Accessibility links

Түрмеде аштық жариялаған Арон Атабектің өміріне қауіп төніп тұр деп дабыл қағады туыстары


Шаңырақ оқиғасы барысында соққыға жығылған ақын Арон Атабек. Шаңырақ, 14 шілде 2006 жыл.
Шаңырақ оқиғасы барысында соққыға жығылған ақын Арон Атабек. Шаңырақ, 14 шілде 2006 жыл.

Саяси диссидент Арон Атабек аштық жариялап түрменің изоляторына түсті деп хабарлады оның жұбайы Жайна және ұлы Асқар Айдархан. Алайда Әділет министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бұл ақпаратты растамай отыр.

Азаттық радиосына сәрсенбі күні Арон Атабектің жұбайы Жайна және ұлы Асқар Айдархан хабарласты. Олар Қаражал түрмесіндегі бір кісілер өздеріне Арон Атабектің (жеке төлқұжаты бойынша Арон Едігеев) аштық жариялап түрме изоляторына түскендігін және оның өміріне қауіп төніп тұрғандығын жеткізгендігін сол күні кешкісін Азаттық тілшісіне баяндап берген.

– Бізге хабарласқан кісі «Аронды мүмкіндігінше тезірек басқа лагерге ауыстырыңыздар. Өйткені ол өте қауіпті жағдайға тап болды. Түрмедегі басқа да сотталғандар одан кек алуды қалайды» деп жазыпты, – деді Жайна Айдархан.
Алматы қалалық сотында Шаңырақ ісі бойынша айыпталушы Арон Атабек темір тордың ішінде тұр. Алматы, 5 қазан 2007 жыл.

Атабектің ұлы Асқар Айдарханның айтуынша, хабар жеткізген кісі Қаражал түрмесінде 140-қа жуық шұғыл отряд тобы екі барактағы сотталғандарды ұрып-соққан болуы мүмкін.

– Осы отрядтың әрекеттері түрмедегі сотталғандардың қатты ашу-ызасын туғызған. Яғни, жүйенің күштері түрмедегілер арқылы Арон Атабекке қысым көрсетуге талпынып жатыр, – дейді Асқар Айдархан.

Атабектің жақындары түрмедегі жағдайға қатысты мәліметтерді жеткізген кісінің жеке басының қауіпсіздігі мақсатында оның аты-жөнін атаудан, сондай-ақ Қаражал түрмесіндегі жағдайға қатысты тағы бірқатар жайттарды айтудан бас тартып отыр.

«НАЗАРБАЕВЩИНА ЖӘНЕ РЕВОЛЮЦИЯ» МАҚАЛАСЫНАН КЕЙІН ҚЫСЫМ КҮШЕЙДІ»

Алайда олар Атабектің денсаулық жағдайы өте нашар екендігін, соның салдарынан ол жалпы 30 келі салмағынан айрылғандығын хабарлады. Сонымен қатар, Атабектің жақындары бұл жағдайлар Қаражал түрмесінің өз ішіндегі, атап айтқанда мекеме басшылығы мен сотталғандардың арасындағы келіспеушіліктің салдарынан туындауы мүмкін екендігін айтып отыр.

Бұдан бөлек, олар Атабектің жеке басына қатысты қысымның көбеюін жақында ақынның бірқатар өлеңдері интернетте жарық көргендігімен де байланыстырады.

– Жақында Арон өзінің өлеңдерін интернетте жариялады. Ол «Назарбаевщина және революция» атты мақаласының екінші бөлімі ретінде жарық көрді. Осы мақаладан кейін қысым одан сайын күшейе түсті, – деді Жайна Айдархан.
Ол «Назарбаевщина және революция» атты мақаласының екінші бөлімі ретінде жарық көрді. Осы мақала жарық көргеннен кейін қысым одан сайын күшейе түсті

Осыған орай Атабектің жақындары оның жеке басының қауіпсіздігі үшін қатты алаңдаулы екендіктерін, сондай-ақ ақынды тез арада басқа бір лагерге ауыстыруды сұрайтындықтарын айтып отыр.

ЕДІГЕЕВТІҢ ӨТІНІШІН ТЕКСЕРГЕН КОМИССИЯ НӘТИЖЕСІ БЕЛГІСІЗ


Алматы және Алматы облысы бойынша пенитенциарлық мекемелердегі адам құқығының сақталуына мониторинг жөніндегі қоғамдық бақылау комиссиясының төрайымы Ардақ Жанәбілова, Азаттық радиосына берген сұхбатында, Арон Едігеевтің жақындары өзі басқаратын ұйымға хабарласқандығын және соның негізінде Астанаға хат дайындайтындығын айтты.

– Бұған дейін де Едігеевтің өтініші бойынша КУИС-ке (Әділет министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитеті) хат жолдаған болатынбыз. Комитет биылғы жаздың соңына таман Қаражалдағы түзеу мекемесінде тексеру жүргізді. Алайда сол тексерудің нәтижесі әлі жарияланған жоқ. Біз тағы да хат жазамыз, – деді Жанәбілова.

Әділет министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Михаил Лырчиков, бейсенбі күні Азаттық радиосына телефон арқылы берген сұхбатында, Арон Едігеевтің түзеу мекемесінде аштық жариялағандығына қатысты ақпарат бұл комитетке жетпегендігін, сондай-ақ Қаражалдағы түзеу мекемесінде шұғыл жасақ ешқандай операция жүргізбегендігін мәлімдеді.

2006 жылы шілде айында Шаңырақта болған жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды, тұрғындар мен полицияның қақтығысында полиция қызметкерінің қаза табуына айыпты деп табылып, 18 жылға сотталған ақын Атабек Қарағанды облысының Қаражал қалашығындағы 159/22 түзеу мекемесінде жаза мерзімін өтеп жатыр. Үкім 2007 жылы 5 қазанда шықты. Жалпы Шаңырақ ісі бойынша барлығы 24 адам сотталған болатын.
XS
SM
MD
LG