Accessibility links

Лингвист ғалымдар латын әліпбиінің "соңғы нұсқасын" таңдағанын хабарлады


Алматыдағы атауы латынша жазылған сұлулық салондарының бірі.
Алматыдағы атауы латынша жазылған сұлулық салондарының бірі.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жөніндегі негізгі ғылыми жұмыстарды аяқтағанын мәлімдеп, 2021 жылғы сәуірде жарияланған латын әліпбиі түпкілікті нұсқа деп танылатынына үміт білдірді. Бұл жөнінде Informburo.kz сайты жазды.

Институт өкілдерінің айтуынша, 2022 жылы ғалымдар латын әліпбиіне негізделген қазақ тілінің жаңа орфографиялық анықтамалығы мен үлкен орфографиялық сөздігін әзірлеген.

Қазір институт үкіметке бір нұсқаны ғана таныстырып отыр. Оны институт өкілдері және лингвистер мен филологтардан құралған орфографиялық комиссия әзірлеп, дамытқан.

"2021 жылғы сәуірде қабылданған қазақ тілі әліпбиінің латын нұсқасы түпкілікті болады деп үміттенеміз. Ортологиялық еңбектерді саяси шешім шығару үшін жоғарыдағы инстанцияларға жібердік" деді институт өкілдері.

2021 жылғы сәуірде жарияланған латын әліпбиі.
2021 жылғы сәуірде жарияланған латын әліпбиі.

2021 жылы сәуірде норматив-құқық актілері сайтында Қазақстан президентінің жарлық жобасы жарияланып, латын әліпбиі нұсқалары талқыға шығарылған еді.

Қазақ тілін латынға көшіруді бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы тапсырған. Кейін таныстырылған диграфы және апострофы бар латын әліпбиі нұсқалары қоғамда сынға ұшырады. 2018 жылғы ақпанда Назарбаев латын әліпбиінің үшінші нұсқасын (ерекше дыбыстарды белгілеу үшін диакритикалық таңба қолдануды ұсынған нұсқа) бекіткен. Оны да қоғам жылы қабылдамады.

Үкімет 2023 жылдан бастап 2031 жылға дейін латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшуді жоспарлап отыр.

2022 жылғы маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиіне көшу жөніндегі тіл реформасын жүргізуге "асықпау қажет екенін" мәлімдеген. Ол Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтына қазақ тілі орфографиясының арнайы ережелерін шығаруды тапсырған.

Батыс ақпарат құралдары Қазақстанның латын әліпбиіне көшу жоспарын "орыс әлемінен аулақтану" деп атаған.

XS
SM
MD
LG