Accessibility links

Назарбаев қазақ әліпбиін латынға көшіруді қайта талқылауды ұсынды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев

Астанада Бейбітшілік пен келісім сарайында Қазақстан халықтары Ассамблеясының он екінші сессиясы өтті. Онда халықтар ассамблеясының төрағасы, президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының барлығы мемлекеттік тіл – қазақ тілін білуі керек деген міндеттеме қойды. Сонымен бірге елдегі саясатқа өзге ұлт өкілдері де араласуы қажет деп, ал парламентке халықтар ассамблеясынан арнайы квота бөліну жөнінде мәселе көтерді.

Қазақ ұлты ең аз шоғырланған Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар жерінен келген Яхия Исмаиловтың ұлты тәжік. Оның әкесі саяси қауғын-сүргін заманында 1936 жылы Тәжікстаннан Қазақстанға қоныс аударған екен. Содан бері Қазақстан жерінде ұрпағымыз өніп-өсіп келеді дейді Яхия қажы. Солтүстік өңірде 65 пайыздан астам орыс ұлтының өкілдері тұрады. Соған қарамастан Яхия мемлекеттік тіл – қазақ тілін өте жетік меңгерген:

– Менің алты балам бар. Бес балам қазақша оқиды. Ел болғаннан кейін, жер болғаннан кейін сол елдің бір тілі ғана болады. Мемлекеттік тіл бір тіл қазақ тілі болуы қажет. Оған орыс тілін қосарластырудың қажеті жоқ деп білемін.

Сейсенбі күні Астанада өткен халықтар ассамблеясының он екінші съезінде көтерілген мәселе де – мемлекеттік тіл қазақ тіліне қатысты болды. Халықтар ассамблеясының төрағасы, президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілге ден қоятын уақыт жетті деді. Оның айтуынша, Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін 1992 жылы мектепке барған балалардың жасы 21-де. Алайда сот жастардың дені қазақ тілін жетік білмейді. Демек содан бері мектептерде қазақ тілін жетілдіретін бағдарламалар қолға алынбаған дейді, – Нұрсұлтан Әбішұлы.

Қазақстанда мемлекеттік тілден басқа өзге тілдердің жағдайы әлсіреп барады дегендерге де мемлекет басшысы тосқауыл қойды. Ол сөзінде АҚШ, Германия, Франция секілді дамыған мемлекеттер көп ұлтты ел болып саналады. Бірақ сол елге барып, сол елдің тілінсіз өмір сүру мүмкін емес, – дейді. Сондықтан Үкіметке бір айдың ішінде мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін қазақ ұлтының азаматтары қазақ тілін білуі керек деген талап қоятын бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Ал мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдеріне материалдық сый ақы тағайындау қажет, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол сонымен бірге алдағы уақытта Қазақстанда қазақ тілін білмей денсаулық сақтау, құқық қорғау орындары саласында жұмыс істеу мүмкін болмай қалады. Мен мұны Ел басшысы ретінде айтып тұрмын деді.

Ал іс-қағаздарының барлығын қазақ тіліне көшіру бұл өзге ұлт өкілдерін қорлау емес, керісінше аударма арқылы орыс тілін еркін пайдалануға мүмкіндік береді деді ол.

Бірақ мемлекет басшысы әдеттегідей қазақ тілінің мәртебесі жөнінде айта келіп, орыс тілінің де дәрежесі төмендемейтінін жеткізді. Ол қазақстандықтардың барлығы халықаралық тілдің бірі болып саналатын орыс тілін жақсы меңгеруі қажет деді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ әліпбиін латынға көшіру мәселесіне қатысты да сөз қозғады. Ол ерте ме, кеш пе қазақ жазуының латын әліпбиіне көшуі қажет деген ойын алға тартты. Ал болашақ қазақстандық жастар кемінде үш тілді болып шығуы керек деді ол. Сонымен бірге ол «Қазақстанда қазақстандықтар тұрады. Біз – қазақстандықтармыз!», – деді сөзінде.

Ал Қазақстанда тұратын Болгар ұлтының өкілі Ольга Маглели әкесінің қазақ тілін жақсы білетінін ал өзінің қазақ тілін жетік білмейтінін мойындайды. Ольга болашақта тарихи өлкесі Болгарияға кету туралы ойланбайтынлығын айтады. «Мен таныстарыма да кетпеңдер деп үгіттеймін, өйткені Боларияға кетіп, қайта келіп жатқан азаматтарды білемін», – дейді Ольга.

Қазақстанда 100-ден астам ұлт өкілдері тұрады. Халықтар ассамблеясы 1995 жылы құрылған болатын. Айтпақшы, Халықтар Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің орынбасары Сергей Терещенокның отставкаға кеткенін хабарлап, оның орнына Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың тағайындалғанын жария етті.

XS
SM
MD
LG