Accessibility links

"Ауруханада жүрегі тоқтады". Арон Атабек қайтыс болды


Арон Атабек.
Арон Атабек.

Ақын диссидент Арон Атабек (Едігеев) 68 жасында өмірден өтті.

2006 жылғы Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталып, биыл түрмеден шартты жазамен босап шыққан диссидент ақын Арон Атабаек 24 қараша кешкісін 68 жасында қайтыс болды. Бұл ақпаратты Азаттыққа Арон Атабектің қарындасы Рәзия Нұтышева айтты.

- Ауруханада жүрегі тоқтап қалды, - деді ол Азаттыққа.

Арон Атабек жатқан Алматыдағы "Медициналық көмек орталығы" атынан әлеуметтік желіде тараған мәлімдемеде науқастың "қан айналымы тоқтап" қайтыс болғаны айтылады. Медициналық көмек орталығы Арон Едігеевтің "аса ауыр деңгейдегі коронавирус инфекциясы" диагнозы қойылғаннан кейін ауруханаға жатудан бас тартқанын, кейін ауыр жағдайда реанимацияға түскенін ескертіп, марқұмның жақындарына көңіл айтқан.

1 қазанда Павлодардың №2 соты жазылмайтын дертке шалдығуына байланысты жаза мерзімін бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырып, Арон Атабекті түрмеден босатқан еді. 15 жылын түрмеде өткізген ақын бостандыққан шыққан соң Алматыға оралған. Кейін Атабектің халі нашарлап, Алматыдағы ауруханаға коронавирус диагнозымен жеткізілген еді, өкпесі қабынғаны да хабарланған.

Атабек бір айдан бері ауруханада жатқан еді. 11 қарашада қарындасы Рәзия Нұтышева Азаттыққа Арон Атабектің реанимация бөлімінде комада жатқанын, жағдайы нашар екенін айтқан.

"Қаншама ақуыз құйып жатыр, бірақ сіңбейді. Салмақ қоспай жатыр. Әлі трубка арқылы тамақ ішеді. Тамақ тамыр арқылы құйылады. Әбден өлейін деп қалған кезде [түрмеден] босатып отыр ғой. Коронавирусы азайған дейді, бірақ өкпесін түсіру үшін басқа жаққа ауыстыру керек екен, себебі клиникада ондай құрылғы жоқ. Жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр. Оны алып тастаса, бірден тынысы тарыла бастайды. Қан қысымы төмендеп кетеді" деген еді сол кезде қарындасы.

Түрмеге қамалғанға дейін ірі денелі болған ақын биыл түрмеден қатты жүдеп шыққан. Саусақтары жансызданып, қолы көтертпей қалған. Ақынның денсаулығы нашарлай бастағаны бірнеше жылдан бері айтылып жүрді.

Биыл тамызда Қазақстанда Ұлттық алдын алу тетігі қатысушылары Атабекпен жолығып, халінің нашар екенін айтты. Диссидентпен жолыққандар Атабектің жүдеп кеткен фотосын жариялаған еді.

Арон Атабек түрмеде отырған кезі. 18 тамыз 2021 жыл.
Арон Атабек түрмеде отырған кезі. 18 тамыз 2021 жыл.

Осыдан соң қоғамда ақынды босату талабы күшейді. Қазанның басында Павлодар соты айықпас дертке шалдыққан Атабекті түрмеден босату туралы шешім шығарды. Сол кезде оған омыртқасы мен жұлыны зақымданған деген диагноз қойылған еді.

Түрмеден шыққан соң Азаттыққа берген сұхбатында ақын "мен қазақтың самурайымын, соңына дейін күресемін" деген еді. Бұл - Атабектің журналистерге берген соңғы сұхбаты еді.

Азаттық радиосы диссидент ақынның отбасына қайғырып көңіл айтады.

ТҮРКОЛОГ, АҚЫН, ДИССИДЕНТ

Шаңырақ ісі бойынша ең ауыр жаза алған Арон Атабек (негізгі тегі Едігеев, Атабек - әдеби лақап есімі) қоғамдық-саяси қызметке совет кезінен араласқан. Замандастары оның СССР тұсында коммунистік билікке, Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін авторитарлық жүйеге қарсы күрескен диссидент ретінде танылғанын айтады.

Ресейдің Астрахань облысында дүниеге келген Арон Атабек Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Кейін Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік университетінің моңғолистика және түркология кафедрасы аспирантурасында оқыған. Біраз уақыт кино, баспа саласында жұмыс істеген.

Арон Атабектің соңғы сұхбаты. 6 қазан 2021 жыл.

Арон Атабек: Ауруханада он күн кісенделген күйі жаттым
please wait

No media source currently available

0:00 0:12:16 0:00

Куәгерлердің айтуынша, 1986 жылы желтоқсанда Геннадий Колбинді Қазақ ССР-і компартиясына басшы етіп жіберген Мәскеудің шешіміне наразылық білдіріп, Алматының орталық алаңына шыққандардың арасында Арон Атабек те болған.

Ол өз естелігінде 1989 жылғы сәуірде СССР халық депутаттарының бірінші съезіне 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қайта баға беріп, оған қатысқаны үшін сотталғандардың барлығын толық ақтап, түрмеден босатуды және Қазақстанға егемендік беруді талап етіп, Мәскеудегі билікке петиция жазуды ұйымдастырғанын айтқан.

1990 жылы көктемде Арон Атабек пен бірнеше серігі "Алаш" ұлттық тәуелсіздік партиясын құрғанын жариялайды. Дәл осындай атаумен газет те шығарады. Сол кездегі газет материалдарында тіркелмеген ұйымның саяси платформасында "исламшыл, түрікшіл және демократиялық" партия екені жазылды. 1991 жылдың бас кезінде Арон Атабек Мәскеуге қоныс аударып, күзден бастап "Хақ" саяси басылымын шығарып тұрды, оның "Алаш және қазақ ұлты" ("Алаш и казахская нация") деген брошюрасы көп тиражбен баспадан жарық көрді.

Сол жылы желтоқсанда тіркелмеген "Алаш" партиясының бірнеше белсендісі "Алматы мешітіне баса-көктеп кіріп, тәртіпсіздік жасады" деген айыппен тұтқындалып, сотқа тартылды. Бұдан соң "Алаш" партиясының белсенділігі бәсеңдеді.

Атабек Мәскеуден шығарған "Хақ" газетінде белгілі қазақ диссиденті Кәрішал Асановтың "Егемендік елесі" атты қолжазба кітабынан "Президенттің күлкісіне сенбе" деген тақырыппен үзінді жарияланды. Осыған байланысты 1992 жылы Қазақстан тергеу орындары Арон Атабекті жауапқа тартпақ болады. Осы тұста Атабек Ресейден Әзербайжанға кетеді.

1993 жылы Әзербайжанның демократиялық жолмен сайланған алғашқы президенті Әбілфайыз Елшібей қызметінен кетіп, бұрынғы коммунист басшы Гейдар Әлиев билікке оралған соң Арон Атабек те Әзербайжаннан кетуді ұйғарады. Бірнеше жылдан соң Қазақстанға қайтып оралады.

2000 жылдардың ортасына қарай Арон Атабек "Қазақ ұлты" қоғамдық бірлестігін құрып, саяси өмірге белсене араласа бастайды. Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев құрған авторитар билік жүйесін сынап, өзге оппозициялық партиялармен бірге бірнеше акцияға қатысады. Ол үйсіз қазақтардың құқығын қорғайтын қозғалыс құру туралы бастама көтереді.

Алматыдағы "Әйгерім", "Бақай", "Ұлжан", "Шаңырақ" сияқты елдімекендерге елдің әр өңірінен күнкөріс қамымен көшіп келген азаматтарға өздері салып алған баспананы қорғау үшін күш біріктіруді ұсынады.

2006 жылы 14 шілдеде билік Алматы қаласы Шаңырақ елдімекеніндегі "заңсыз салынған" үйлерді сүрмек болғанда жұрт жағында болып, баспаналарын қорғауға көмектескен. Кейін Шаңырақ оқиғасынан соң ол "тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен 18 жылға сотталды.

Арон Атабектің Шаңырақ оқиғасы кезіндегі суреті. Алматы, 14 шілде 2006 жыл.
Арон Атабектің Шаңырақ оқиғасы кезіндегі суреті. Алматы, 14 шілде 2006 жыл.

Сот үкімі шыққаннан кейін Арон Атабек Алматыдан тысқары жерде бірнеше түрмеде қамауда болды. 2014 жылдың сәуірінен бері Павлодар тергеу изоляторында жалғыз адамдық камерада отырды. Қамауда отырған кезде екі мәрте "түрме ішіндегі түрме" шарасымен жазаланған, яғни хат жазысу мен кездесу құқығынсыз, ұзақ уақыт жалғыз қамалған. Тұтқынның түрмеде өзіне әкімшіліктің жасаған іс-әрекетін қатыгез әрі адамның ар-намысына тию деп тануды сұраған талабы қанағаттандырылмады.

2014 жылы Атабек Павлодар түрмесінен жазған хатында ем алу жайлы өтінішін қабылдамай жатқанын хабарлаған. Алайда түрме басшысы оның денсаулығы "емделуді қажет етпейді" деп жауап берді. Диссидент енді денсаулығы жайлы ешқайда және ешкімге шағынбайтынын жазған. Кей жылы оған сәлемдеме беру де қиындап кеткен еді.

Ол 18 жылдық түрме жазасының үштен екісін өтеген соң мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығу туралы өтініш білдіру құқығын иеленген. Бірақ Арон Атабек түрмеде өзімен жолыққан жергілікті құқық қорғаушыларға биліктен мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды немесе рақымшылық жасауды сұрамайтынын, себебі өзін кінәсіз санайтынын мәлімдеген.

Биыл ақпан айында Мұрат Әуезов, Ұлықбек Есдәулет, Олжас Сүлейменов, Бақыт Беделхан, Амантай Асылбек, Гүлжан Ерғалиева, Талғат Айтбай сынды бір топ ақын-жазушы мен журналист Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан түрмеде отырған диссидент ақын Арон Атабекті босатуды сұрап хат жазған. Бұл үндеуге Ресейдің ПЭН-Москва және "Свободное слово" ассоциациясы құқық қорғау ұйымдары да қосылып, Қазақстан билігінен Арон Атабекті қамаудан босатуды сұраған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Арон Атабекті саяси тұтқын деп таныған еді. Атабектің есімі АҚШ мемлекеттік департаментінің Адам құқықтары жөніндегі есебінде, Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқығы ахуалы туралы қабылдаған қарарында бірнеше рет аталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG