Accessibility links

Ғалым: «Қазақ жазуының ұлттық стандарты керек»


Қазақ тілін ағылшын әліпбиі негізінде компьютердегі операциялық жүйеге бейімдеуге арналған нұсқалардың бірі. (Көрнекі сурет.)

Қазақ тілін ағылшын әліпбиі негізінде компьютердегі операциялық жүйеге бейімдеуге арналған нұсқалардың бірі. (Көрнекі сурет.)

Филология ғылымдарының докторы Қыздархан Рысберген Азаттыққа сұхбатында қазақ тілінде экзонимдер мен төл ономастикалық атауларды транслитерациялау жүйесін жасау ісінің не себепті кешеуілдеп жатқаны туралы айтты.

Қыркүйектің 6-сы күні Астана қаласында мәдениет министрлігі тіл комитетінің бастамасымен өтетін «Ономастика және көрнекі ақпарат: міндеттер мен ұсыныстар» атты семинар-кеңесте қазақ есімдерін латынша жазу ережесі мен транслитерация мәселелері қарастырылады. Тәуелсіздік жылдары қазақ тілінде экзонимдер мен төл ономастикалық атауларды транслитерациялау жүйесін жасау ісінің не себепті кешеуілдеп жатқаны туралы Азаттық Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты ономастика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Қыздархан Рысбергенмен сұхбаттасты.

Азаттық: - Шетелдік атауларды таңбалау кезінде ғылыми және практикалық транслитерация мәселесі журналистердің алдынан жиі шығады. Қарапайым мысалмен айтар болсақ, ақпарат жазу кезінде «Венгрия ма, Мажарстан ба?», «Германия ма, Алмания ма?», «Си Цзиньпин бе, Ши Жыңпын ба?», «Хосни Мубарак па, Ғұсни Мүбәрек пе?» деген сияқты сұрақтар жиі туады. Орыстілді академиялық ортада шетелдік атаулар мен есімдерді кириллицаға түсіретін транслитерация жүйесі қалыптасқан. Тарихи түрде қазақтілді академиялық орта да осы стандартты қабылдаған. Ал тәуелсіздік кезеңінде қазақтілді ғалымдар мен журналистер шетелдік зерттеу мен ақпарат көздеріне тікелей жалғанған соң дәл осы транслитерация мәселесіне келгенде дағдарып қалғандай көрінеді. Сол себепті әркім өзіне ыңғайлы жолмен шетелдік атауларды әрқилы жазып жүр. Кейбір шетелдік есімдер мен атаулар академиялық жазбаларда бір бөлек, ақпараттық, я діни сайттарда бір бөлек, Google аудармасында және бір бөлек ұшырасады. Тіл білімі институты соңғы 25 жылда қазақ тілінде шетелдік атаулардың ортақ ғылыми транслитерациялық жүйесін жасау ісімен шұғылданып жатыр ма? Қандай нәтиже бар?

Қыздархан Рысберген: - Әлемдік ақпарат кеңістігі қауымдасып, бірегейленген трансұлттық кеңістік орнатуға ұмтылып отыр. Әлбетте, бұл үдерістен Қазақстан да сырт қалмайды. Ұлттық атауларымыз халықаралық ақпарат ортасына енсе, шетелдік атаулар да еліміздегі ішкі айналысқа қарқындап кірігіп жатыр. Шетелдік атаулар жүйесін ономастика ғылымында экзоним терминімен белгілейді. Экзонимдерді қазақ тілінде транслитерациялау мәселесі дүниежүзілік саяси картаны, мектеп оқулықтарын, энциклопедия және басқа да анықтамалықтарды жасау барысында туындайды. Экзонимдік атаулар деп тіліміздегі әлемдегі барлық мемлекеттер мен олардағы көптеген қала, елді мекен, жер-су атауларына қатысты айтылады. Мұндай атауларға күнделікті тіршілікте жиі кезігіп отырамыз. Байқағанымыздай, өзге мемлекеттерде экзонимдік атауларға қатысты заңнамалық құжаттар, ережелер қабылданып, жұмыс істеп тұр.

Филология ғылымдарының докторы Қыздархан Рысберген.

Филология ғылымдарының докторы Қыздархан Рысберген.

Экзонимдік атаулар жөнінде ереже жасалмағандықтан, бекітілген ресми тізім болмағандықтан шет мемлекет атауларын транслитерациялауда қазақтілді дерек көздері ала-құла жазады. Ресми көздерде (сайттарда) көптеген мемлекеттердің атаулары орыстілді нұсқада жүр, тек Грекия, Грек Республикасы, Пәкістан сынды ғана атаулар қазақыланған. Ал Мажарстан мен Алмания орыс тілінде Венгрия, Венгр Республикасы, Германия күйінде жүр. Демек, Мажарстан, Алмания, Мысыр және т.б. атаулар – журналистер тарапынан бейресми, босаң нормамен қолданылудың көрінісі. Яғни бейресми мәтінде экзоним нұсқалары қатар жүре береді. Оларды біріздендіру үшін арнайы ереже жасалуы тиіс.

Азаттық: - Мұндай ережені жасауға қандай ұйым жауапты?

Қыздархан Рысберген: - Менің ойымша, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ішкі қолданысына арналған дүниежүзі мемлекеттері мен олардың астаналарының бекітілген тізімі болуы тиіс. Бірақ біздің қолымызда ондай тізім жоқ. Мәселен, ел ішінде мемлекеттік тілдегі картографиялық өнімдер мен ұлттық энциклопедиядағы картографиялық материалдар арнайы тілдік сараптамадан өтпеген десек болады. Өйткені бұлар әркім өз шама-шарқынша аудара салатын дүние емес. Атаулардың транскрипциясында, әсіресе, шетелдік атаулардың аударылуында ала-құлалық пайда болады. Сондықтан оларды бірдейлестіретін, нормаға түсіріп отыратын арнайы ереже қажет. Өкінішке қарай, елімізде бұндай ереже әлі күнге әзірленген жоқ. Мәселен, ұлттық энциклопедияның 5-томындағы картада Қырғызстан деп таңбаланса, 2,7 – томдарында Қырғызия деп жазылғанды қалай түсінуге болады және мұндай мысалдарды өзге карталардан келтіре беруге болады. «Дүниежүзінің саяси картасын» аударғанымызда көптеген қиыншылықтарға кезігіп, аудару барысында кейбір ережелерді аяқ астынан ойлап табуға тура келді.

Ұлттық ономастиканың алдында тұрған күрделі ғылыми мәселелердің бірі – орыс тіліне (жазылуына) басымдылық беріліп келген экзонимдік атауларды қайтадан қазақша таңбалауда түпнұсқаға барынша жақын тұлғада транслитерациялау. Мысалы, Москва – Мәскеу, Алжир – әл-Жазира, Түркия – Түркие, Каир – Қайыр, Тегеран – Теһран, Баку – Бақы, Пекин – Бейжің, т.б.

Қарағандылық оқушы Зәбира Омарова қазақ әріптері негізінде жасап шығарған шифр тілін көрсетіп тұр. Наурыз, 2009 жыл. (Көрнекі сурет.)

Қарағандылық оқушы Зәбира Омарова қазақ әріптері негізінде жасап шығарған шифр тілін көрсетіп тұр. Наурыз, 2009 жыл. (Көрнекі сурет.)

Азаттық: - Ағылшын, я орыс тілдерінде әрбір шет тілден экзонимдерді бөлек транслитерация жасау жүйелері әбден жүйеленген. Мысалы, қытай атауларын латын мен кириллицаға аударатын Палладия жүйесі сияқты. Мұндай жүйелер тіпті бір тілдің бірнеше диалектісінен атауларды ерекшеліктерін сақтай отырып, өз тіліне адаптациялау ережелерін ұсынады. Мысалы, мысырлық арабшадағы «Әл» жалғауы «аль» (al) емес, «эль» (el) болып жазылады, ағылшын тіліндегі тұйық буындағы «a» дыбысы «э» болып таңбаланады дегендей. Қазақ тілінде дәл осылайша дүниедегі жүздеген тіл мен диалектіден транслитерация жасаудың толымды жүйесін қалыптастыру қаншалықты мүмкін шаруа? Бұл істі бір ғана тіл білімі институты атқарып шыға ала ма?

Қыздархан Рысберген: - Бұл бағытта тіл білімі институты мамандары сырт қалмай (әңгіме тек Қазақстан атаулары жөнінде), әрекет жасауда. Ономастика саласында латын әліпбиінің қарқынды қолданыста болуына байланысты қол қусырып қарап отыруға болмайтын, кезек күттірмейтін, зәру шаруа екендігін де мойындау керек. Осы жайттарды ескеріп, институт мамандары 700 беттік, үш тілді «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктер атауының қазақша-орысша-ағылшынша анықтамалығын» (Казахско-русско-английский справочник названий административно-территориальных единиц Республики Казахстан) әзірледі. Анықтамалыққа қосымша «Қазақ онимдерін ағылшын тілінде транслитерациялау ережесі» жобасы әзірленді. Анықтамалық таяу арада Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының электрондық базасына орналастырылады.

Абай Құнанбайұлының шығармалары аударылған тілдер. (Көрнекі сурет.)

Абай Құнанбайұлының шығармалары аударылған тілдер. (Көрнекі сурет.)

Дүниедегі жүздеген тіл мен диалектіден транслитерация жасаудың толымды жүйесін қалыптастыру ісіне тек Біріккен Ұлттар Ұйымының жанындағы географиялық атаулар жөніндегі сарапшылар тобы (United Nations Group of Experts on Geographical Names, UNGEGN) мен осы шаруаға жауапты UNESCO құрамындағы арнайы құрылымдардың ғана әлеуеті жетеді деп есептейміз. Ал біз, өкінішке қарай, дүниежүзі тұрмақ өз төл ономастикалық атауларымызды латынша транслитерациялау, халықаралық стандартқа сай рәсімдеу ісін әлі де бірізге түсіріп, заңдастыра алған жоқпыз.

Азаттық: - Біртұтас транслитерация жүйесін жасау ісінде үкімет қандай рөл ойнай алады? Бұл жүйені стандарт ретінде парламент мақұлдауы керек пе? Заң тұрғысынан алғанда жоба қандай процедуралардан өтеді? Бұл тарапта қандай кедергілер бар?

Қыздархан Рысберген: - Біртұтас транслитерацияның ұлттық жүйесін жасау түптеп келгенде қайтадан латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуының ұлттық стандартының болмауына кеп тіреледі. Алайда ұлттық стандарт қабылданғанға дейін мекемелердің күнделікті іскери, қызметтік қолданысына (уақытша жұмысшы жоба) аса қажет практикалық транслитерация үлгісін тиісті заңнамаларға қосымша ретінде беруге болар еді.

Мәселен, Ресейде шетелдік паспортты рәсімдеу ережесінде азаматтардың аты-жөндерін латынша жазу ережесі қоса берілген. Осындай қосымшаның қажеттілігін дәйектеп, ғылыми жобалар төңірегінде сөз етіп, құжаттау ісіне жауапты ішкі істер министрілігіне айтқан болатынбыз. Алайда еш нәтиже жоқ. Бұл мәселені қыркүйектің 6-сы күні Астана қаласында тіл комитетінің бастамасымен өтетін «Ономастика және көрнекі ақпарат: міндеттер мен ұсыныстар» атты семинар-кеңесте қоймақпыз. Өйткені ол семинарға президент әкімшілігі, бас прокуратура, облыстық әкімшілік өкілдері, мәдениет министрлігі мен тіл комитетінің басшылары қатыспақ. Мемлекеттік деңгейде бұл мәселе әлі күнге қаралған жоқ. Бұл қажеттілікті бірінші боп ғалымдар қозғаса да, үні билікке жетпей жатады.

Сұраныс, ұсыныс және тапсырыс жоғары жақтан, яғни ішкі істер министрлігі, әділет министрлігі сынды билік тарапынан болуы керек деп есептейміз. Өз кезегінде олар тіл комитеті, білім және ғылым министрлігі арқылы біздің институт сынды зерттеу мекемесіне шығуы керек, яғни ведомстволық сатылық принцип арқылы ұйымдастырылуы ләзім.

Азаттық: - Ал әзірше қолда бар, уақытша болсын транслитерацияның ортақ стандарты қайсы?

Қыздархан Рысберген: - Еліміздегі құжаттау орындары ТМД мемлекеттеріне ортақ транслитерация стандартына сүйенетіндігі көрініп тұр.

Азаматтардың төлқұжаттарын латынша рәсімдеу барысында кемшіліктер баршылық, олай дейтініміз, тіл білімі институтының ономастика бөліміне кеңес алу үшін келген азаматтардың құжаттарында Бексейіт пен Бексұлтан ағылшынша Bexiit, Bexultan формасында қарабайыр ғана жазылған. Мұндай адамдар шетелге шыққанда аты-жөндерін шетелдік ресми орындар мен азаматтары не дұрыс оқи алмай, не дұрыс айта алмай әлек болғандығын айтады. Екі түбір негіздің бірігуінен жасалған аттарды Х қарпімен біріктіре салған.

Сонымен мұндай мәселенің, қажеттіліктің барын биліктегілердің барлығы бірдей біле бермеуі мүмкін, сондықтан кедергілер туралы айтудың өзі орынсыз. Ал заңдастыру процедураларына келетін болсақ, ол ономастикалық емле-ереже, азаматтарды құжаттауға қатысты нұсқаулықтарға транслитерация ережесін қосымша ретінде үнемі беріп отыру арқылы еш қиындықсыз заңдастырылып отырар еді. Алайда мұндай транслитерациялық ережені (қазақ есімдерін, не жер-су атауларын ағылшын тілінде жазу) тілші мамандар, ғалымдар тапсырыс бойынша әзірлеуі тиіс және жан-жақты лингвистикалық сараптамадан өткізулері керек. Ал бұл жұмыстарды ұйымдастыру, реттестіру, үкіметке ұсыну ісі мәдениет министрлігі тілдер комитетінің құзырында деп білеміз. Еліміздегі тілдік, құқықтық тұрғыдан объективті жағдаятты ескере отырып, бұл айтқандарымды өз көзқарасым, жеке пікірім деп біліңіз.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG