Accessibility links

"Соңына дейін шайқасамын". Түрме азабы әлсіреткен Арон Атабек күресін тоқтатпайтынын айтады


Совет диссиденті, "Шаңырақ ісі" бойынша 18 жылға сотталып, 15 жылдан астам уақыт түрмеде отырып шыққан ақын Арон Атабек. Алматы, 6 қазан 2021 ж.
Совет диссиденті, "Шаңырақ ісі" бойынша 18 жылға сотталып, 15 жылдан астам уақыт түрмеде отырып шыққан ақын Арон Атабек. Алматы, 6 қазан 2021 ж.

Азаттық бірнеше күн бұрын билік Павлодар түрмесінен шығарып, Алматыға жеткізген диссидент Арон Атабектен сұхбат алды. 15 жыл қамауда отырған ақынның қазіргі жағдайы қалай? Ол неге өзінің түрмеден босап шыққанын "алдау" деп санайды?

"АБАҚТЫДАН АЛДАП АЛЫП ШЫҚТЫ"

"Бостандыққа қалай шықтым? Бұл мистика сияқты басталып, менттердің мені жымысқы алдауымен аяқталды". Құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп атаған, кейінгі 15 жылдан астам уақыт түрмеде отырған Арон Атабек (Едігеев) Азаттыққа осылай деді. Өткен аптаның аяғында Павлодарда өткен сот тұтқынның қалған екі жарым жыл түрме жазасын бір жыл бостандығын шектеу жазасына алмастырған. Сот Атабектің "айықпас дертке шалдығуына байланысты" осындай шешім қабылдады. 2014 жылдың сәуірінен бері Павлодар түрмесінде (АП-162/1 мекемесі) отырған диссидентті қамаудан босату туралы шешім шыға сала оны Алматыға баратын ұшаққа салып жіберді. Қазір Арон Атабек Алматы шетіндегі қарындасының үйінде. Өйткені билік Атабектің пробация бақылауындағы кезде тұратын мекенжайы ретінде осы үйді белгілеген.

Азаттық тілшілері Арон Атабекпен сол үйде жолықты. 2006 жылы 14 шілдеде билік Алматы қаласы Шаңырақ елдімекеніндегі "заңсыз салынған" үйлерді сүрмек болғанда жұрт баспанасын қорғап, қарсылық көрсеткен. Полиция жасағы мен техника алып келген билік өкілдерінен Шаңырақты қорғауға жиналған халықтың арасында 53 жастағы совет диссиденті, ақын Арон Атабек те бар еді. Түрмеге қамалып, сотталғанға дейін ірі денелі болған ақын қазір шау тартып, қатты жүдеген, әрең қозғалып, баяу қимылдайды.

Арон Атабек: Ауруханада он күн кісенделген күйі жаттым
please wait

No media source currently available

0:00 0:12:16 0:00

Құқық қорғаушылар "Қазақстандағы саяси тұтқындар" тізіміне енгізген Арон Атабек қамауда отырған кезде қоғам өкілдері түрмеде денсаулығы нашарлап, дене мүшелеріне зақым келген ақынға дәрігер көмегі қажетін айтып, биліктен оны босатуды бірнеше мәрте сұраған. Жергілікті белсенділер, құқық қорғаушылар, ақын-жазушыларға қоса Батыс елдері мен халықаралық ұйымдардың Атабекті босату туралы үндеу-өтінішін билік жылдар бойы елеусіз қалдырып келді.

Арон Атабектің Азаттыққа айтуынша, биыл қыркүйектің аяғында Павлодар түрмесінде жалғыз кісілік камерада отырған тұтқын әлсіреп, құлап қалған.

– 21 қыркүйек кешке жатар алдында күтпеген жерден құладым. Еңкейіп едім, басым айналып құлап қалдым. Бұл бірінші құлауым емес, оған дейін де бес-алты рет құлағам. Бірақ ол кезде басымды жармап едім, бұл жолы байқамай қалып, басымды жарып алдым. Қан ақты. Жерде жатырмын, тұра алмаймын. Кезекші келіп, Арон тұр дейді. Түрме қызметкерлері мені көріп тұр. Менттерде монитор бар. Бірақ [құлаған кезде маған] келген жоқ. Жарты сағаттан соң түрме қызметкері мен дәрігер келді. Олар мені көтеріп, отырғызды. Дәрігер қарап, "басың жарылып, қан көп ағыпты, қазір тігеміз, егер тікпесек миың сыртқа шығып кетеді, сондықтан ауруханаға бару керек" деді. Мен ауруханаға жатуға түбегейлі қарсымын. Себебі онда мені өлтіріп тастауы мүмкін. Бірақ бұл жолы басым жарылған соң баруға тура келді, – дейді Арон Атабек.

Ақын қинала сөйлейді, тыныс алуы да қиындаған. Алматыға қарындасының үйіне жеткен соң, 5 қазанда Арон Атабекті "өкпесі зақымданған" деп жедел жәрдеммен ауруханаға апарған. Бірақ ол ауруханаға жатудан бас тартқан соң үйіне қайтарып, тыныс алу аппаратына қосқан. Атабектің жақтасы Мұратбек Есенғазының сөзінше, дәрігерлер оның өкпесі 38 пайыз зақымданғанын, ауруханада емделуі қажет екенін айтқан. Бірақ диссидент ауруханаға жатуға түбегейлі қарсы. Өзі оның себебін жүйеге сенбейтіндігімен түсіндіреді.

Диссидент ақын Арон Атабек. Алматы, 6 қазан 2021 жыл.
Диссидент ақын Арон Атабек. Алматы, 6 қазан 2021 жыл.

Арон Атабек түрмеден шықпас бұрын он күн Павлодардағы клиникалық ауруханада жатқан. Айтуынша, ауруханада қолына кісен салып қойған.

– Басымды майдангердікі сияқты айқыштап таңып берді, бірақ үйге [түрмені айтады – ред.] жібермеді. Ол ауруханада он күн жаттым. Сол он күн ішінде толық медициналық тексеруден өткізді. Былайша айтқанда, бұрын жазғандарын қайта жазып берді. Мені төсекке жатқызып, қолымды қабырғаға кісендеп қойды. Он күн бойы осылай кісендеулі күйі жаттым. Науқас адамның кісенделіп жатқанын елестетіңізші?! 10 күн бойы катетер қойды. Сөйтсем ол түнде зәр сындыру үшін қойылады екен. 10 күн бойы мүлде орнымнан тұрмадым десем де болады. Аяғымнан атрофия болған соң әлсіреп кеттім, – дейді ол.

Арон Атабек "түрмедегі қинап-азаптаудан денсаулығым нашарлаған" деп түсіндіреді. Кейінгі жылдары ақын қолына қасық пен қалам ұстаудан қалған. Құқық қорғаушылар Қазақстанда істі болғандар мен сотталғандарды абақтыда қорлау дағдылы жағдайға айналып кеткенін, тұтқынды азаптауға байланысты қылмыстық істер сотқа сирек жететінін, ал оны азаптағандар жазаға тартылмайтынын жиі айтады.

– 2006 жылы Алматы ішкі істер департаментінде қинағанда қолымды сындырған. Сол жолы сол қолым сынып, қос қолымның саусақтары мыжылған. Ол кезде жас әрі ірі едім. Тез жазылып кетті, айтарлықтай мәселе болмаған. Содан кейін 2014 жылы Павлодар тергеу абақтысына түскен кезде сол аяғымды екінші рет сындырды, бірінші рет [Шаңырақты] қорғауға шыққанда сындырған, – дейді диссидент.

"ТОЛЫҚ АҚТАУДЫ ТАЛАП ЕТЕМІН"

Арон Атабектің сөзінше, оны денсаулық жағдайына байланысты түрмеден босатуды соттан Павлодар түрмесі әкімшілігі сұраған. Диссидент өз талабы толық орындалмайынша, бұлайша түрмеден шығуға қарсы болғанын айтады.

– 1 қазанда Павлодар тергеу абақтысындағы кураторым – майор Оразалинов келді де, "Шал, сені басқа ауруханаға ауыстырамыз" деді. Менттер орнымнан тұрғызып, киіндірді. Арбаға отырғызып, лифтімен төмен түсірді. Одан кейін [Оразалиновтің] шетелдік көлігіне мені көтеріп салып, алып кетті. Жүріп келеміз, жүріп келеміз. Қаланың шетіне шықтық. Полицейлерден "Қайда апара жатырсыңдар?" деп сұрасам, айтпайды. Бір кезде артқы есіктен кіріп, қараңғы бір алаңға шықтық. Бір жарым сағаттан кейін Қымбат есімді медбикені алып келді. Ол да көлікке отырды. Бір кезде мотордың қатты даусы шықты. "Бұл қандай көлік болды екен?" деп ойладым. Үңіліп қарасам, бізге қарай ұшақ келе жатыр. "Бұл не?" деп сұрадым қасымдағы медбикеден. "Сіз білмейсіз бе, не? Біз әуежайдамыз ғой. Сізді үйіңізге апарамыз. Мен сізді медбике ретінде Алматыға шығарып салып, туыстарыңыздың қолына тапсырамын" деп жауап берді. Ішімнен "бірінші нокдаун" деп ойладым. Полицейлер "Біз саған айтқан жоқпыз, бірақ сені Алматыға жеткіземіз. Таңертең сот шешімі шыққан. Жаза толық бітпесе де сені босатты" деді. Әуежайда қарасам, бір адам тұр, таныс адам сияқты. Анықтап қарасам, қызым Алма екен. Оны әуежайға жіберіпті. Ол жылап-сықтап, мені құшақтап жатыр. Содан кейін ұшаққа барлық жолаушыны отырғызды да, ұшып кеттік. Екі сағаттан кейін Алматыға қондық. Мұның бәрі – мені оңдырмай алдау болды, – дейді Арон Атабек.

Ол сот үкімінен кейін қамауда отырған кезде екі мәрте "түрме ішіндегі түрме" шарасымен жазаланған, яғни хат жазысу, туыс-жақынымен кездесу құқығынсыз, ұзақ уақыт жалғыз қамалған. Тұтқынның түрмеде өзіне әкімшіліктің жасаған іс-әрекетін қатыгез әрі адамның ар-намысына тию деп тануды сұраған талабын билік қанағаттандырмады.

"СОҢЫНА ДЕЙІН КҮРЕСУ – ПАРЫЗЫМ"

Сот кезінде де, түрмеге қамалғаннан кейін де өзіне жала жабылып, жазықсыз сотталғанын айтқан Арон Атабек осыған дейін биліктен өзіне тағылған айыптарды жойып, толық ақтауды және жазықсыз жапа шеккені үшін толық өтемақы төлеуді талап еткен. Ол билікке мерзімінен бұрын босатуды я жазасын жеңілдетуді сұрап арыз-өтініш бермейтінін мәлімдеген.

Шаңырақ оқиғасы кезінде жараланған диссидент, ақын Арон Атабек. 2006 жылы 14 шілдеде түсірілген сурет. Кейін сот Атабекті "Шаңырақтағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды", "полиция өкілінің қазасына айыпты" деп танып, 18 жылға соттады.
Шаңырақ оқиғасы кезінде жараланған диссидент, ақын Арон Атабек. 2006 жылы 14 шілдеде түсірілген сурет. Кейін сот Атабекті "Шаңырақтағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды", "полиция өкілінің қазасына айыпты" деп танып, 18 жылға соттады.

Диссидент өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Ол полицейдің өліміне биліктің "қолдан жасаған арандатуы" себеп болды деп санайды. Атабек өзіне шыққан сот үкімін жою үшін халықаралық инстанцияларға қайырылмақ.

– "Маған денсаулығыма байланысты бостандық қажет емес. Мені нақақ тағылған жаладан толық ақтауды, материалдық өтемақыны толық төлеуді талап етемін" дедім. Мұны үкімге дейін де, кейін де айттым, – дейді ақын.

Атабек "билік мені түрмеде өліп қалады" деп қорыққан соң босатып отыр дейді. Оның сөзінше, 15 жылдан артық отырған қапастан бұлай едел-жедел босатуының себебі осы.

Диссидент тәуелсіздіктің отыз жылының тең жартысын түрмеде өткізді. 2014 жылдан бері жалғыз кісілік камера отырды. Бірақ үнемі өлең жазып, шығармашылықпен айналысқан. Қамауда қоғамның, кейбір адамдардың қолдауын сезіп, біліп жаттым дейді ол.

– Маған екі адам тұрақты түрде ақпарат жіберіп отырды. Бірі – павлодарлық Байғали Мейрамғалиев, екіншісі – оралдық Әлия Әбілқайырова. Олар мен жайлы жазылған нәрселерді қағазға шығарып, жолдайтын еді. Соларды оқыдым және сол арқылы елдің қолдауын сезіндім. Туған-туысымнан да хат келетін. Кейін оларға хат жазуға тыйым салған, хабар тоқтап қалған кездер болды, – дейді ақын.

Түрме азабы Арон Атабектің денсаулығын алса да, ақынның сағы сынбаған, жігері мұқалмаған. Денсаулығын оңдап алған соң саясатқа оралатынын айтады.

– Бірте-бірте жақсарып келе жатырмын. Жапон самурайларында "Самурай парызы – соңына дейін адал шайқасу" деген сөз бар. Мен де қазақ самураймын. Соңына дейін күресу – парызым. Денсаулығымды түзеп алған соң оппозициялық саясатты жалғастырамын, – деді ол болашақ жайлы.

Атабектің отбасы ол қамаудан шыққан соң мәлімдеме жасап, ақынға қымбат ем-дом қажетін айтты. Белсенділер оның қарындасының банк картасы деректерін көрсетіп, қаржы жинауды бастап кетті.

Диссиденттің жақындары Арон Атабекті "Шаңырақ ісі" бойынша толық ақтау керек, "оған ойдан құрастырылған айып таққан" деп мәлімдеді.

"Арон шартты жаза, кешірім я "реабилитация" сұраған жоқ" деді ақынның туыстары.

2006 жылы 14 шілдеде Шаңырақ елдімекенінде билік "заңсыз салынған" деп тапқан баспанасын қорғаған халық пен полиция арасында қақтығыс болды. Оқиға кезінде үстіне бензин құйылып өртелген полиция қызметкері Әсет Бейсенов бірнеше күннен кейін ауруханада көз жұмды. Марқұмның ата-анасы Қазақстан бас прокурорына хат жазып, Арон Атабекті түрмеден шығармауды сұраған деп хабарлады өткен аптада жергілікті басылымдар.

"Шаңырақ ісін" қараған Алматы соты 2007 жылы қазанда 25 адамға айыптау үкімін шығарған. Солардың ішінде Арон Атабек "тәртіпсіздікті ұйымдастырған" деген айыппен 18 жылға сотталды. Онымен бірге сотталған үш адамның екеуі – Ерғанат Тараншиев (15 жыл)пен Рүстем Тұяқов (14 жыл) 2018 жылы мерзімінен бұрын босап шыққан. Ал 16 жылға бостандығынан айрылып, 2013 жылы түрме әкімшілігінің "заңды талабына бағынбағаны" үшін жаза мерзіміне тағы екі жарым жыл қосылған Құрманғазы Өтегенов әлі түрмеде отыр.

Шаңырақтағы үйлерді сүру жоспары жүзеге аспаған соң Алматы билігі ондағы тұрғындардың баспанасын заңдастырып, инфраструктурасын реттеп берді. Қазір Шаңырақ – Алматы қаласының Алатау ауданы құрамындағы ықшамаудан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG