Accessibility links

Ұлыбритания баспасөзі экс-премьер Тони Блэрді "демократияға қосқан үлесі" үшін марапаттауды мысқылдап, отставкадан соң ол Қазақстан президенті сынды "деспоттар" кеңесшісі болғанын еске салған. Батыс басылымдары қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруді "орыс әлемінен аулақтау" деп атаған және Қазақстанда діни экстремизммен күреске бөлінген бюджет туралы жазған.

НАЗАРБАЕВҚА ЖҰМЫС ІСТЕГЕН БЛЭР МАРАПАТТАЛДЫ

Ұлыбританиялық Express газеті "Сену қиын: [Brexit қарсыласы] Тони Блэрдің демократия саласындағы жоғары награда алуы ашу-ыза тудырды" деген мақаласында қызметінен кеткеннен кейін сіңірген еңбегі үшін Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрге осы аптада Авраам Линкольн атындағы америкалық "Көшбасшылық премиясын" табыстауға қатысты комментарий жазған. Ол "табанды мінезі, дара ар-ұжданымен ерекшеленгені және демократия принциптеріне деген айнымас ұстанымы" үшін берілетін наградаға ие болған алғашқы британ азаматына айналды.

Бұл награданы Тони Блэрге тапсыруды оның көптеген бәсекелесі сынап жатыр. Мысалы, парламенттің консерватор мүшесі Найджел Эванс "Тони Блэр – демократ емес. Ол көп уақытын демократиядан мүлде алыс елдерге кеңес берумен өткізген" деп мәлімдеді. Консервативті партияны басқарған әрі Brexit жақтаушысы Иан Дункан Смит "Бұл қай жақтың наградасы, қазақстандық емес пе?" деп мысқылдаған.

Оқи отырыңыз: Блэр Назарбаевқа кеңесші болғанына өкінеді

"Даунинг-стриттен кеткеннен кейін Блэр мырза Қазақстан президенті сынды демократияға қарсы озбырларға кеңесші қызметін көрсетіп миллиондаған ақша тапқан" деп жазған Express газеті.

Оқи отырыңыз: Блэр Назарбаевқа Жаңаөзен туралы не деуді үйреткен

Тони Блэрдің Ұлыбритания премьер-министрі болып тұрғанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге түскен суреті. Даунинг-стрит, Лондон, 21 қараша 2006 жыл
Тони Блэрдің Ұлыбритания премьер-министрі болып тұрғанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге түскен суреті. Даунинг-стрит, Лондон, 21 қараша 2006 жыл

Тони Блэрге берілген наградаға ұлыбританиялық Daily Mail де мақала арнаған. Басылымның жазуынша, экс-премьерді сынаушылар оны сыйлыққа лайықты емес деп санайды. "2006 жылы премьер-министр болып тұрған кезінде Блэр Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Даунинг-стритке шақырып, қошемет көрсеткен, ал қызметінен кеткеннен кейін сыншылар оны Орталық Азиядағы елдің автократ басшысымен тым тығыз байланыс орнатып алды деп айыптаған" делінген мақалада.

"ОРЫС ӘЛЕМІНЕН" ІРГЕНІ АУЛАҚ САЛУ

Вашингтондағы Jamestown Foundation зерттеу институты сайты "Қазақстан жаңа әліпби қабылдап, орыс әлемінен біржола аулақтап барады" деген мақаласында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы шешімнің маңызы туралы комментарий жазған.

"Жаңа әліпбиді қабылдаудың үлкен үш салдары болады. Біріншіден, бұл - тіл және әліпби терминдерінде Мәскеу барған сайын жиі дәйектеп отырған "орыс әлемінен" кесімді түрде аулақтау. Екіншіден, бұл Қазақстан халқының басым бөлігін құрайтын қазақтар мен азшылық саналатын орыс тілінде сөйлейтіндер арасындағы алшақтықты тереңдете түсіп, Мәскеу елдің [этникалық] орыстардың көбі тұратын солтүстік аудандарының бөлінуін қолдауы мүмкін деген болжамға түрткі болады. Ал үшіншіден, әрі бәрінен маңыздысы, бұл қадам Түркия ғана емес, Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және тіпті Ресей Федерациясы ішіндегі өзге де түркі тілдес халықтармен тығыз байланыс орнатуға жол ашады" деп жазған Jamestown Foundation.

Қазақстан билігі бекіткен латын графикасы негізіндегі қазақ алфавиті
Қазақстан билігі бекіткен латын графикасы негізіндегі қазақ алфавиті

Бірақ мақалада "мәжбүрлі түрдегі бөліну екіталай", өйткені "Назарбаев қатаң бақылауда ұстап отыр, ал Қазақстанда тұратын орыстар Ресейдегі ағайындарынан жақсы тұрады" деп түсіндіреді.

Jamestown Foundation пікірінше, әліпбиді латын графикасына көшіру Қазақстанның "өзге түркі тілдес халықтармен жақындасуына" көмектеседі және "пантүркілік қозғалыстардың жаңа дәуіріне" ұласады. Басылым "Жаңа латын әліпбиі оларды біріктіреді, ал бұл Мәскеу енгізген әрі оларды бөлшектеу үшін түрлі [тілдегі] диалектілерді пайдалануға тырысатын кириллицаға мүлде қайшы" деп жазған.

AzatNEWS, 20.02.2018: Жаңа әліпбиді қолдаушылар мен қарсылар

Жаңа әліпбиді қолдаушылар да, қарсылар да бар
please wait

No media source currently available

0:00 0:17:24 0:00

ПУТИННІҢ "ҚАЗАҚСТАНҒА КӨЗ ТІГУІНЕ БОЛУШЫ ЕДІ"

Канадалық National Post газеті "Патша болар еді: Владимир Путин биліктен кеткен кезде орыстар "қымбат құн" төлейді" деген мақаласында Ресей президенті Владимир Путин билікте отырған кезең мен алдағы сайлауға қатысты комментарий жазған. Мақалада оны "салқын қанды, әккі түлкі тәрізді ессіз" деп атап, "тіпті Грузияға қарсы ашық соғысқа бұрынғы советтік республикалар - Абхазия мен Оңтүстік Осетиямен бірге киліксе де, шу басылған кезде ол әрдайым есебі түгел болып шығады" деп жазған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин парадты тамашалап тұр. Мәскеу, 9 мамыр 2016 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин парадты тамашалап тұр. Мәскеу, 9 мамыр 2016 жыл

"2014 жылы ол Украинадан Қырымды аннексиялап алды, әрі мұны Грузиядағы тәрізді орыстардың құқығын қалпына келтіру деп ақталды. Бұдан кейін оның Қазақстанға көз тігуіне болушы еді, бірақ ол Қытайдан сескенді, ал оған бұл айқастың керегі жоқ. Ол НАТО-ның, оның ішінде Латвиядағы канадалықтардың (НАТО-ның Балтық елдеріндегі канадалық батальоны. – Азаттық) тойтарысына тап болғанға дейін Батыстың ішіне де дендей енуі мүмкін еді. Мұның орнына ол Сирияға аттанды" деп жазған National Post.

Мақалада алдағы сайлау жайлы "өзінің қайта сайланатынына Путиннің сенімінің күштілігі соншалық, ол тіпті өзге кандидаттармен өткен дебаттарға да қатыспай қойды" деп жазған. Бұған қоса, ресейлік ТАСС мемлекеттік ақпарат агенттігі дерегінше, Путинге сайлаушылардың 70 пайызға жуығы дауыс беруге әзір.

Ресей президенті әрі осы қызметке кезекті сайлауға түсіп жатқан Владимир Путиннің Мәскеу аннексиялап алған Қырым түбегіндегі жарнамасы. Симферополь, 9 наурыз 2018 жыл
Ресей президенті әрі осы қызметке кезекті сайлауға түсіп жатқан Владимир Путиннің Мәскеу аннексиялап алған Қырым түбегіндегі жарнамасы. Симферополь, 9 наурыз 2018 жыл

"Путинге өз бұлшық еттері ұнайды. Ол төбелесуді Ленинград көшелерінде үйренгенін, ал төбелесуге тура келсе, бірінші болып ұру керектігін айтқан. Қайта сайланғаннан кейін Путин өзі таңдаған мұрагерін көрсетеді немесе көпке дейін билікте қалу үшін Си Цзиньпин тәрізді конституцияны қайта жазуға тырысып көреді деген болжамдар айтылып жүр" деп жазған National Post.

ЭКСТРЕМИЗМГЕ ҚАРСЫ ТҰРУҒА 840 МИЛЛИОН ДОЛЛАР

Ағылшын тілінде шығатын Eurasianet.org сайты "Қазақстан діни экстремизммен күреске 840 миллион доллар жұмсамақ" деген мақаласында Қазақстанның қауіпсіздік қызметі алдағы бес жыл ішінде терроризм мен экстремизмге қарсы тұру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларға 840 миллион долларға жуық қаржы алғысы келеді деп жазған.

Егер бұлыңғыр "мақсатты көрсеткіштерге" жету үшін жосықсыз шараларға жүздеген миллион доллар жұмсалып, ал терроризм туралы қорқыныш бәрібір сейілмей тұрса, бұл бірдеңенің дұрыс еместігін білдіреді

Eurasianet.org сайтының жазуынша, ҰҚК былтыр қақтығыс аймақтарынан 125 қазақстандық оралды, оның 57-сінің үстінен іс қозғалды деп хабарлаған. Бұған қоса, ҰҚК дерегінше, арнайы қызмет органдары Таяу Шығыстағы қақтығыс ошақтарына аттанып, ол жақта содырларға қосылғысы келген 440 адамның жолын кескен. "Жалпы тенденция едәуір кеміген, мұның себебі шалғайдағы жанжалда мерт болғысы келетін адамдардың азаюына байланысты болуы мүмкін. 2017 жылы 62 Қазақстан азаматының, ал 2016 жылы – 91 азаматтың, 2015 жылы – 151 және 2014 жылы 136 адамның соғысқа кетуіне тосқауыл қойылған".

Бірақ мақалада "терроризммен сәтті күресіп жатқанын көрсеткісі келгеніне қарамастан, Астана проблема ушығып барады деп мәлімдейді». Мысалы, ҰҚК дерегінше, соңғы төрт жылда жиыны 30 террорлық шабуыл (2014 жылы - үш, 2015 жылы - төрт, 2015 жылы - 12 және 2017 жылы - 11) тойтарылған. "Егер бұлыңғыр "мақсатты көрсеткіштерге" жету үшін жосықсыз шараларға жүздеген миллион доллар жұмсалып, ал терроризм туралы қорқыныш бәрібір сейілмей тұрса, бұл бірдеңенің дұрыс еместігін білдіреді" деп жазған Eurasianet.org.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG