Accessibility links

"Қаңтарда не болғанын ешкім білмейді. Үкімет білсе де айтпай отырған сияқты". Неміс журналисі Эдда Шлагермен сұхбат


Неміс журналисі Эдда Шлагер.
Неміс журналисі Эдда Шлагер.

Неміс журналисі Эдда Шлагер Азаттыққа сұхбатында еуропалық оқырмандар Қазақстан туралы не білгісі келетінін, Орталық Азияда жұмыс істеп жүріп, қандай қателік жібергенін, Қаңтар оқиғасын қалай қабылдағанын және Украинадағы соғыстың Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қандай пайдасы тигенін айтып берді.

Эдда Шлагер 2000-жылдардың ортасынан бері Қазақстанда жұмыс істейді. Германия мен Еуропадағы бірқатар ақпарат құралына – Deutschlandfunk радиостанциясы, Cicero және The Calvert Journal журналдарына хабар беріп тұрады.

"Диалогтар" – Азаттықтың қазіргі журналистика жайлы жобасы. Мұнда журналистиканың қыр-сыры, ақпарат құралдарының билік және қоғаммен қарым-қатынасы, елде болып жатқан әлеуметтік-саяси оқиғалар жайлы журналистермен сұхбаттар жарияланады.

"ОҚЫРМАНҒА ЖАЗЫҚ ДАЛАНЫҢ НЕ ЕКЕНІН ТҮСІНДІРУГЕ ТУРА КЕЛДІ"

Азаттық: Қазақстанға қалай келдіңіз?

Эдда Шлагер: Қазақстанға алғаш рет 2005 жылы ақпанда орыс тілін дамытуға келдім. Ресейге барғым келген, бірақ ол жақтан іздегенімді таба алмадым. Осы кезде Алматыда шығатын Deutsche Allgemeine Zeitung газетінде жарты жыл тәжірибе жинақтауды ұсынды. Біраз уақыттан кейін Үстірт жазығына іссапармен бардым. Зоологтармен бірге киік іздедік. Таптық! Керемет сапар болды.

Азаттық: Қазақстан былай тұрсын, бірден Үстіртке бару cізге мүлде басқа әлем болып көрінген шығар?

Эдда Шлагер: Дәл солай. УАЗ көлігіне мініп, жазық дала мен шөлді араладық. Бірнеше күн бойы "Охотзоопром" биологтарынан басқа ешкімді көрмедік.

Дала кезген киік. Ақмола облысы, 6 тамыз 2020 жыл.
Дала кезген киік. Ақмола облысы, 6 тамыз 2020 жыл.

Азаттық: Биологтар мен киіктен басқа ешкім жоқ иен далада қалып, "мәдени шок" алған жоқсыз ба?

Эдда Шлагер: Қалай айтсам екен? Бірінші оқыған мамандығым – географ, қаланың адамы емеспін, сондықтан "шок" алған жоқпын. Студент кезімде көп уақытымды экспедицияда өткіздім. Жанымызда неміс ғалымы болды, ол аудармашы қызметін атқарып, не болып жатқанын түсіндіріп отырды.

Бұл маған Қазақстанды жақынырақ таныстырған маңызды сәт еді. "Қандай қызық өңір, Германия халқы Қазақстан туралы ештеңе білмейді ғой" деп ойладым. Журналистік қызметімді осында жалғастырамын деп шештім. Аккредитациядан өтіп, журналист-фрилансер ретінде Қазақстанға оралдым.

Азаттық: Германия Қазақстанға бұл ел жайлы тұрақты материал жариялап тұратындай деңгейде қызыға ма? Журналист-фрилансерге неміс халқынан алыста жатқан ел туралы жазу қиын емес пе?

Эдда Шлагер: Фрилансерлерге немістер жете танымайтын ел туралы жазу былай тұрсын, Германияның өзінде тақырып тауып, қызық материал шығару қиын. Шығыс Германияда тудым, сондықтан Орталық Азияны жақсы білемін. Ата-анам Өзбекстанда болған. Бірақ редакторларды Қазақстанда қызық тақырып көп дегенге сендіру қиын болды. Ақша туралы мүлде айтпай-ақ қояйын.

Азаттық: Германиядағыларға Қазақстан жөнінде қандай тақырып қызық?

Эдда Шлагер: Ең алдымен, саясат пен экономика. Өзім географ болғандықтан, экология тақырыбын, мысалы, Арал теңізі мәселесін жиі көтеремін. 18 жыл бұрын бұл сұранысқа ие тақырып еді.

Мысалы, Қырғызстандағы Еңілшек мұздығында болдым. Ғалымдар ол жерге ғылыми станция салған. "Балқаш Аралдың кейпін киюі мүмкін бе?" деп материал жаздым. Неміс оқырмандарына жазық даланың не екенін, оның экожүйесі несімен ерекшеленетінін түсіндірдім.

Кейін түрлі жағдай болды: Қырғызстандағы революция, Өзбекстан мен Тәжікстандағы оқиғалар. Германияның ақпарат құралдары үнемі "Қазақстандағы немістер қалай өмір сүріп жатыр?", "Өзбекстандағы неміс ұйымдары қалай жұмыс істейді?" деп, материалдан ұлттық элемент іздейтін. Мұндай тақырыптар оқырмандар назарын аударады деген ой болатын.

Қазақстанда көп сала жақсы дамығанын айтып, оқырмандарымды таңғалдырамын. Кей адамдар Қазақстан туралы ештеңе білмейді. Әсірелегім келмейді. Мысалы, Алматы. Иә, тұман, кептеліс бар, бірақ мейрамханалар, жұмыс орындары көбейді. Қалада өмір сапасы артқанын сезсем, оны несіне жасырамын?

Болмаса құландар. Қазақстандағы құлан популяциясы қалай өскенін қараңызшы! Иә, бұл салада да жемқорлық бар, инспекторлар оққа ұшып жатыр, бірақ құлан популяциясы өсті, мемлекет пен ғалымдар бұл үшін көп нәрсе жасады.

"ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҰСТАП ӘКЕТТІ"

Азаттық: 2016 жылы күзде Өзбекстанға барғаныңызда сізді ұстап, депортациялады. Бұл қалай болды?

Эдда Шлагер: Бұл Ислам Каримовтың қазасынан кейін болды, желтоқсанда жаңа президент сайлануы керек еді. Көбі Өзбекстан ашық, еркін мемлекетке айналып жатыр деп ойлады. Туристік визамен бардым. Маған аккредитация береді деп күтпедім. Сондықтан өтініш те берген жоқпын. Мен сияқты кішкентай журналиске ешкім назар аудармайтын шығар деп ойладым.

Өзбекстанға бара сала сұхбат алып, жұмысқа кірістім. Кейін жергілікті полиция қызметкерлері келіп, ұстап алып кетті. Ертеңіне депортациялады.

Азаттық: Полиция сізді қайда ұстады? Камерада отырдыңыз ба?

Эдда Шлагер: Жоқ, полиция бөлімшесінде отырдым. Босап шығуыма "Шекарасыз тілшілер" ұйымы (бүкіл әлем журналистерін қорғаумен айналысатын халықаралық үкіметтік емес ұйым – ред.) көмектесті. Басында Германияның елшілігі көмектескісі келмеді, "өзбек адвокат табыңыз" деді. "Шекарасыз тілшілер" ұйымында істейтін таныстарыма хабарластым. Олар сыртқы істер министрлігімен, елшілікпен байланысып, адвокат тауып берді. Бірақ бәрібір депортациялап, үш жылға Өзбекстанға кіруге тыйым салды.

Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Кәрімовтің ескерткіші маңында жүрген адамдар. Самарқан, Өзбекстан, 29 қараша 2019 жыл.
Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Кәрімовтің ескерткіші маңында жүрген адамдар. Самарқан, Өзбекстан, 29 қараша 2019 жыл.

Азаттық: Үш жылдық мерзім аяқталғаннан кейін Өзбекстанға бардыңыз ба?

Эдда Шлагер: Иә, екі рет. Бұл мерзім 2019 жылы қарашада аяқталды. Желтоқсанда президент сайлауы өтті. Берлиндегі Өзбекстан елшілігіне хабарласып, "Осы жылдар ішінде көп нәрсе өзгерді. Өзбекстан еркін мемлекетке айналды, еліңізге тағы бір рет баруға рұқсат етесіз бе?" деп сұрадым. Олар келісті. Әрине, әр қадамымды аңдып, қайда барғыңыз келеді, немен айналысасыз, кіммен сөйлесесіз деп тергеді.

Азаттық: Қазақстанда журналист ретінде өзіңізді қауіпсіз сезінесіз бе?

Эдда Шлагер: Иә. Журналист, жалғыз көп саяхаттайтын әйел ретінде өзімді қауіпсіз сезінемін. Әрине, араласпайтын жерлер бар. Мысалы, наразылықтың ортасына кірмеймін. Шетте тұрып, журналист ретінде хабар таратамын. Өзбекстанда жүргенде кішкентай ғана адаммын, не істеп жүргеніме ешкім назар аудармайды деп ойладым. Енді бұл қателігімді қайталағым келмейді.

"ЖИГУЛИДЕН БАСҚАСЫНЫҢ ЕСІМІ ЕСТЕ ҚАЛМАДЫ"

Азаттық: Кейінгі жылдары Қазақстанда жұмыс істеу жеңілдеді ме, әлде қиындады ма?

Эдда Шлагер: Бірінші кезекте, жұмыс көбейді. Өйткені биыл Еуропада Қазақстанға қызығушылық артты. Бұл Қаңтар оқиғаларымен және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының әскерін кіргізумен байланысты деп ойлаймын.

Батыс журналистерінің пікірінше, Қазақстан тәуелсіз бола түсті. Бұл қызығушылыққа Қазақстанның көп адамды таңғалдырып, Украинадағы соғысты қолдамаймыз дегені әсер етті.

Азаттық: Бірақ БҰҰ жиындарында Қазақстан көбіне бейтарап қалады, ал жақында Қырым резолюциясы жобасына қарсы дауыс берді.

Эдда Шлагер: Бұл өте маңызды. Журналистер "Тоқаев Путиннің бетіне қарап тұрып, Қазақстан өзін-өзі жариялаған республикаларды мойындамайтынын айтты" деп жазғанды жақсы көреді ғой.

Президенттікке кандидаттардың сайлау жарнамасы ілінген тақтаның қасынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 27 қазан 2022 жыл.
Президенттікке кандидаттардың сайлау жарнамасы ілінген тақтаның қасынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 27 қазан 2022 жыл.

Азаттық: Президент сайлау қалай өтті?

Эдда Шлагер: Сайлауға дейінгі жағдайдың өзі мәз емес еді: референдум өткізіп, Конституцияға өзгеріс енгізіп, бірнеше айдан кейін тағы да дауыс беру процесі басталды. Сайлауға екі апта қалғанда бақылаушыларға арналған заңды өзгертіп тастады. Бұл неге ұқсайды? Сайлауға баратын тәуелсіз бақылаушылар аз болсын дегені ме? Бұл демократиялық шешімге жатпайды. Ешкім танымайтын кандидаттар ше? Жигули [Дайрабаев] ғана есте қалды, өйткені онымен аттас сыра мен көлік бар ғой. Сұрағым көп. Тоқаев көзі ашық, дипломат, білімді адам деп ойлаймын, сондықтан бәрін саналы түрде істеген сияқты.

Азаттық: Сұхбаттың алдында Қаңтар оқиғасы кезінде Германияда болғаныңызды айттыңыз. Қазақстанға оралуға қорыққан жоқсыз ба?

Эдда Шлагер: Қорықтым.

Азаттық: Неден қорықтыңыз?

Эдда Шлагер: Қаңтар оқиғасы әлі аяқталмаған шығар деп қорықтым. 14 қаңтарда Қазақстанға оралдым. Алматыдағы ахуал ауыр еді, бәрі болған оқиға туралы сөйлесіп, шерін тарқатқысы келді. Көшеде тоқтаған адамның бәрі өздігінен әңгіме бастап, сөйлей беретін.

Үрейім тез басылды. Екі-үш аптадан кейін өмірім бұрынғы қалыпқа түсті. Әуелде алматылықтар бәрі жақсы деген кейіп танытты. Көктем келген соң Алматы қайтадан бұрынғы күйіне оралды.

Украинада соғыс басталды. Бұл соғыстың Тоқаевқа пайдасы тиді, өйткені халықтың назары сол тақырыпқа ауып кетті. Путинге қосылып кетпей, Украинаға қарсы шықпағаны үшін танымал бола бастады.

Республика алаңында "Қарапайым халықпыз. Біз – террорист емеспіз!" деген жазу ұстап тұрған адамдар. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл. Фото авторы - Айдана Жанәділова.
Республика алаңында "Қарапайым халықпыз. Біз – террорист емеспіз!" деген жазу ұстап тұрған адамдар. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл. Фото авторы - Айдана Жанәділова.

Азаттық: Он жылдан кейін Қазақстан журналистикасы қалай өзгереді деп ойлайсыз?

Эдда Шлагер: Әрине, еркіндік артып, журналистер маңызды тақырыпты жиі көтеріп, биыл қаңтарда не болғанын анықтаса деймін. Өйткені не болғанын ешкім білмейді. Үкімет білетін сияқты, бірақ олар білетінін жарияламай отыр.

Қазір Қазақстанда ірі ақпарат құралдарына қатысы жоқ, әлеуметтік желідегі журналистика дамып жатыр. Мысалы, Лұқпан Ахмедияров, Вадим Борейко, ProTenge жобасы бар. Соның бәріне қызыға қараймын, үкімет бұл жобаларды жауып тастамайтын шығар деп үміттенемін. Әлеуметтік желідегі журналистика мемлекеттік ақпарат құралдарына балама бола алады. Оған сұраныс та жоғары. Он жылдан кейін де осылай қалады деп сенемін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG