүстік Кореяға айналдырмақшы ма?" Әлеуметтік желіні шектеу жайлы бастама және оған қарсылық


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

"Қазақстандықтардың сөз бостандығы мен құқығын шектеуге кезекті талпыныс жасалды". Билік партиясы депутаттарының заңға өзгеріс енгізу жайлы ұсынысына құқық қорғаушылар мен тәуелсіз журналистер осындай баға берді. Ұсыныста шетелдік әлеуметтік желі және мессенжер иесі оны Қазақстанда тіркетіп, жергілікті адам басқаратын филиалын ашуы керек деп айтылған.

Telegram мессенжері ашылмайды, WhatsApp-қа жаза алмайсыз, Gmail поштасы жұмыс істемейді, Twitter-де жаңалық бөлісу немесе Facebook пен Instagram-ға жазба жариялау мүмкін емес, YouTube-қа да кіре алмайсыз. Әлеуметтік желі мен мессенжердің ешбірі істемейді (VPN-мен ғана ашылады). Осындайды елестетіп көрдіңіз бе? Елдегі сөз бостандығын қорғаушылар қазір парламентте қаралып жатқан заң жобасы қабылданатын болса, Қазақстанда мұндай жағдай қалыпты құбылысқа айналуы мүмкін деп қауіптенеді.

Бұл заң жобасын мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлданған. Мәжілістегі екінші оқылымға дейін құқық қорғаушылар мен журналистер биліктен даулы заң жобасынан бас тартуды талап етіп, петиция жариялады. Петиция авторлары репрессивті өзгерістер интернетті реттеуді емес, оған бақылау және цензура орнатуды көздейді деп есептейді.

ДЕПУТАТТАР НЕ ҰСЫНДЫ?

Журналистер мен қоғам өкілдері кіре алмайтын жабық мекемеге айналғанына бір жарым жыл болған парламент (пандемия кезінде енгізілген шектеуге байланысты ғимаратқа бөтен адамды кіргізбейді) Қазақстандағы сөз бостандығы аздап болса да сақталған бірлі-жарым алаңның бірі – әлеуметтік желілердің жағдайын түбегейлі өзгертетін заң жобасын қарап жатыр.

Қазақстан парламенті мәжілісінің ғимараты.
Қазақстан парламенті мәжілісінің ғимараты.

Қоғамда қызу талқылауға түрткі болған құжат "Қазақстан Республикасының балалар құқығын қорғау мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады. Заң жобасын парламентке "Нұр Отан" партиясынан сайланған депутаттар Айдос Сарым мен Динара Закиева ұсынған. Олар бұл құжат балаларды интернеттегі буллингтен қорғауға көмектеседі деп сендіруге тырысады. Айдос Сарым жыл сайын елде әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде ондаған мың бала құқығын бұзу фактісі анықталатынын, шетелдік онлайн-платформалар мұндай контентті шектеуді сұраған Қазақстан билігінің өтінішіне құлақ аспайтынын айтады. Депутат өзі ұсынған заң жобасы осы мәселені шешеді дейді.

Бұл жобада шетелдік онлайн-платформа мен жедел хабар алмасу сервисі Қазақстанда заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, компанияның Қазақстандағы өкілдігін ашуы керек, оны Қазақстан азаматы ғана басқара алады деп жазылған. Ал заң жобасы күшіне енгеннен кейін жарты жыл ішінде әлгіндей талапты орындамаған компанияның қызметіне Қазақстан аумағында тыйым салынуы мүмкін.

Заң жобасында "Филиал басшысы Қазақстан билігі заңға қайшы деп тапқан ақпаратты өшіруге не бұғаттауға міндетті" деген бөлім бар. Филиал басшысы ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен келген шағымды бірден қарап, онда жазылған талапты бір тәулік ішінде орындауы керек.

Құжат күшіне енсе, министрлікке онлайн-ресурсты бұғаттау құзыреті берілмек. Қазіргі заң бойынша, сайт тек сот шешімі бойынша бұғатталады.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР ЖАҢА ЗАҢ ЖОБАСЫНА НЕГЕ ҚАРСЫ?

Заңға өзгеріс енгізуді ұсынған депуттардың бірі Айдос Сарым "Google, Facebook сияқты алпауыт компаниялар қазақстандықтардың көмегімен миллиардтаған доллар ақша тауып отыр, олардың Қазақстаннан филиал ашуға жағдайы жетеді" деп есептейді.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясынан парламентке сайланған депутат Айдос Сарым.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясынан парламентке сайланған депутат Айдос Сарым.

Айдос Сарым Orda.kz басылымына "…Бұл компаниялар негізгі қызметінен бөлек, бізге жарнама тықпалап, сатады, сондықтан оларға бола алаңдаудың қажеті жоқ. Екіншіден, Қазақстанда шамамен 2-3 миллион қолданушы бар. Алпауыт компаниялар өз аудиториясын, қолданушыны құрметтесе, үлкен бюджетінің бір бөлігін қазақ тілін білетін екі-үш контент-менеджер жалдауға қияды деп ойлаймын. Олар Америкада не Еуропада, әлемнің қай бұрышында болса да, біздің үкіметпен байланыста болса жеткілікті. Біз бәрін бұғаттаймыз деп жатқан жоқпыз ғой" деген. Бұған қоса ол "шағым қабылдайтын ресми тұлғалар керек, олар [қазақ тілін] білуі шарт" деп түйіндеген.

Сарымның сөзімен көп адам келіспейді. 29 қыркүйекте қазақстандық құқық қорғаушылар мен журналистер әлеуметтік желіде заң жобасына қарсы петиция жариялап, қол жинай бастады. 1 қазандағы дерек бойынша, петицияға тоғыз мыңға жуық адам қол қойған.

Петицияға қол жинау науқаны аяқталғаннан кейін парламент пен президент әкімшілігіне жолданатын хатта "Google, Mozilla сияқты ірі интернет-платформалар, Facebook, Instagram әлеуметтік желілері немесе Whatsapp, Telegram мессенжерлері Қазақстанда өкілдігін ашып, биліктің шартына көнуден бас тартуы мүмкін. Онда қазақстандықтар интернетті еркін пайдалану мүмкіндігінен айырылады" деп жазылған.

Internet Society Kazakhstan қоғамдық бірлестігі директоры, петиция авторларының бірі Талғат Нұрлыбаев алпауыт технология компаниялар Қазақстанға мұқтаж емесін, бірақ Қазақстанға олардың қызметі қажет екенін айтады.

– Бұл компаниялар Қазақстаннан филиал ашқысы келмесе, біздің провайдерлер олардың қызметін бұғаттауға мәжбүр болады. Қазіргі заманда YouTube, Gmail, Facebook, Linkedin сияқты желіден ажырап қалған қазақстандықтың өмірін елестетудің өзі қиын. Бірақ осы талқыланып жатқан заң жобасы қабылданатын болса, жағымсыз сценарий шындыққа айналады, – дейді Талғат Нұрлыбаев.

Internet Society Kazakhstan қоғамдық бірлестігі директоры Талғат Нұрлыбаев.
Internet Society Kazakhstan қоғамдық бірлестігі директоры Талғат Нұрлыбаев.

Нұрлыбаев Google, Facebook пен Amazon-ды әлемдегі ақпарат-коммуникация технологиялары саласындағы көшбасшы әрі дамудың жаңа трендін қалыптастыратын компаниялар қатарына жатқызады. Сарапшының пікірінше, Қазақстан билігі әлеуметтік желілерден ерікті түрде бас тартса, ел өркениеттің жаңа жетістіктерінен мақұрым қалады.

– Билік Қазақстанды Солтүстік Корея, Түркіменстан, Иран, кейінгі кездегі Ауғанстан секілді елге айналдырғысы келе ме? – дейді Нұрлыбаев.

Нұрлыбаев ақпараттық технологияларды жақсы меңгерген жастарда шетелге кету керек шығар деген көңіл-күй басым екенін айтады. Ал биліктің осындай бастамасы оларды соған итермелей түседі деп алаңдайды.

Сарапшы кейінгі бес жылда интернеттің Web 3.0 деп аталатын, қандай да бір орталыққа тәуелді емес (блокчейн революциялық технологиясына негізделген сервистер, қаржы [Bitcoin], Mastodon, Minds, Steemit сынды әлеуметтік желі, т.б.) жаңа кезеңі қарқын алып бара жатқанына назар аударады.

– Орталықтандырылмаған сервистің иесін ешкім білмейді. Сондықтан біздің шенеуніктердің кімге талап қойғысы келетіні түсініксіз. Оларды бұғаттау да қиын, тіпті, мүмкін емес деуге болады. Ол үшін интернетті мүлде өшіріп тастау керек шығар. Халықаралық тәжірибеге үңілсек, интернет-сервисті бұғаттауды көздеген талпыныстың көбі сәтсіз аяқталғанын көреміз. Интернетті шектейтін зор аппараты бар Қытайдың өзі Google, Facebook, Twitter және басқа да [сервистерді] толық жауып тастай алмады. 2018 жылы Ресей билігінің Telegram-ға қарсы күресінен де еш нәтиже шыққан жоқ, – дейді сарапшы.

Internet Society Kazakhstan қоғамдық бірлестігі директоры Талғат Нұрлыбаев басқа ақпарат құралдары мемлекет бақылауында болғандықтан, осы жолы билік заң өзгерісін енгізу арқылы интернетке бақылауды күшейткісі келеді деп топшылайды.

Бұл пікірге "Құқықтық медиа орталық" қоғамдық ұйымы заңгері Гүлмира Біржанова да қосылады.

– Мемлекеттік тапсырысқа жұмыс істейтін дәстүрлі медиада сөз бостандығы жоқ, билікке қарсы сын жекелеген интернет ресурстар мен жаңа тәуелсіз ақпарат құралдары жұмыс істейтін әлеуметтік желіде ғана кездеседі. Ал заңға енгізілетін өзгерістер сөз бостандығын шектеуге әкелуі мүмкін, – дейді ол.

Қазақстан әлеуметтік желіні бұғаттамақ па?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:27 0:00

РЕСЕЙДІҢ ІСТЕГЕНІН ҚАЙТАЛАУ

Даулы заң жобасына қарсы шығып, петиция жариялаған отыздан астам белсенді жобаны дайындаушылар "манипуляция жасау әдісіне" жүгініп, бала құқығын қорғауды сылтауратып отыр деп есептейді. Digital Paradigm қоғамдық қоры директоры, цифрлық құқық жайлы сараптама тобының мүшесі Елжан Қабышев заң жобасы мен балаларды қорғаудың арасында еш байланыс жоғын айтады.

– Мұндай бастамаға балаларды пайдалану өте ыңғайлы. Аталған заң жобасына қарсы айтылған кез келген сынға "Сонда балаларды қорғағың келмей ме?" деп жауап беруге болады. Бұл – бала атын жамылып, желінің жұмысын реттегісі келген адамдар үшін өте ыңғайлы позиция, – дейді ол.

Digital Paradigm қоғамдық қоры директоры Елжан Қабышев.
Digital Paradigm қоғамдық қоры директоры Елжан Қабышев.

Қабышевтың сөзінше, депутаттар заңға қайшы материалдарды шектеудің тиімділігін арттыру керек дегенді алға тартады. Бірақ мәселе мемлекеттің қандай материалды заңға қайшы деп тауып, оны өшіру үшін компаниялармен қалай жұмыс істейтінінде болып отыр. Сарапшы осыған дейін Қазақстанда тыйым салынбаған сайттар жұмысына негізсіз шектеу қойылғанын еске салды. Мысалы, сөз бостандығын қорғайтын "Әділ сөз" қорының сайтын тыйым салынған сайттар тізіміне енгізген. Ал мемлекет 2020 жылы қоғамдық ұйым сайтын қате бұғаттағаны үшін ешқандай жауапқа тартылған жоқ.

Елжан Қабышев Қазақстан интернетті шектеу туралы заң қабылдаған Ресейдің іс-әрекетін қайталап жатқанын айтады. Ресейде ірі корпорациялардың филиалы жұмыс істейді. Бұл компаниялардың Роскомнадзордың талабымен биліктің қолайына жақпайтын контентті өшірген кезі де болған.

Өткен аптада Ресейдегі парламент сайлауынан кейін Apple мен Google компаниялары интернет дүкенінен ақылмен дауыс беру қызметі бар (азаматтарды сайлауда биліктің "Единая Россия" партиясына қарсы кандидаттарға дауыс беруге жұмылдырады) "Навальный" қосымшасын өшіріп тастады. Бұл қосымшаны түрмеде отырған орыс оппозиционері Алексей Навальный жасаған. Apple мен Google-дың бұл ісіне алаңдаған Навальныйдың жақтастары америкалық компанияларды "Кремльдің ырқына жығылды" деп сынаған.

"Ақылмен дауыс беру" деген не? Кремль мен "Единая Россия" одан неге шошиды?

"Ақылмен дауыс беру" деген не? Кремль мен "Единая Россия" одан неге шошиды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:23 0:00

YouTube желісіне иелік ететін Google компаниясы өзіне "Навальный" қосымшасын өшірмесеңдер қызметкерлеріңді түрмеге қамаймыз" деген қоқан-лоқы жасалғанын мәлімдеді.

YouTube желісінің бас директоры Сьюзан Воджицки Bloomberg TV арнасына берген сұхбатында "корпорация үкіметпен жұмыс істеген кезде жергілікті заңдар мен оқиғалар сияқты көп факторды ескеруі керек" деп ақталды.

Азаттық шетелдік корпорациялардың Қазақстан парламентінде талқыланып жатқан заң жобасына байланысты пікірін сұрап, Facebook және Google компанияларына хат жолдады. Редакция "Орталық Азиядан филиал ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр ма?" деп сұрады. Бірақ осы мақала жарияланғанға дейін компаниялардан жауап келмеді.

Парламент мәжілісі 15 қыркүйекте даулы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған кезде палата спикері Нұрлан Нығматулин әріптестерін "баланы қорғауға арналған норманы" қабылдауға үндеп, "парламент мүшелері ешкімнің сөзіне қарамай әрекет етуі керек" деп ескертті.

28 қыркүйекте ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әлеуметтік желілерге иелік ететін ірі компаниялармен "бала құқығын қорғау туралы" заң жобасы бойынша келіссөз жүргізді. Вице-министр Кемелбек Ойшыбаев алпауыт технология компаниялары қазақстандық шенеуніктерді тыңдап, ойлануға мұрсат алғанын айтты.

"Әділ сөз" қорының дерегінше, әлемнің 12 елінде әлеуметтік желі мен мессенжер бұғатталған. Бұл мемлекеттер сөз бостандығы рейтингінде ең төменгі орыннан тапжылмайды.

"Бұл норма қабылданатын болса, елдегі ақпарат алу және тарату, интернетті пайдалану құқығының шектелуіне, сырттан келетін инвестиция көлемінің азаюына, азаматтар мен бизнес белсендігінің төмендеуіне апарып соғады, жарнама мен электронды сауданың дамуына кедергі келтіреді" деп мәлімдеді "Әділ сөз".

Құқық қорғаушылар мен журналистер бастамасымен дайындалған онлайн-петицияға қол жинау 15 қазанға дейін жалғасады. Одан кейін парламент мен президент әкімшілігіне хат жолданады. Петиция авторлары цензура мен адамның цифр құқығын шектеуге жол бермеу үшін интернетті реттеу мен дамытуға байланысты бастамалар міндетті түрде IT қауымдастық, құқық қорғаушылар, азаматтық қоғам және мүдделі топтардың қатысуымен талқылануы керегін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG