Accessibility links

"Ел назары ауған сайын жасырып жатыр". Мемлекеттік сатып алу порталы, тендер және жемқорлық қатері


Қазақстанның қаржы министрлігі орналасқан ғимарат. Мемлекеттік сатып алу порталының жұмысын осы мекеме қадағалайды.
Қазақстанның қаржы министрлігі орналасқан ғимарат. Мемлекеттік сатып алу порталының жұмысын осы мекеме қадағалайды.

9 желтоқсан – Халықаралық деңгейде жемқорлықпен күрес күні. Мемлекеттер жемқорлық мәселесімен кешенді шаралар арқылы күреседі. Соның бірі – мемлекеттік сатып алу процесін жұртқа жария өткізу. Азаттық атаулы күнге орай Қазақстанның мемлекеттік сатып алу жұмыстарын зерттейтін маманмен сұхбаттасты.

Қаңтар оқиғасында наразылыққа шыққан жұрт саяси жүйені өзгертуді талап еткен. Сарапшылардың көбі мұндай талаптың артында елдегі жемқорлықтан шаршау бар деген еді. Халықаралық Transparency International ұйымы да осындай қорытынды жасап, Қазақстан ұйымның 2021 жылғы жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 102 орын алған.

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сатып алу порталын реформалауды тапсырды. Мемлекеттік тендерлер жүзеге асырылатын Goszakup.kz сайтындағы ақпаратқа қарағанда, 2021 жылы мемлекеттік сатып алу бойынша барлығы 3 миллионға жуық келісімшарт нысаны тіркелген. Жалпы сомасы 5 триллион теңге жуық болған. Бұл республикалық бюджет шығынының үштен бірін құрайды.

Zertteu-Research Institute қоғамдық қорының сарапшысы Ғалымжан Оразымбет мемлекеттік сатып алу порталын дамыту арқылы жемқорлықпен күресте елеулі нәтижеге қол жеткізуге болатынын айтады, бірақ заң мен оның орындалуын қадағалауда мәселе әлі де көп дейді.

Zertteu-Research Institute қоғамдық қорының сарапшысы Ғалымжан Оразымбет мемлекеттік сатып алу порталындағы жемқорлық қатері бар келісімшарттарды анықтайды. Ол бұл салаға кездейсоқ келгенін айтады. Облыстық мәслихат депутатының қоғамдық қабылдауында жүріп бюджетті тереңірек түсінуге деген талпынысы мемлекеттік сатып алуға деген қызығушылығын оятқан.
Zertteu-Research Institute қоғамдық қорының сарапшысы Ғалымжан Оразымбет мемлекеттік сатып алу порталындағы жемқорлық қатері бар келісімшарттарды анықтайды. Ол бұл салаға кездейсоқ келгенін айтады. Облыстық мәслихат депутатының қоғамдық қабылдауында жүріп бюджетті тереңірек түсінуге деген талпынысы мемлекеттік сатып алуға деген қызығушылығын оятқан.

ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚАТЕРЛЕРІ

Азаттық: Қазақстанның мемлекеттік сатып алу порталында күн сайын ондаған мың тендер жарияланады. Айтарлықтай көлемді ақпарат қорына ұқсайды. Зерттеулеріңізді қалай бастайсыздар? Не зерттейтініңізді біліп кірісесіз бе, әлде қандай да бір іріктеулер тетігін қолданасыз ба?

Ғалымжан Оразымбет: Zertteu Research Institute қоғамдық қоры үкіметтік емес ұйым болғандықтан, өз жұмысын гранттарға сүйеніп атқарады. Егер зерттеуді қандай да бір грант аясында жүргізсек, сол гранттың шарттарын негізге аламыз. Мысалы, 2020 жылы коронавируспен күреске жұмсалатын шығындарды зерттеген кезде негізінен медицина мекемелерін зерделеп отырдық. Олардың тыныс алу аппаратын, қорғаныс құралдарын, препаттарды сатып алуына назар аудардық.

Грант бойынша міндеттемелер болмаған кезде кейде келісімшарттар реестріне кіріп, өтіп қойған тендерлерді жеке қызуғышылық ретінде қараймын.

Кейбір гранттар ұзақ уақытқа ұласатын жобаларды қаржыландырады. 2020-2021 жылы бір жылға созылған өтпелі жобамыз болды. Ол жоба аясында мемлекеттік сатып алулардағы жемқорлық қатерлерін талдадық. Ол үшін 1200-ден астам келісімшартты, олардың техникалық ерекшеліктерін сараптадық. Ауқымды зерттеу болды. Келісімшарттарды аймағы, сомасы, бюджет деңгейі, сатып алу тәсілі секілді түрлі қасиеттері бойынша іріктедік. Негізгі фокус жемқорлық қатерлерінде немесе басқа сөзбен айтқанда “қызыл жалаушаларда” болды.

Азаттық: Сонымен жемқорлық қатерлерінің белгілері қандай екен?

Ғалымжан Оразымбет: Біріншіден, ол – техникалық ерекшеліктің толық болмауы. Мемлекеттік сатып алу туралы заңның 21-бабында техникалық ерекшелікке қойылатын талаптар бар. Сатып алатын тауардың не қызметтің толық сипаттамасы берілуі керек. Ұлттық, мемлекеттік стандарттарға сілтеу қажет. Егер сол тауар не қызмет бойынша мемлекеттік стандарт болмаса, халықаралық стандарттарға сүйенесіз.

Кейде сипаттама тым күрделі болып, нақты бір өнім берушіге бейімделіп жасалады. Оны ел арасында “заточка” деп атайды. Ондайда сипаттамада сатып алынатын тауарға не қызметке қатысы шамалы шарттар жазылады.

Тағы бір жиі кездесетін белгі – бағаның нарықтағыдан әлдеқайда қымбат болуы. Бұл жерде тапсырыс берушінің мүддесі болуы мүмкін.

Мұның бәрі міндетті түрде жемқорлық бола бермейді. Біз тек жемқорлық қатерлері, яғни ықтималдығы туралы айтып отырмыз.

Азаттық: Сіздер сақтық таныта отырып, жемқорлық қатері бар келісімшарттар деп айтасыздар, басқалары кейде істің байыбына бармай бірден жемқорлық деп жатады. Бұл екі ұғымның ара-жігі қандай? Оны білу несімен маңызды?

Ғалымжан Оразымбет: Жемқорлықтың болған-болмағанын анықтау – сот, сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі, прокуратура секілді мемлекеттің органдардың құзыретіндегі мәселе. Сот үкімі шыққанда ғана жемқорлық рискі жемқорлық фактісіне айналады. Бұл мәселеден неге сақ болу керек? Сізді «Жала жабу» (Әкімшілік кодекстің 73-3-бабы) немесе «Абыройға нұқсан келтіру» бабы (Азаматтық кодекстің 143-бабы) жауапқа тартуы мүмкін.

БІР КӨЗДЕН САТЫП АЛУ

Азаттық: “Қызыл жалаушаларға” оралсақ. Бір көзден сатып алу тәсілімен жасалатын келісімшарттар да бар. Бұл де жеморлық қатеріне жата ма?

Бір көзден сатып алу тәсіліндегі бағалар конкурс тәсіліне қарағанда 1,5-2 есе қымбат жүреді.

Ғалымжан Оразымбет: Жемқорлық қатері ең көп тәсіл – осы. Бұл жерде заңның да кемшілігі бар. Мемлекеттік сатып алу туралы заңның 21-бабында техникалық ерекшелікке қойылатын талаптар жазылған дедім ғой. Өкінішке қарай, бұл талап тек конкурс тәсілдерімен жасалатын мемлекеттік сатып алуларды ғана қамтиды. Ал бір көзден сатып алу тәсіліне ондай шарт қойылмайды. Тек қаржы министрінің мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру жайлы бұйрығында осы тәсілде «техникалық ерекшелік – келісімшарттың ажырамас бөлігі» деген бір ауыз сөз бар. Ол шарт оңай орындалады. Әлгі келісімшарттың соңында 1-қосымша деп жаңағы техникалық ерекшелік жарияланады. Бірақ ол конкурстағыдай егжей-тегжейлі болмайды. Жай ғана не сатып алайын деп отырғанын, қандай көлем сатып алатынын жазады.

2020-2021 жылдары жүргізген талдауымызда жемқорлық қатері бар сатып алулардың 80 пайызы осы бір көзден сатып алу тәсіліне тиесілі болды. Одан бөлек, өзіміздің және өзге ұйымдардың сараптамасына сүйенер болсақ, бір көзден сатып алу тәсіліндегі бағалар конкурс тәсіліне қарағанда 1,5-2 есе қымбат жүреді. Ол жерде конкурс болмағандықтан, сіз тапсырыс берушінің бастапқы бағасына келісімшарт жасасып, сол соманы игересіз. Бұл жемқорлық қатерінен бөлек, бюджет қаржысын тиімсіз пайдалану саналады.

Азаттық: Бір көзден сатып алу туралы көп айтылады. Ол қалай жұмыс істейді?

Ғалымжан Оразымбет: Бұл тәсілді қандай жағдайда қолдануға болатыны мемлекеттік сатып алу туралы заңның 39-бабы 3-тармағында жазылған. Қазір оны қолдануға 40-тан астам негіз бар. Мысалы, авторлық құқық бойынша бір көзден сатып алуға болады. Президент және мемлекет қорғауындағы өзге де тұлғалар қатысатын шараларды да осы тәсілмен алады. Қайткенде де бұл тәсілді қолдануға заңды негіз көп. Соның ішінде ең ұнамайтыны – 46-тармақша. Ол жерде түрлі мәдени шараларды ұйымдастыру қамтылған. Әкімдіктер осы тармақшаны жиі қолданады. Өйткені бұл оларға ыңғайлы. Өздеріне қолайлы компанияға беру мүмкіндігі бар. Бұл маған неге ұнамайды? Себебі бұл салада қызмет ұсынатын компаниялар көп. Егер біреу не екеу ғана болса, түсінер едім. Сол 46-тармақша бойынша өнім берушілер тізімін қарап шықсаңыз, ірілі-ұсақты жүздеген өнім берушіні табасыз. Экономикалық әріптестік және даму ұйымы деген бар. Қазақстан оған мүше емес. Десе де, осы ұйымның айтуынша, бір көзден қаржыландыруға негіз болатын жағдайлар оннан аспауы тиіс. Өйткені бұл – жемқорлық қатері жоғары тәсіл.

Орал тұрғыны Аслан Жамалиев наразылық жиынында "Жемқорлықты тоқтат" деген жазуы бар плакат ұстап тұр. Орал, 2019 жылғы желтоқсан.
Орал тұрғыны Аслан Жамалиев наразылық жиынында "Жемқорлықты тоқтат" деген жазуы бар плакат ұстап тұр. Орал, 2019 жылғы желтоқсан.

Ал енді бұл тәсілдің қалай ұйымдастырылатынына тоқталайық. Оның өз процедурасы бар. Бұл тәсілдің өзінде осы салада қызмет ұсынатын үш ықтимал компанияның баға ұсынысын алуыңыз қажет. Бұл – конкурс емес, жай ғана баға ұсынысы. Сол үш ұсыныстың ішіндегі ең төменгі бағаны ұсынғанымен келісімшарт жасасыз. Неге ең төменгі баға? Себебі аталған заңның 4-бабында мемлекеттік сатып алу кезінде бюджет қаржысын тиімді жұмсау қағидасы жазылған.

Азаттық: Бұл жерде құзырлы органдар ұсыныс беруші компаниялардың түпкі иесі әртүрлі болуын қадағалай ма? Ол үш баға ұсынысын түптеп келгенде бір адамның бірнеше компаниясы беруі ықтимал ғой?

Ғалымжан Оразымбет: Іс жүзінде көбіне солай жасалады да. Мысалы, тапсырыс берушімін. 100 миллион теңгеге шара ұйымдастырғым келеді және оны танысыма беруді көздеймін. Оған өзіңе екі конкурент тауып кел деп айтамын. Оның бірі 101 миллион теңге, біреуі 109 миллион теңге ұсынуы керек. Сөйтіп әлгі 100 миллион теңге ең арзан баға болады да, келісімшарт жасалады. Мемлекеттік сатып алу туралы заңның 6-бабында өнім беруші мен онымен үлестес тұлғаның бір лотқа қатысуына тыйым бар. Бірақ ол тыйымды айналып өту оңай және ондай фактілерді анықтау қиын.

Конкурста өтінім берген өнім берушілердің барлығы көрінеді. Олар ұсынған баға, компанияның деректері тұрады. Сол ақпарат арқылы компаниялардың бір-бірімен қандай қатынасы барын анықтай аласыз. Ал бір көзден сатып алу тәсілінде бағаны кім ұсынғанын біле алмайсыз.

2020 жылы Қарағанды денсаулық сақтау басқармасына қатысты бір мекеме маска сатып алған. Бұл енді бір реттік маска емес, онымен ота жасауға да болады. Бір масканың құны 68 мың теңге болып, сол кезде дау туды. Біз ол туралы жазып, әлеуметтік желіде резонанс туды. Басқарма комментарий беріп, сатып алудың бір көзден ұйымдастырылғанын растады, ұсынылған бағаның ішінде ең төмені сол болғанын айтты. Кейін сол масканың фотосын, ерекшеліктерін жариялағанда тағы зерттеу жүргіздік. Нарықтағы бағаны зерттей отырып, сол масканы пандемия ушығып тұрған кездің өзінде 17 мың теңгеге сатып алуға мүмкіндік болғанын анықтадық.

Азаттық: Ол іс немен аяқталды?

Ғалымжан Оразымбет: Ештеңемен. Өйткені оның айтып тұрғаны заңды. Ал енді басқа мысалды айтайық. Дәл сол жылы мамырда Алматы қаласы полиция департаменті бағасы 250 мың теңге болатын 500 қорғаныс костюмін сатып алмақ болды. Жалпы сомасы – 125 миллион теңге. Техникалық сипаттамасы толық берілген. Біз оны алып, нарықты зерттегенімізде ең қымбаты 18 мың теңге тұратын болып шықты. Соны нақты дәлелмен жазғанда, ол келісімшартты тоқтатты.

Өкінішке қарай, құзыретті органдар осындай фактілердің бәрін бірдей тексере бермейді. Таңдап қана тергейді.

ӨЗГЕ ЕЛДЕРДІҢ ТӘЖІРИБЕСІ

Азаттық: Қазақстан – мемлекеттік сатып алуды электронды портал арқылы өткізетін жалғыз ел емес. Өзге елдердің қандай тәжірибесін үлгі етуге болады? Көрші мемлекеттердегі жағдай қандай?

Ғалымжан Оразымбет: Ресей сатып алу порталымен жұмыс істеп көрдім. Ол жақта аймақтар бойынша фильтр бар. Кез келген қалаған аймақты таңдайсыз да, сол жерде мекемелердің сатып алуын көре аласыз. Бізде осы аймақ-аймаққа бөліп қарау тетігін қосса, жақсы болар еді.

Украинада мемлекеттік сатып алу порталы ProZorro деп аталады. Осы порталдағы сатып алуларды қадағалауға мүмкіндік беретін DoZorro дейтін сервис бар. Екеуі бір-бірімен интеграцияланған. Сіз DoZorro сервисінде сатып алу порталындағы мәліметтерді жүктеп, талдай аласыз. Бір қызығы, ол жерде “қызыл жалаушаларды” автоматты түрде көрсетіп отырады.

Мысалы, сізге A4 қағазын сатып алу керек болды делік. Тендер жариялағанда сервис сол қағаздың нарықтағы бағасын анықтайды да, сіз қойған баға одан жоғары болса, оны қызыл түспе бояйды. Мұндай сервис [Қазақстанның] жемқорлықпен күрес агенттігінде бар, бірақ ол жабық. Мен мұны агенттіктің ұлттық есебінен байқадым. “Сатып алудың бірыңғай терезесі” деп аталады. Агенттік осы қызметті пайдалана отырып, 40 миллиард теңгеден астам ақшаны тиімсіз пайдалануға жол бермегенін айтады.

Қазақстанның жемқорлықпен күрес агенттігінің ғимараты. Мекеменің толық атауы - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Қазақстанның жемқорлықпен күрес агенттігінің ғимараты. Мекеменің толық атауы - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Сонымен қатар, бізде порталда мемлекеттік сатып алу процесінің бүкіл циклы қамтылмаған. Ол кезеңдер: жоспарлау, конкурсты жариялау, келісімшарт жасасу, оны жүзеге асыру және есеп. Бүгінде онда есеп беру кезеңі қарастырылмаған.

Қазір біз кімнің қандай тауар не қызмет сатып алғанын, оның қандай техникалық ерекшеліктері барын, келісімшарттың кіммен жасалғанын білеміз. Бірақ келісімшарттың қалай орындалғанын білмейміз. Порталда ол туралы ақпарат жарияланбайды. Бұл мемлекет ақшасының қаншалық тиімді жатқанын білу тұрғысынан маңызды. Мысалы, жемқорлықпен күрес агенттігі кейде мемлекеттік сатып алу порталы арқылы келісімшарт жасасып, іс жүзінде ешқандай жұмыс жасалмаған фактілерді әшкерелеп жатады. Мұның порталда жарияланғаны дұрыс. Техникалық жағынан оны орындау қиын емес.

Азаттық: Қазақстан билігі кейінгі уақытта реформа туралы көп айтып жүр. Бәлкім мұның мемлекеттік сатып алуға да әсері тиіп қалар. Бұл салада жуық арада өзгеріс болады дегенге үміт бар ма?

Ғалымжан Оразымбет: Өкінішке қарай, мемлекеттік сатып алу саласына қызығатын ұйымдар, журналистер көбейген сайын бұл сала жабылу жағына қарай бет алып барады. Соның бір мысалы – мемлекеттік ақпараттық тапсырыс. Бұл – бәріне түсінікті, көп жазылатын сала ғой. Оны талдау оңай. Әкімдер мұндай тапсырыстарды үгіт-насихат мақсатында береді. Оның аясында аймақтағы қоғамдық-мәдени өмір туралы жағымды жаңалықтар, мақалалар жазылады. Президент жолдауын насихаттауға да осыны қолданады. Кейінгі уақытта журналистер мен зерттеушілер осы ақпараттық тапсырыс туралы көп жаза бастаған еді, соны порталдан жауып тастады. Қазір аймақ деңгейінде бұл ақпарат ашық емес.

Сайлау кезіндегі сатып алуларды да мысал етуге болады. Орталық сайлау комиссиясының сайлау кезіндегі шығындары назарға көп түсе бастаған еді, оны да порталдан тыс өткізетін болды. Осы тұрғыдан, оптимистік көңіл-күй бәсең.

Енді жағымды жағын да айта өтейік. Ақырындап бір көзден сатып алу негіздері азайып келеді. Жыл сайын бір-екеуін алып тастап отыр. Бұған әлі ұзақ жыл керек. Тағы бір қуанатын жағдай, бір көзден сатып алуды барлық мекеме жүргізе бермейтін болды. Әкімшілік деңгейінде, басқарла деңгейінде өтеді де, мектеп, аурухана сияқты мекемелерге шектеу қойылды. Енді оның көлемі азаюы тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG