Алматының "Шаңырақ" шағын ауданында баспананы заңсыз салып алғандарды ол жерден кетіру туралы сот шешімін орындауға келген полиция жасағы мен тұрғындар арасында болған қақтығыс.
Шаңырақ оқиғасы, 14 шілде 2006 жыл.

1
Шаңыраққа ертең полиция жасағы келіп, үйлерді бұзады дегенді естіген тұрғындар түнді көз ілмей өткізді.

2
Сот елдің аймақтарынан жұмыс іздеп Алматыға қоныс аударғандар Шаңырақта заңсыз баспана тұрғызған деп шешім шығарған еді.

3
Шаңырақтың шетіне полиция жасағы кіргенде күн әлі көкжиектен көрінбеген болатын.

4
Өз баспаналарын қорғауға бекінген тұрғындар кіре беріс жолды таспен, ескі автокөлік дөңгелектерімен бөгеп тастады.

5
Полицияның алдынан шыққан әйелдер, олардан елді мекенге кірмей-ақ қоюды жалынып сұрады.

6
Оппозиция қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы (ортада) полицияны даулы мәселені келіссөз арқылы бейбіт жолмен шешуге үндеді.

7
Басшылардан сот шешімін орындау туралы бұйрық алған полицияның алдын кес-кестеген әйелдер оларды тоқтатпақ болды.

8
Полиция жасағы әйелдердің әлсіз тосқауылын бұза-жара Шаңыраққа кіруге бет алды.

9
Оқиғаны алыстан сырттай бақылаған тұрғындар полиция әйелдерге қарсы күш қолданған соң оларға тас лақтыра бастады.

10
Бетпе-бет қақтығыстан соң полиция кейін шегінді, екі жақтан да жараланғандар болды.

11
Тұрғындар Алматы полициясы бастығының орынбасары Нұрлан Самалиховтан (оң жақтан екінші) жасақты алып кетуді сұрады.

12
Осындай талап-тілекті Шаңырақ өкілдері Әуезов ауданының әкімі Владимир Устюговқа (оң жақтан төртінші) да жеткізді.

13
Сөзіне билік құлақ асар деп үміттенген тұрғындар алғашқы қақтығыс кезінде өздері кепілге алған полицейлерді босатты.

14
Бірақ, полиция қайтадан Шаңыраққа кіруге бірнеше мәрте әрекет жасады.

15
Бұл жолы полиция тұрғындарға қарсы түрлі арнайы құралдар қолданып, өрт сөндірушілер командасы да жұмылдырылды.

16
Қарсылық танытқандарды полицейлер ұстап алып кетті.

17
Бұндай шараға алғаш рет қатысқан кейбір полиция қызметкерлерінің жүзінен абыржушылық байқалды.

18
Әлдекімдер полиция офицерінің үстіне бензин құйып өртеді.

19
24 жастағы тергеуші Әсет Бейсенов қатты күйіктен есін жимастан, бірнеше күннен соң ауруханада дүние салды.

20
Шаңырақ оқиғасы кезінде жараланған ақын Арон Атабек. Кейін сот оны "Шаңырақтағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды, қақтығыс кезіндегі полиция өкілінің қазасына айыпты" деп танып, ұзақ жылға соттады.

21
Әрекеттері сәтсіз аяқталған соң полиция Шаңырақтан кетті, бірақ жұрт олардың қайтып келуінен сақтанып біразға дейін тарамады.

22
Жол үстінде өртке қарсы қызметтің отқа оранған автокөлігі қалды.

23
Ашу-ызаға булыққан топтың қаһарынан полицейлерді шаңырақтықтардың өздері қорғап, араша түсті.

24
Тұрғындар жараланған полиция қызметкерлерін жедел-жәрдем көлігіне жеткізді.

25
Шаңырақ қақтығысында жеңіске жеткен тарап болған жоқ. Бұл оқиға қоғам мәселесін күш арқылы шешуге болмайтынын көрсетті.
Пікірлерді көріңіз (2)
Қалған комменттер