Accessibility links

"Халық саны аз деу – сылтау". Ресейге көшкен тілшінің қазақ баспасөзі туралы пайымы


Журналист Вячеслав Половинко. Орал, 26 наурыз 2021 жыл.
Журналист Вячеслав Половинко. Орал, 26 наурыз 2021 жыл.

Ресейлік "Новая газетаның" тілшісі Вячеслав Половинко Азаттықтың "Диалогтар" жобасына қатысып, қазақстандық журналистиканың не себепті жаңалықтармен шектеліп қалғанын, саяси жүйесі ұқсас Ресейдің басылымдарында кездесетін сараптама мен мысқылға құрылған материалдар бізде неге жоғын айтып берді.

"Диалогтар" — Азаттықтың заманауи журналистика туралы жобасы. Бұл – журналистердің мамандықтың қыр-сыры, ақпарат құралының билікпен және қоғаммен қарым-қатынасы, жұмыстағы қиындықтар мен елдегі әлеуметтік-саяси оқиғалар туралы сұхбаттар сериясы.

Вячеслав Половинко Ресейге көшпей тұрып Ақтөбе, Орал және Алматы қалаларындағы әртүрлі басылымдарда жұмыс істеген. 2016 жылы Азаттықтың веб-редакторы да болған.

Азаттық: Ресейге неге кеттіңіз?

Вячеслав Половинко: Қазақстанда ары қарай ұмтылатын ештеңе қалмағанын түсіндім. Қазақстандық журналистикада түраралық бәсеке жоқ десе де болады. Бұл жақта журналистер әріптестерінен мықты болуға ұмтылмайды. Бәрі шамамен бір деңгейде жұмыс істеуге тырысады. Ал көптің ішінен ерекше көзге түсетін журналистер – не өзімен, не шетелдік авторлармен жарысып жүргендер ғана.

Азаттық: Ренжитін сөз екен. "Түраралық бәсеке жоқ" дегеніңізге қатысты айтып отырмын. Сонда қазақстандық журналистика батпаққа ұқсайды дегіңіз келе ме?

Вячеслав Половинко: Ешқандай өзгеріс не оқиға болмаса, батпақ деп атауға болар еді. Ал мұнда біркелкі даму байқалады. Өз шеңберінде белсенді дамып келе жатқан қазақстандық журналистикада шешімін таппаған үш мәселе бар. Біріншіден, Қазақстан Ресей журналистикасынан көп нәрсе алады, бірақ жаңа дүниені толықтай енгізбейді. "Медуза" шыққан кезде кей ақпарат құралы оның стилі мен жанрын қайталауға тырысты.

Журналист Вячеслав Половинко. Орал, 26 наурыз 2021 жыл.
Журналист Вячеслав Половинко. Орал, 26 наурыз 2021 жыл.

Азаттық: Иә, белгілі бір тақырыпты түсіндіруге арналған карталар жасап, қиын дүниелерді жеңіл тілмен жеткізіп көрді.

Вячеслав Половинко: Бірақ "Медуза" карталар дайындаумен емес, ешкімді сынауға болмайтын авторитет ретінде көрмейтінімен ерекшеленеді. Сондықтан интернет-басылымның "Шапито" айдарына (жануарлардың, актерлердің, саясаткерлердің өмірінен алынған жеңіл әрі қызықты жаңалықтар — Ред.) Путин туралы ақпарат шығуы мүмкін. Қазақстанда "елбасы" немесе президент Тоқаев туралы көңілді жаңалық жариялануы мүмкін дегенді елестете аласыз ба? Президент Тоқаевтың қызыл күртеше кигені туралы жаңалық көруге болады, бірақ ешкім оны ары қарай өрбітіп, материал дайындамайды. Тек фотошопта жасалған суреттер мен мемдер ғана жүреді.

Екінші мәселе: қазақстандық журналистикада мысқыл жоқ. Бәрі өте салмақты жасалады. "Новая газета" басылымында (сол жерде жұмыс істегендіктен мысалға келтіріп отырмын) өте салмақты мәселелерден басқа тақырыптардың бәрін күлкіге айналдыруға тырысамыз. Мәтінге осындай жанды дүниелер қоспаса, оны ешкім оқымайды. Материалда мәтінді ашатын бірнәрсе болуы керек. Қазақстандық журналистикадағы жақсы жазылған кей материалды есептемегенде, қалған мәтіндерден журналистің көңіл-күйі сезілмейді. Журналист – кейіпкерлер мен мемлекеттік органдардың көзқарасын жеткізуші ғана. Ол материалға қатыспайды. Өйткені мәтіннен журналистің көзқарасы не көңіл-күйі сезілсе, нашар материал шығады деген түсінік қалыптасқан.

Үшінші мәселе: қазақстандық журналистика өз шеңберінде ғана өмір сүреді. Бұл өңірлердің мысалынан анық көрінеді: Алматы тұрғындарын Алматыда болған оқиғалар ғана қызықтырады.

Азаттық: Бұл жаңалықтар саласында "60 миль ережесі" деп аталады. Оқырмандарды өзінен 60 миль қашықтыққа дейінгі жерде болған оқиғалар ғана қызықтырады.

Вячеслав Половинко: Иә, бірақ бұл кез келген журналистиканы белгілі бір аумақпен шектелген өңірлік журналистикаға айналдырады. Әрине, бәрін Мәскеумен немесе Нью-Йоркпен салыстырудың қажеті жоқ.

Азаттық: Ол жақта да белгіленген аумақтан әрі аспайтын ақпарат құралдары көп қой.

Вячеслав Половинко: Мәскеуде федералдық ақпарат құралдары көп. Сондықтан Мәскеу өңірлерден келетін жаңалықтарды жақсы біледі. Сапасы мен суреттеу географиясына деген көзқарасы жағынан қазақстандық журналистиканың үздік үлгілерін Петербургтің ақпарат құралдарымен салыстырар едім. Санкт-Петербург тек Санкт-Петербург туралы жазады. Алматы көбіне Алматының, Астана (Нұр-Сұлтан – Ред.) тек Астананың тақырыптарын көтереді. Өңірлерде ақылға сыймайтын сұмдық жағдай болған кезде ғана назарға ілігеді. Ондай оқиға болмаса, алматылық журналистер өңірлік тақырыптарды алғысы келмейді.

Азаттық: Бұл оқиғаны оқырманға қызық етіп жеткізу де маңызды.

Вячеслав Половинко: Біріншіден, қызық етіп жеткізуі, екіншіден, журналистің өзі де қызығуы керек. Мысалы, журналисті Қарағандыда не қызықтыруы мүмкін? Біреуді өлтіріп, денесін бөлшектеп кетті деген ақпарат түссе, "тамаша, барып, материал жазып келейік" дейді. Ал Қарағандының мемлекеттік құрылымдарындағы жемқорлықты зерттеу болса, оған ешкім бармайды. Өйткені бұл тақырып көп жұмыс істеуді талап етеді, мақаланың әсері қандай болары белгісіз. Одан бөлек, мемлекеттік органдардан дерек алу үшін қаншама хат жіберу керек. Кейін шенеуніктер хабарласады, редактор "мақаланы алып тастайық" дейді. Осыдан журналист "Одан да Алматыда қалып, екі автобустың соғысқаны туралы ақпарат жазып отыра берейін" деген ойға келеді.

Журналист Вячеслав Половинко. Орал, 26 наурыз 2021 жыл.
Журналист Вячеслав Половинко. Орал, 26 наурыз 2021 жыл.

Азаттық: Шенеуніктермен жұмыс істеу қиын. Өңірлерге жұмыспен барсам, шенеуніктердің ешқайсысы пікір бермейтінін жақсы білемін. Ал мен жемқорлық тақырыбында зерттеу жүргізбеймін, жай ғана репортаждар жазамын.

Вячеслав Половинко: Бір жағынан, шенеуніктерді солай үйретіп қойған, екінші жағынан, бұған билік өкілдері қабылдаған шараларға ешқашан үзілді-кесілді қарсы шықпаған журналистер де жауапты. Қазақстандық журналистиканың қазіргі жағдайы – осы. Бұл сала келісімге келуге, жағдайға көндігуге бейім болып барады.

Қазақстандық журналистиканың алдында тағы бір үлкен мәселе тұр: журналистердің ақшасы аз. Қанша жерден өмірге құлшынысы мол, әлемді өзгерткісі келетін адам болса да, жалақыны күтіп, несие төлеуге ақша таба алмаса, әлемді өзгерту туралы ойын шетке ысырып қояды.

Азаттық: Бір хикая есіме түсіп отыр. XX ғасырдың басында сыншы, публицист әрі көпбалалы әке Василий Розанов өзін құрметтейтін журналистер бармайтын басылымдарға мақала жазып, бұл ісін ақтау үшін "Балаларға сүтке ақша керек" деп айтады екен. Яғни, "ақша төлесе болды" деп, кез келген басылымға мақала жазуға дайын болған.

Вячеслав Половинко: Міне, балалардың сүтіне ақша табу керек, ал қазақстандық журналистикада барлық кезде бірдей ондай мүмкіндік бола бермейді. Журналист биліктің қолындағы мемлекеттік тапсырыстан табыс тауып отырған ірі ақпарат құралдарында істемесе, қаржылық жағдайын түзете алмайды. Журналистердің қолына еңбегіне лайықты ақша да тие бермейді. Бұл жағдайды қалай өзгертуге болатыны түсініксіз. Қазақстанда жарнама нарығы шағын, оқырмандардан ақша жинау жүйесі де жақсы дамымаған.

Азаттық: Бізде "Vласть" интернет-басылымы осы жүйе негізінде жұмыс істеуге тырысып келеді.

Вячеслав Половинко: Олардың жұмысына тамсануға болады. Мадаққа лайық.

Азаттық: Қазақстанда халық аз, біз небәрі 18 миллион ғанамыз. Осыдан журналистер де, ықтимал оқырмандар да, жарнама нарығындағы ақша да аз.

Вячеслав Половинко: Бізде халық саны аз деу – жағдайға көндігудің бір түрі. Аз екенбіз деп нашар жұмыс істей береміз бе?

Азаттық: Қазақстандық журналистика туралы жалпылама айта алмаймын, бірақ көбіне жақсы ақпарат құралдары дамуға мүмкіндік таппай, тиынға-тиын қосып, жұмысын әзер жалғастырады. Мұны биліктен тәуелсіз болуға тырысып жүрген өңірлік және республикалық ақпарат құралдарының мысалынан көруге болады.

Вячеслав Половинко: Жұмысын әзер жалғастыру, құлшыныстың болмауы… Осы себептен қазақстандық журналистикаға жарқын бояулар жетіспейді. Сізге бір тапсырма болсын, қазақстандық журналистердің кейінгі үш-төрт жылда шыққан, есіңізде қалған бір материалын атай аласыз ба?

Азаттық: Материал да, автор да есіме түспей отыр.

Вячеслав Половинко: Міне. Қазақстанда журналистік материалдар өз алдына құндылық саналмайды. Материал журналистің еңбек шарты бойынша міндеттемесін орындағанын ғана білдіреді. Өкінішке қарай, тым болмаса, бір айдан кейін есте қалатын материалдар жоқ. Қазақстандық журналистикадан оқуға тұрарлық дүние іздесең, табылмайды. Өйткені тақырыптан бастап екінші абзацқа дейінгі мәтінде (әдетте мәтін осы жерден ары қарай оқылмайды) қызық кейіпкер, креативті баяндау немесе жақсы сипаттама болмайды. Содан кейін "Журналистің өзі жанын салып, күшін сарп етпеген материалды несіне оқимын?" деп ойлайсың.

Қазақстандық журналистика мен онда болып жатқан оқиғаларға қатысты бейтарап сипаттама табуға қанша тырыссам да, бәрібір көңілге тиетін пікір шығады. Көбіне қазақстандық репортаждар атүсті жасалады. Оларда көлем мен болып жатқан оқиғаның атмосферасы жоқ. Өзіңді не автормен, не кейіпкермен байланыстыра алмайсың. Өйткені кейіпкер туралы үш қатар жазып, ары қарай оның сөзін береді. Иә, мұны ешкім үйретпейді. Бірақ Костюченко мен Азардың (Ресейлік журналистер Елена Костюченко мен Илья Азар, "Новая газета" басылымының тілшілері – Ред.) мәтіндерін оқып үйренуге болады. Белгілі бір идеологиялық себептер бойынша ресейлік журналистика ұнамайтын болса, шетелдік ақпарат құралдарын қарауға болады. New York Times немесе Washington Post құрғақ фактілермен ғана жазады деген сөз шындыққа жанаспайды. Қазақстандық журналистер шетелдік ақпарат құралдарын оқымайды. Кейде ақпарат құралына ақылы түрде жазылу керек деген себепті алға тартады. Қазақстандық журналистикада салалық материалдар жоғын айтудың қажеті жоқ шығар? Азды-көпті экономикалық, спорттық журналистика бар. Бар болғаны – осы. Қазақстанда саяси журналистика мүлде жоқ. Оны бірінші кезекте жойып жіберген. Бірнеше рецензентті есептемегенде, мәдени журналистикадан да ештеңе қалмаған.

Азаттық: Сонда не бар?

Вячеслав Половинко: Қазақстандық журналистиканың 99 пайызы жаңалықтан тұрады. Жақсы хикая оқу үшін, басқа елдің ақпарат құралдарын қарауға тура келеді. Бар мәселе – осында. Өйткені журналистердің өзі мұндай хикаялармен жұмыс істегісі, ресурс жұмсағысы келмейді. Олар уақыты мен тапқан ақшасын хикая дайындауға жұмсағанша, оның орнына бірнеше жеңіл хабар дайындай салуды жөн көреді.

Журналист Вячеслав Половинко. Орал, 26 наурыз 2021 жыл.
Журналист Вячеслав Половинко. Орал, 26 наурыз 2021 жыл.

Азаттық: Оқырмандар мен журналистердің көбі қазақстандық журналистика туралы пікіріңізді тәкаппарлық деп қабылдап, "Слава Қазақстаннан кетіп, қазақстандық басылымдарға Кремльдің биігінен қарап, өзінің қайдан шыққанын ұмытып кетті" деп ойлауы мүмкін.

Вячеслав Половинко: Қайдан шыққанымды ұмытпаймын. "Новая газетада" Қазақстандағы жағдайға жиі назар аударып, қазақстандық ақпарат құралдарын көбірек оқи бастағанымызды жетістігім деп білемін. Бірақ бұрын көңілімнен шықпаған, қазір де ұнамайтын дүниелерді патриоттық сезіммен еске алуым керек пе? Қазақстандық журналистика жаман емес, ол тек шетелдік журналистикадан бөлек деп ойлаймын. Қазақстан журналистикасының алдында әлемді өзгерту міндеті емес, күнкөру міндеті тұр. Қазір журналистердің қарсылық деңгейі төмендеген. 2000-жылдары журналистер мемлекеттің қысымына қарсы шығуда белсенді болатын. Қазіргі наразылық Facebook-тегі жазбадан әрі аспайды. Әрине, ешкімді митингіге шығуға шақырып жатқаным жоқ. Бірақ нақты позиция, мемлекетпен қарым-қатынаста айтқанынан қайтпайтын қайсарлық керек.

Ресей журналистикасында өз ішінде болып жатқан сұмдықтарға (пропаганданы меңзеп отырмын) қарамастан, белгілі бір қауымдастықтың мүшесі екеніңді сезінуге болады. Ал мұнда әркім өзі үшін ғана жауап береді.

Азаттық: Ресей журналистикасы қазақстандық журналистерді қабылдай ма? Тәкаппарлық пен теріс көзқарасқа тап болатын кездеріңіз бола ма?

Вячеслав Половинко: Мәскеуге барғанымда (ал мен елден жаңа мотивация мен бәсеке іздеп кеттім) жалпы журналистиканы былай қойғанда, "Новая газета" басылымының өзінде үздік 50 журналистің қатарына кірмейтінімді түсіндім. Бұл жаңа ортаға сіңісіп, ресейлік журналистер сенім артып, қатарға қабылдайтын маман болуға ынталандырды. Төрт жылда сондай адамға айналдым ба? Олай емес сияқты. Басқалардан қашықтау жүрсең, жұмыс жеңіл жүретінін байқадым. Кім екеніңді іспен дәлелдеп, кәсібіңе адал болып, алға жылжу үшін айналадағылардың бәрін жолда қалдыруға дайын екеніңді көрсетсең, ресейлік журналистер құшақ жая қабылдайды. Қазақстандықтардың бір артықшылығы бар: олар ресейліктерге қарағанда еңбекқор келеді және жұмысты жақсы істейді.

Азаттық: Бұл қорытындыға қалай келдіңіз?

Вячеслав Половинко: Бұл қорытынды өзім байқаған дүниелерге негізделген. Ресейлік журналист туған елінде жүрген соң, өзін жайлы сезінеді, өйткені бұл – оның үйі. Ал Ресейге барған қазақстандық журналист басқалардан екі есе көп жұмыс істеп, қолынан не келетінін көрсетуі керек. Осыдан қазақстандықтар немесе ресейліктер айтатын "қазақтар" шаруаға икемді деген әңгімелер шығады. Ал олар бар болғаны аянбай еңбек етеді.

Азаттық: Қазақстандық журналистика он жылдан кейін қалай өзгереді деп ойлайсыз?

Вячеслав Половинко: Әуелі он жылдан кейін қазақстандық журналистиканың қандай болғанын қалайтынымды айтайын. Қызық болса деймін. Ақпарат құралдары жұмысқа келген журналиске қызық тақырыптар мен жанрлар ұсынғанын, он жылдан кейін шетелдік журналист қазақстандық фичер-сториді ашып, "мынау тамаша ғой, осыған қарап материал дайындаймын" дегенін қалаймын.

Бірақ он жылдан кейін ештеңе өзгермейтін сияқты. Өйткені тарихи тұрғыдан алғанда, бұл ұзақ мерзім емес. Әрине, кейде он жылда бәрі өзгеріп шыға келеді, бірақ Қазақстанға қатысты ондай болжам жасай алмаймын. 2012 жылы болған дүние 2022 жылы, 2021 жылы болған жағдай 2031 жылы да болатын сияқты. Осы уақыт ішінде қазақстандық журналистика қызық бола түссе, қуанар едім.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG