Accessibility links

"Әріп ауыстыру – реформа емес". Билік ұсынған латын әліпбиін сынайтын ғалымдар не дейді?


Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі "Латын" көрмесі. Орал, 2018 жыл. Архив суреті.
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі "Латын" көрмесі. Орал, 2018 жыл. Архив суреті.

2017 жылы Қазақстан билігі қазақ жазуын латын графикасына көшіру туралы бастама көтерді. Бұл жоспар бойынша 2018 жылдан бастап мектеп оқулығы дайындала бастауы керек еді. Бірақ жоспар орындалмады. Алғаш жарияланған диграф әліпби әжуаға айналған соң билік апостроф әліпбиді бекітті. Ол да қатаң сыналғаннан кейін акут әліпбиі шықты. Кейін ол да жарамай, мүлде басқа нұсқа талқыға шығарылды.

Осы саяси науқанның бел ортасында Қазақстанның лингвист ғалымдары жүрді. Олардың кейбірі билік бекіткен латын әліпбиінің кез келген нұсқасын қолдаса, бір топ ғалым "жаңа әліпби қазақ жазуын толық реформалауы тиіс" деген ұстанымда қалды. Латын әліпбиіне көшіру жөнінде Til-Qazyna орталығы құрған орфографиялық топтың мүшесі, Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің профессоры Қаламқас Қалыбаевадан кейінгі үш жылдағы саяси науқанға лингвистердің қалай қатысқанын және ресми нұсқаны қолдамай "әліпби емлесін сингармонизм заңымен жасауды" ұсынып жүрген топтың ұстанымы жайлы сұрадық.

"АВТОРСЫЗ ӘЛІПБИ БОЛА МА?"

Азаттық: Ыбырай Алтынсарин әліпбиі, Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиі дегендей кез келген әліпбидің авторы немесе оны жасаушы ғылыми мекеме болады. Қазіргі қолданып жүрген әліпбиді совет кезінде Тіл білімі институты жасады. Ал 2017 жылдан бастап бірнеше рет бекітіліп, артынша әжуа болып, сынға ұшырап, шығып қалған латын әліпбилерінің авторы кім?

Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің профессоры Қаламқас Қалыбаева.
Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің профессоры Қаламқас Қалыбаева.

Қаламқас Қалыбаева: Қанша нұсқасы жасалғанын қағазға қарап алмасақ жөпелдемеде айту қиын, өзіміз де шатаса бастадық. Меніңше, ең алғашқы нұсқасын жоғарыдан түскен "тездетіңдер" деген бұйрықтан соң жасата салған сияқты.

Азаттық: Өте маңызды мәселені "жасата салатыны" қалай?

Қаламқас Қалыбаева: Өзіміз де түсінбедік. Президент әкімшілігінен тапсырма түсті дегенді естідік. Мына әліпбидің авторы кім дегенімізде ешкім білмеді. Сөйтіп аяқ астынан авторсыз әліпбилер пайда болды. Әсіресе сәтсіз диграф нұсқадан кейінгі апостроф нұсқаның "белгісіз" авторы көп қиналмаған тәрізді. Өйткені ол қарақалпақ әліпбиімен қатты ұқсас еді.

Азаттық: Мемлекеттік маңызы бар латын әліпбиін кездейсоқ адамдар жасағаны ма?

Қаламқас Қалыбаева: Кездейсоқ деуге де болмас. Сол кезде латын әліпбиін жасау жұмысы Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту орталығына берілді де, аталған әліпбилер осы орталықтың атынан шықты. Халыққа орталық басшысы Ербол Тілешов таныстырды. Бірақ ол кісі де авторын айта алмады.

Азаттық: 2010 жылдардың өзінде латын әліпбиін дайындап қойдық деген Тіл білімі институты неге автор болмады? Шаяхметов орталығы (кейіннен Til-Qazyna аталды – ред.) орталығы неге қажет болды?

Тіл білімі институты сол арада әлдебір себептермен билікке ұнамай, латын әліпбиімен шұғылдануды Шаяхметов орталығына тапсыра салды деген болжам бар.

Қаламқас Қалыбаева: Негізгі себебін билік біледі. Тіл білімі институты сол арада әлдебір себептермен билікке ұнамай, латын әліпбиімен шұғылдануды Шаяхметов орталығына тапсыра салды деген болжам бар. Бұл орталық практикалық мәселемен, ал Тіл білімі институты ғылыми мәселемен шұғылданады. Латын әліпбиімен көп шұғылданған да сол институт. Латын әліпбиіне бөлінген қаржы ақыры Тілдерді дамыту орталығына түсті де, Тіл білімі институты шеттеп қалғандай болды. Бірақ көп ұзамай Шаяхметов орталығы Тіл білімі институтының бірнеше маманын жұмысқа алды. Институттың өзі де біртіндеп араласа бастады. Бірақ екі мекеме қосарланып, қабаттасып жүрген сияқты көрінеді. Шаяхметов орталығы орфография, әдістеме, IT (ақпарат технологиялары) және терминология тобы дейтін төрт жұмыс тобын құрды. Мен сонан бері орфографиялық топтың мүшесімін.

Азаттық: Сөйтіп өздеріңізге ұнамаған әліпбидің емлесін жасауға кірістіңіздер?

Қаламқас Қалыбаева: Иә. Мемлекеттің бастапқы жоспары бойынша 2018-2019 жылдары латын әліпбиін қабылдау кезеңі деп белгіленді. 2019 жылдан бастап 1-сынып латын әліпбиімен оқуы керек, 2021-22 жылдары ЖОО, колледждердің 1-курс студенттері әліпбиіне көшуі керек деді. Оқулық жазу мәселесі көтеріле бастады. 2019 жылы бір жинақ та шықты. Тез арада бірінші курс студенттеріне арналған оқу әдістемелік кешен жасап беріңдер деген тапсырма берілді. Сөйтіп нақты жоспар жасай бастадық.

Азаттық: Әліпбидің жаңа нұсқасы шыққан сайын әкімшіліктер маңдай жазуларын өзгертіп, қайта жазды. Газеттер де кейін жарамай қалған латын әліпбиімен жаза бастады. 2017 жылы қарашада [Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан] Назарбаевтың "Жылдар мен ойлар" дейтін кітабы апострофты латын әліпбиімен қайта жарияланды. Сіздер де жарамсыз болып қалған акут әліпбимен оқулық жасамақ болдыңыздар ма?

Қаламқас Қалыбаева: Иә. Қасым-Жомарт Тоқаев президент болғаннан кейін "әліпбиді асығыс жасауға болмайды, талқылай түсу керек" деп тоқтатып тастады. Сөйтіп латын әліпбиін енгізуді тағы да бес жылға ұзартып, 2030 жылға қалдырды.

Азаттық: Сонымен қазір латын әліпбиінің қай нұсқасына келіп тұрмыз?

Қаламқас Қалыбаева: Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2020 жылы латын әліпбиінің жетілдірілген нұсқасы ұсынылды. Әзірге бекіген жоқ, талқылап жатыр. Бұл нұсқада 31 әріп және цитата принципі бойынша жазатын үш әріп бар.

Қазақстан үкіметі 2021 жылғы 28 қаңтарда ұсынған латын әліпбиі.
Қазақстан үкіметі 2021 жылғы 28 қаңтарда ұсынған латын әліпбиі.

Азаттық: Латын әліпбиінің бірнеше нұсқасы жарамсыз болып қалған соң бұл жолы билік лингвистерге барынша еркіндік берді ме?

Қаламқас Қалыбаева: Бұл жолы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұсынды.

Азаттық: Тіл білімі институты он жылдан астам дайындаған Ұлттық жоба ма?

Қаламқас Қалыбаева: Ол емес.

Азаттық: Неге? Он жылдан астам мемлекет қаржысымен зерттеліп, ғылыми институт бекіткен, тәжірибеден өткен дайын жоба неге ұсынылмады?

Қаламқас Қалыбаева: Мәселе сонда. Сіз айтқан жоба 2007 жылдары-ақ дайын болған. Үкімет ол кезде де ақша бөлген. Қазір дау болып отырған мәселе сол нұсқада шешімін тапқан болатын. Бұл жоба бойынша көп жұмыс істелді. 1990 жылы академик Әбдуәли Қайдаровтар Түркияда түркі елдерінің ғалымдарымен келісіп жасаған ортақ әліпбиге жақын жоба болатын. Тіл білімі институты өзі мақұлдаған жобаны неге ұсынбағанын білмеймін.

Азаттық: Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен талқыға шыққан, жетілдірілген әліпбиді Тіл білімі институты қанша уақытта әзірледі?

Қаламқас Қалыбаева: Бір жылға жетер-жетпес уақытта дайын болды.

Латын әліпбиінің жаңа нұсқасын әзірлеушілердің бірімен сұхбатты көре отырыңыз:

Алфавит авторларының бірі: Бұл - соңғы нұсқа, жаңа әліпбидің жемісін 20 жылда көреміз
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:57 0:00

"ҒАЛЫМДАР ЕКІГЕ БӨЛІНДІ"

Азаттық: Сіз айтқан жетілдірілген нұсқа бойынша тілші ғалымдар арасында ғылыми пікірталас көп сияқты. Биыл мамырда Тіл комитеті Til-Qazyna орталығы мен Тіл білімі институтының мамандарын қатыстырып, онлайн конференция өткізді. Жиында жетілдірілген нұсқаны құптады. Дәл сол күні Қазақстанның көптеген лингвистері өз алдына онлайн конференция өткізіп, жетілдірілген нұсқаны жаппай сынады. Бұл – әліпби мәселесінде ғалымдардың екіге жарылғанын көрсете ме?

Қаламқас Қалыбаева: Ғалымдардың екіге жарылғаны рас. Бұл кейінгі әліпби мәселесінде ғана емес, алғашқы нұсқасы кезінде орфографиялық топ құрылған кезде-ақ пайда болды. Til-Qazyna орталығы құрған орфографиялық топ ә дегеннен-ақ сингармониялық әліпби жасауға талаптанды. Мұнымыз ұнамай топты таратып, көбіне жас мамандарды алып қайта құрды. Олар ресми нұсқаны қолдайды. Біз сияқты қарсылар, белгілі ғалым Әлімхан Жүнісбек бастаған екі-үш-ақ адам қалды. Дауысқа салғанда азшылықтың сөзі өтпейді. Орфографиялық топтың 20-дан астам мүшесі бар. Сіз айтқандай, бір мезгілде екі конференция өтті. Тіл білімі институтының бұрынғы директоры Ерден Қажыбек бастаған мамандар конференцияға бір ай дайындалдық. Екі күн қалғанда Тіл комитеті де біздің конференциямыз өтетін күні, бір сағат бұрын өздері конференция өткізетінін жариялады. Олар әкімшілік ресурсты пайдаланды. Конференцияға студенттерді қосып, 500 адам қатысқан мәжіліс өткізді. Жауыр болған дүниені айтып 1,5 сағатта бітті. Біздің конференциямыз төрт сағаттан аса зорға аяқталды. 50-ге жуық зерттеуші қатысқан жиында үлкен талқы болды. Бірақ оған менен басқа орфографиялық топ мүшелері қатысқан жоқ. Til-Qazyna орталығы да қатыспады. Қатысушылардың барлығы да билік талқыға шығарған әліпбиді қолдаған жоқ.

Азаттық: Не нәрсеге келісе алмай отырсыздар?

Қаламқас Қалыбаева: Әріп, таңба мәселесі бойынша келіспеушіліктер бар. Бірақ негізгі мәселе – әліпбиді сингармонизм заңы бойынша жасаймыз ба, жоқ па деген мәселе. Мұны дауға айналдырмай-ақ келісе салуға болар еді. Келісе салсақ қазірдің өзінде иммунитетінен айырылып бара жатқан тіліміз әрі қарай да әлсірей береді. Қазір орыс сөзін тура түпнұсқасымен айтып, жаза беретін жағдайға жеттік. Бұл – тілдің әлсіреп бара жатқандығының белгісі. Тіл жат сөзді өзіне сіңіре алмайды, басқа тілдерден енген сөздерді сол күйі қабылдай береді деген сөз. Ал сингармонизм дегеніміз қазақ тілінің табиғи қалпын сақтап қалатын бірден бір механизм.

Азаттық: Мұны сіздердің оппоненттеріңіз білмейді деп ойлайсыз ба?

Қаламқас Қалыбаева: Біледі. Дау көбіне кірме сөздерден туып отыр. Кірме сөздерге жасалып жатқан қазіргі емле күлкілі. Оппоненттеріміз "кірме сөздерді жазудың жаңа механизмін ойлап таптық" дейді. Ол ойлап табуға болатын нәрсе емес. Тіл механизмі – тілдің ішкі заңдылығынан шығатын нәрсе. "Конфетті" "кәмпит" дегеніміз біреудің ойлап тапқаны емес, тілдің заңдылығы. Олардың айтуынша, мысалы "ансамбль" деген сөздің бір дыбысын жіңішкертіп, "ансәмбл" десек тілімізге бейімделеді. Ансамбл дегендегі "б-дан" кейін "і" жоқ. Қазақ тілінің дыбыстауында "б-дан" кейін "і" болуы керек, сонда "ансәмбіл" болады. Сингармонизм дегеніміз сол. Шет тілін сіңіріп алатын механизм – сингармонизм заңы.

Атауы латын қаріптерімен жазылған сұлулық салоны. Алматы, 3 желтоқсан 2019 жыл.
Атауы латын қаріптерімен жазылған сұлулық салоны. Алматы, 3 желтоқсан 2019 жыл.

ЕРІН ҮНДЕСТІГІ

Қазақ тіліндегі сингармонизм заңына шетел лингвистері ерекше назар аударады. Өйткені өзімізден гөрі сырт көзге қатты байқалады. Көп жыл қырғызша-орысша сөздік жасаған лингвист Константин Юдахин сингармонизм қазақ пен қырғыз тілінің ең мықты құралы екенін білгендіктен 1929 жылы Қызылорда алғашқы емле ережесін бекіткен мәжілісте ерін үндестігін алып тастауға қарсы шықты. Сол мәжілісте Юдахинді тыңдаған жоқ. "Бұлұт", "құлұн" деген сөздердің "бұлт, құлын" болғаны сол кезден басталады.

Азаттық: Содан тіліміз бүлінді ме?

Қаламқас Қалыбаева: Содан бізде қазір ерін үндестігі жоқ. Сондықтан шет тілінен енген сөздерді бейімдей алмай қалдық.

Азаттық: Ерін үндестігі деген не?

Қаламқас Қалыбаева: Ерін үндестігі деген алғашқы буында ерін дөңгеленіп "о", "ө" дыбыстарын айтса, келесі буында да солай айтылады. Қазір ол жоқ. "Бұлт" пен "құлынның" мысалы сол. Тілдің өзгерісі деген осы. Менің күйетінім, қазіргі емледе "құлын" деп жазып, "құлұн" деп айтуға үйретуіміз керек дейді. Өстіп орфоэпиялық ережелерді көбейте береді. 1929 жылғы емле ережемізде 30-ақ пункт болған. Сингармонизмді ығыстыру салдарынан қазір 103-ке жетіп отыр. Соның көбі – ескерту.

Азаттық: Онда тұрған не бар? Ережені үйреніп, жаза бермейміз бе?

Қаламқас Қалыбаева: Ереже көп болған сайын жазу да қиындай береді. Ең оңай жазу – есту бойынша жазу, фонетикалық жазу екенін әлемнің көптеген ғалымдары мойындайды. Қазақ тілінде фонетикалық жазу өте ыңғайлы. Осыны айтсақ оппоненттеріміз әркім есту бойынша жазса, жаппай сауатсыздық басталады дейді. Олай емес, қай сөздің қалай жазылатыны жайлы ереже жасалады. Есту бойынша жазуды транскрипциялық жазумен шатастырып, елдің басын қатырып жүрген мамандар бар. "Бара салды" деген "барасалды" деп қосып жаза саламыз, "барса игі еді" дегенді "барсигеді" деп қосып жаза салсақ, не болады деп елді шошытып жүр.

Біздің қорқатынымыз ендігі шет тілінен енген сөздің бәрі тіліміздің заңын бұзып кіргелі тұр. Шетел азаматы Қазақстанның заңын бұзып жүрсе, не дейміз? Қой дейміз. Тілдің заңы да солай болуы керек. Тілдің күзетшісі – сингармонизм заңы. Түркі тілдерінің әсері болған беларустар да "іректор", "тырамвай" деп жазады. Беларустар емле ережесінде басты принцип – фонетикалық принциппен жазады.

ФОНЕТИКАЛЫҚ ПРИНЦИП

Азаттық: Қазір біздікі қандай принцип?

Қазақ тілінде сингармонизм күшті бола тұра, біз фонематикалық принцип деген орыс тілінің принципін алғанбыз.

Қаламқас Қалыбаева: Қазақ тілінде сингармонизм күшті бола тұра, біз фонематикалық принцип деген орыс тілінің принципін алғанбыз. Фонема деген орыс тілінің қырық құбылатын дыбысы деген сөз. Бұл қазақ тілінің табиғатына, негізгі заңына сай келмейтін принцип. Негізгі ұстаным фонетикалық принцип десек, онда кірме сөздердің бәрін өз тіліміздің әуезімен айтатын боламыз. Қазір орыс сөзін түпнұсқамен жазу принципі қаншалықты сіңсе де, қазақтың жалпақ тілінде сингармонизм әлі сақталып тұр. Біз де "іректор, тырамвай" деп айтамыз. Қазір "Ырысбек" деп жазатындар да, "Рысбек" деп жазатындар да бар. Тілдің дамуы, өзгерісі бірден көрінбейді. 1920-30 жылдардағы сөйлеу тіліміздің әуезін, Әуезовтің сөйлеу тілінің әуезін бүгінгімен салыстырсаңыз, тілдің әуезі жоғалып бара жатқанын, қатты өзгергенін байқайсыз.

"Жазу мен сөйлеу екі нәрсе, бір біріне қатысы жоқ, одан қорықпау керек" дейтіндер қателеседі. Жазу – тілді өзгертетін бірінші құрал. Жаңағы Ырысбектердің Рысбекке айналып бара жатқаны сол. Дұрысы "Ырыс алды – ынтымақ" дегендегі "ырыс" қой. Біртіндеп "Рыс алды – ынтымақ" дейтін боламыз.

Азаттық: Оппоненттеріңіз сіздерді бұрын талай айтылған өнбейтін дауды қайта өршітіп жүр деп айыптайтыны байқалады. Мұндай ғылыми пікірталас совет кезінде талай болып, шешімін тапқан жоқ па еді?

Қаламқас Қалыбаева: 1920 жылдары қазақ оқымыстыларының Орынборда өткен съезінде пікірталас болды. Оған Елдес Омаров, Ахмет Байтұрсыновтар қатысты. 1928 жылы латын әліпбиіне көшерде де осындай дау туды. Бұл латынға көшерде фонетикалық емле ережесіне, яғни сингармонизмге сүйенді. Кірме сөздерді сіңіріп алатын, небәрі 30 пунктіден тұратын емле ережесін жасады. 1934-жылдары жазуды орыстандыру саясаты күшейе бастады. Оған басты кедергі сингармонизм заңы болды. Ғалым Құдайберген Жұбанов айту бойынша жазудан "коммунист" сөзі 16 түрде жазылып жүр деп сингармонизмге қарсы шықты. Бірақ ол айту бойынша жазу нәтижесі емес, сөздердің нормаланбағандығынан еді. Жұбанов одан да әрі кетіп, "сингармонизм – өткеннің қалдығы, буржуазиялық сөйлеу тілі, біз социалистік сөйлеу тіліне көшуіміз керек. Латын емлесі байшыл, ұлтшыл, алашордашыл Байтұрсыновтың жасап кеткені" деді.

Байтұрсынов латын әліпбиін жасауға қатысқан жоқ. Бірақ оның сингармонизмі сақталып қалған болатын. 1930-жылдарды латын әліпбиі өте жақсы жасалған еді.

Азаттық: Онда соны неге ала салмаймыз?

Қаламқас Қалыбаева: Оны да ұсындық қой. Әрі қарай айтайын. Құдайберген Жұбанов Ленинградта танымал лингвист Яков Маррдан тәлім алған еді. Марр "әр қоғамның өз тілі болады. Социалистік қоғамға капиталистік қоғамдағы буржуазияның тілі жарамайды. Қоғамда революция болса, тілде де революция болуға керек" деді. Жұбанов 1937 жылы атылып кетпегенде, одан бас тартар еді. Өйткені совет өкіметінің өзі Маррдың теорияларын теріске шығарды да, оны қолдаған ғалымдар бас тартты. 1940 жылы кириллица қабылданғаннан кейін Сәрсен Аманжолов жасаған емле ережесіне Жұбанов идеяларының бәрі енді. Содан бастап орыс тіліндегі сөздерді түпнұсқамен жазатын болдық та, кірме сөздерден үндестік заңының айқын дыбыстары – "ұ", "ү", "ы", "і" дыбыстары ығыстырылды. Мұның бәрін ойдан шығарып отырған жоқпын. Барлық пікірталастардың стенограммасы архивте тұр. Елдес Омаровтың "Маркісті" "Маркс" деп жазамыз деп "бұлұт" деген сөзді "бұлт" дедік, орыс емлесіне саламыз деп тілімізді бүлдірдік" дейтіні бар стенограммада.

Қазақ жазуын кириллицаға көшіру

Қазақ жазуын кириллицаға көшіру
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:30 0:00

1952 жылы компартияның рұқсатымен лингвистер арасында бір жыл пікірталас жүрді. Сол жылы Тіл білімі институтында өткен айтыстың стенограммасы екі том болып тұр. "Қате неге көбейді?" дегенде сол кездегі жас маман Рәбиға Сыздықова "анық естілетін дыбыстарды жазудан шығарып жібердік, соны қалпына келтірейік, "сыйыр", "ыйық" деп жазайық дейді. Оңай әрі түсінікті. "Кійім" деген сөзді "киім" деп жазудың керегі не, сендер ағылшынсыңдар ма деген сұрақтар болған. Бірақ сингармонизм тағы да өтпей қалды. Сөйтіп қателік заңдылыққа айналды.

Қазіргі емле ережесі бойынша сөздердің тасымалын қарап отырмын. Мұны жөнге салу үшін де сингармонизмді қалпына келтіру керек екен. Себебі көп сөзді тасымалдай алмайсың. Әлгі "сиырды" қалай тасымалдайсың? Осыны сингармонизммен жазсақ "сыйыр" болады да, "сы-йыр" деп оңай тасымалдайсың.

Әрине, біз ұсынып отырған сингармониялық жазуды халық бірден түсіне қоймайды.

"ЖАЗУ ДЕГЕНІМІЗ – ДАҒДЫ"

Азаттық: Мәселен, маған да түсініксіз. "Жұу", "сұу" дегенше үйреншікті "жу", "су" деп жаза салған оңай. Оның үстіне "жұу-ға "қосымша жалғанда сөз ұзармай ма? Оппоненттеріңіз сөзді ықшамдау керек дейді емес пе?

Қаламқас Қалыбаева: Сөз ұзарады деп өз тілімізден қашамыз ба? Тіліміздің табиғаты сондай болса қайтеміз? Мысалы, "ы" естіліп тұр ғой деп, "мысық" демей "мсқ" деп жазайық деген де ұсыныстар болған. Соны қабылдасақ жазбаймыз деп ойлайсыз ба? "Мсқ" деп жаза берер едік. Себебі жазу дегеніміз – дағды. Сізге емле ережесін жылдар бойы шегелесе сонымен жазып кетесіз.

Кезінде "сұу" дегенді "су", "сыйыр" дегенді "сиыр" деп жазу да қиын болған. Қиындығы соншалық, бір сөз әртүрлі жазыла бастады. Өйткені тілдің негізгі заңы жойылды. Мысалы, сингармонизм заңы бойынша қазір "жұуыну", "құуану" деп бір жыл жазсаңыз, қайтадан "қуаныш" деп жаза алмайсыз. Өйткені ол – дағды. Осыны бірінші сыныптан үйретсек балаларымыз қайтадан қазақ тілінің әуезімен сөйлей бастайды. Тіліміздің иммунитеті күшейеді.

Азаттық: Қазір ғылыми пікірталас осы сингармонизм мәселесіне ғана тіреліп тұр ма?

Қаламқас Қалыбаева: "Ы" мен "і" латын әліпбиінде өзара мүлде ұқсамайтын әріптермен таңбаланғанына қарсымыз. "И" таңбасы "і-мен" емес, ағылшын тіліндегі "у" таңбасымен беруді ұсындық. "У" таңбасын қазақ сөздерінде "w-мен" берілуі керек. Басқа да мәселелер бар.

Азаттық: Көшеде жүрген полиция мәшинелерінің сыртында "polisia" деп жазылып жүр. Мұнан былай "полисиа" дейміз бе?

Қаламқас Қалыбаева: Оппоненттеріміздің "кірме сөздерді жазу ережесінің жаңа технологиясын ойлап таптық" деп жүргенінің бір дәлелі осы. Бұл – тілдің заңдылығынан шықпаған, ойдан шығарылған ереже. Тілдің заңдылығы "полисиа" деп тұрған жоқ, "политсиа" деп тұр. Бұрынғы латын әліпбиінде оны "politsia" деп жазған. Қалай айтылады, соған бейімдеп жазу деп жүргеніміз сол.

Азаттық: Сіздің пікіріңізге қарағанда қазіргі латын әліпбиіне көшу – жазу реформасы емес жай ғана әріп, таңба ауыстыру сияқты көрінеді екен.

Қаламқас Қалыбаева: Айтқым келіп отырғаны сол. Латын әліпбиіне көшудің мақсаты ұлттық жазуды қалыптастыру емес пе? Әйтпесе әліпби ауыстырудың керегі не? "Я", "ю", "ио", "ц" секілді әріптер мен жуан, жіңішке таңбаларды алып тастасақ мәселе шешіле ме, шешілмейді? Әріп ауыстыру реформа емес. Ақыры бастаған соң, тілдің әуезін де қалпына келтірейік.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG