Accessibility links

Рүстем Тұяқовты түрмеден босатты


Рүстем Тұяқов "Шаңырақ ісі" бойынша сот процесі кезінде. Алматы, 5 қазан 2007 жыл.
Рүстем Тұяқов "Шаңырақ ісі" бойынша сот процесі кезінде. Алматы, 5 қазан 2007 жыл.

Қазақстанда "Шаңырақ ісі" бойынша сотталған Рүстем Тұяқов түрмеден босап шықты. 2007 жылы күзде Алматы соты оны 14 жылға бас бостандығынан айырған болатын.

"ҚУАНЫШТАН ЖЫЛАЙ БЕРЕМІЗ"

Қазақстанда 2007 жылы "Шаңырақ ісі" бойынша ұзақ жылға сотталған төрт азаматтың бірі – Рүстем Тұяқов түрмеден бостандыққа шықты. Бұл туралы Азаттыққа Тұяқовтың туыстары хабарлады. Әпкесі Гүлзира Тұяқованың айтуынша, Рүстем Тұяқов мамырдың 31-і түнде Алматы облысының Заречный кентіндегі түрмеден босап шыққан.

- Ағайын-туған болып күтіп алдық. Шартты мерзімінен бұрын босап шықты. Айыппұлының бәрі төленген. Босатуға тәртібі де әсер етті. Бәріміз қатты қуанып отырмыз, - дейді Гүлзира Тұяқова Азаттық тілшісіне.

Рүстем Тұяқов 2007 жылы күзде "Шаңырақ ісіне" қатысты ұзақ жылдарға сотталған төрт азаматтың ішіндегі ең жасы. Алматы сотының үкімімен 23 жасында 14 жылға бас бостандығынан айрылған азамат 12 жыл түрмеде отырды. Ол бұған дейін Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Алматы облыстарындағы қамау мекемелерінде жазасын өтеген.

Оқи отырыңыз: "Шаңырақ ісіндегі" еркіндікке шығаратын ақша мен саясат

Рүстем Тұяқов - үйіндегі жеті баланың кенжесі. Рүстемді ұзақ жыл көрмеген туыс-жақындары бостандыққа шыға сала он ауылға алып кеткен. "Туған жерге барып, анамызбен бірге біраз болса деп отырмыз. Әке басына Құран оқып, құдай тамақ берсек деп кетіп қалдық" дейді Гүлзира Тұяқова.

- Қуанышымызда шек жоқ. Алланың көзі түзу екен. Анамыз аман-есен. Сол күнге жеттік пе, жетпедік пе деп, қуаныштан тек жылай береміз. Бұрынғы әңгімелер... Кассета кішкене теріс айналып, бұрынғы жайттар еске түседі. Алайда айта алмаймыз. Айтқымыз да келмейді. Бірақ өзі сондай қуанышты, - дейді Гүлзира Тұяқова.

Рүстем Тұяқовтың анасы журналистермен сөйлесуге құлық танытпады. Ал Гүлзира інісінің сұхбат бергісі келмейтінін айтты.


"ШАҢЫРАҚ ОҚИҒАСЫ"

2006 жылы шілденің 14-і күні Алматы қаласының шетіндегі Шаңырақ ықшам ауданында "жерді заңсыз басып алды" деген уәжбен салынған үйлерді сүруге келген арнайы жасақ пен тұрғындар арасында қақтығыс болған. Таңертең ерте сот орындаушылары мен әкімдік өкілдері полиция және арнайы техникалармен бірге Шаңырақтағы үйлерді сүру туралы аудандық сот шешімін орындауға барған.

Фотогалерея. Шаңырақ оқиғасы (14 шілде 2006 жыл)

Үйлерін сүруге қарсы жергілікті тұрғындар мен полиция жасағы арасындағы тірес бірнеше сағатқа созылған, тұрғындар полицияға жанғыш заты бар шөлектер мен тас лақтырған.

Полиция тұрғындарға қарсы арнайы құралдар қолданған: жарқылдақ граната жарып, резеңке оқтармен атқан. Жаппай қақтығыс кезінде 24 жастағы полиция офицері Әсет Бейсеновтің үстіне белгісіз біреулер жанармай құйып өртеп жіберген. Денесінің 70 пайызы күйіп қалған ол 12 күннен кейін Алматы ауруханасында көз жұмған.

2007 жылы қазанда Алматы соты Шаңырақтағы жаппай тәртіпсіздік пен Әсет Бейсеновтің өліміне қатысты іс бойынша төрт адамды айыпты деп таныған.

Фотогалерея. "Шаңырақ ісі" бойынша сот (Алматы, 5 қазан 2007 жыл)

Сот үкімі бойынша Арон Едігеев (Арон Атабек) 18 жылға, Құрманғазы Өтегенов - 16 жылға, Ерғанат Тараншиев - 15 жылға және Рүстем Тұяқов - 14 жылға бас бостандығынан айырылған. Сотталушыладың барлығы өздеріне тағылған айыптарды терістеген. Жақтастары оларға " қолдан жасалған айыптар тағылды" деп санайды.

Сот тағы 18 адамға үш жылдан шартты жаза кескен. Екі әйел бір жылдан шартты мерзімге сотталып, бір адам ақталған.

Қазір түрмеде Шаңырақ оқиғасы бойынша сотталған үш адам – Құрманғазы Өтегенов, Ерғанат Тараншиев пен Арон Атабек отыр. Бұған дейін олардың да шартты түрде босап шығу мерзімі келгені, бірақ айыппұлдардың төленбеуіне байланысты босатылмай отырғаны айтылған.

Шаңырақ оқиғасы мен оған қатысты ұзаққа созылған сот процесінен кейін билік Шаңырақтағы үйлерді заңдастырып, Шаңырақ ықшамауданы кейін құрылған Алатау ауданының құрамына енгізілген.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG