Accessibility links

Жемқорлық рейтингінде Қазақстанның көрсеткіші былтырғыдан да нашарлады


Халықаралық Transparency International (TI) ұйымының жыл сайынғы есебі – "Жемқорлықты қабылдау индексінде" Қазақстан бір саты көтеріліп, 180 елдің ішінде 101-орынға ие болды.

Қазақстанның көрсеткіші – 36 балл. Жемқорлықтың ең сорақы деңгейі 0 балл болса, 100 балл алған елдерде ол мүлде жоқ деген сөз.

Былтырғы тізімде Қазақстанның көрсеткіші 37 балл болған еді.

Рейтингте Қазақстан Албания, Панама, Перу, Сербия, Шри-Ланка және Эквадор сияқты жемқорлық кең етек жайған елдермен бір деңгейде тұр.

Есеп авторлары Қазақстанда 2022 жылғы қаңтарда газ бағасына қатысты жаппай наразылық болғанын еске салады. Митингіге қатысушылар әлеуметтік теңсіздік пен жемқорлыққа қатысты наразылығын айтқан. Наразылық соңы 200-ден астам адамның өліміне алып келгенімен, оқиға дұрыс тергелмеді деп жазады ТІ. Ұйымның мәліметінше, наразылыққа кейінгі 30 жылда билікте отырған ықпалды отбасының "заңсыз жолмен тапқан" байлығы да себеп болды. Осыдан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "елден заңсыз шығарылған активтерді елге қайтаруды қолға алатынын" айтқан.

"Дағдарыстан шығу үшін мемлекет жемқорлықпен күрес органдарының мүмкіндігін кеңейтіп, активтердің елге қайту жолын ашық етуі керек" дейді есеп авторлары.

Былтыр қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті қаулы қабылдады. "Заңсыз шығарылған қаржыны қайтару бойынша" арнайы комиссия 2022 жылдың алты айында елге 631 миллиард теңге қайтарылғанын мәлімдеді. Биліктің бұл әрекетіне сенімсіздік танытқандар қаржыны қайтаруда ашықтық жетпейтінін айтады.

TI есебінде Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінің ішінде 56 балмен Грузия көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарды Армения (46) мен Черногория (45) иеленген. Ал ең нашар үштікке Тәжікстан (24), Әзербайжан (23) мен Түркіменстан (19) кірген. Қырғызстан да (27) аймақтағы ең нашар көрсеткішке ие ел деп танылған.

Ресейде жемқорлық көрсеткіші 28 балл, ал Украинада 33 балл деп болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG